Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жары жазушы Немат Келімбетовтің 10 жыл сал болып жатып қалай аяққа тұрғанын айтты

Ғалым, жазушы Немат Келімбетовтің зайыбы Қуаныш Келімбетова естелігінің бірінде 10 жылдай төсекке таңылып, кейін қалай аяққа тұрғанын айтқан.

image005

– Иә, он жыл бойы төсектен тұрмаған адамның аяғына жан бітіп, біртіндеп қимылдай бастады ғой… оны енді ауызбен айтып жеткізе алмаспын. Ағаңды жаз шыға дөңгелекті креслоға отырғызып балконға, Күннің көзіне шығаратынбыз. Шіркін, кеудесінде жаны бар тірі адамның бойына қуат құятын Күн нұры деген не деген ғажап, не деген құдірет еді?! Біз креслоны төсегіне тақап әкеп, балконға шығаруға дайындала бастағаннан-ақ, Күннің көзіне шығуды ғасырлар бойы күтіп, сартап боп жатқан жандай, ағаңның екі көзі шоқтай жайнап кететін. Немесе анасының бесіктен шешіп алар сәтін сезген сәбидей талпынып, жүзі шырайланып күлімсірей қарайтын.

Оның осы бір гүл жайнаған сәтін көру мен үшін теңдесі жоқ бақыт еді. Мұхит пен Қайратқа осы кез бір ұлы мерекенің басталар сәтіндей көрінетін. Осы сәтті – Күннің жадырап шығуын, ағаңның Күннің көзіне шығар ал-ындағы көңіл толқынысын бәріміз асыға күтетінбіз. Мен оның екі қолтығынан алып кеудесін көтерем, Мұхит жансыз қалған екі аяғынан демейді. Осылайша аса қастерлі асыл дүниемізді қапылыста қиратып алмайық дегендей сақтана көтеріп, еппен креслоға отырғызамыз. Сондай бір күні әкесінің аяғын көтеріп жатқан Мұхиттың жан дауысы шығып: «папа, аяғыңды тартпасаңшы» деп қалды.

Ұлымның аузынан шыққан осы бір сөзді өз құлағыммен ап-анық естісем де, не деп тұрғанын қапелімде ұға алмай, алақанымда жәутеңдеп жатқан ағаңа бір, әкесінің аяғына әлі келмей жатқан ұлыма бір, жалтақ-жалтақ қарай беріппін. Мұхит та өзінің не дегенін енді ұқты ма, маған жалт қарап: «Мама, – деп шыңғырып жіберді, – мама, папамның аяғы қозғалып жатыр!» Мен оқыстан бола қалған бақыттан басым айналып, жан дүнием астан-кестен боп, ағаңның кеудесін құшақтаған күйі есеңгіреп қалыппын. Ағаңның не күйде болғанын білмеймін, мен өзім мұндай бақытты сөзді бойыма сіңіріп үлгере алар емеспін.

– Мама, мама, мынаны қара, папам аяғын тартып алып жатыр. – Қуаныш! Ұлым мен күйеуімнің қоса қабат шыққан жан дауысынан есімді әрең жиып, қолымдағы Нематты жан дәрмен күйімде креслосына отырғыза салыппын. Асып-сасып жүгіріп барып ағаңның аяғына жармасып жатырмын. Ойла-маған жерден бұдан пәлен жыл бұрын жоғалтып алған қастерлі мүлкін кенет тауып алған, соған өзі сенбей, осы өзі шынымен сол ма, сол емес пе деп бірде күдіктеніп, ал енді бірде соның нақ өзі екеніне көзі жетіп қуанған жандай арсалаңдап, ағаңның креслодан салбырап тұрған аяғын қайта-қайта ұстап қарай беріппін. Тіпті, сол қастерлі затымды тауып алып, асып-тасқан қуанышқа кенеле қалғаныма күйеуім мен екі ұлым қалай қарайды екен, олар да қуанып тұр ма екен деген, дәл сол сәтте, ой болған жоқ менде. Әйтеуір, есім шығып қайта-қайта ұстап көріп жатырмын.

Бұрын сұп-суық сияқты еді-ау, ал қазір ше? Қазір жылу ене бастағандай ма, қалай? Невропатолог дәрігердің үйге қалдырып кеткен инесін шаншып көрейінші. Ине шаншып көрсем, кәдімгідей тітіркеніп, башпайын тартып қалады. Содан біз деген… мен бар, ағаң бар, ұлдарым бар, үйді басымызға көтеріп, бар дауысымызбен айқайлап… қуанып… бұл кезде әжептәуір жігіт боп қал-ған Мұхитым мен Қайратым құс боп ұшып, секіріп мәз-мейрам болдық та қалдық. Ағаң біздің шаттана билеп, секіріп жүргенімізге бір, он жыл бойы жансыз жатқан аяғының қозғалысына бір қарап, жүзі нұрланып, екі көзі жайнап креслода отыр. Енді оны балконға – Күннің көзіне шығаруды ұмытып, дәрігерге хабарлауға ауруханаға телефон соғып жатырмын. – Аяғы… қозғалды! – Қой! Мүмкін емес. Қайтадан қарашы? – Қарадым. Жаны бар. Келіңізші, көріңізші! Көп күттірмей асай-мүсейін арқалаған дәрігер есіктен ентелей кірді. Дереу инесін алып шаншып көрсе, башпайын тартып алып жатыр. – Ой, теперь все, дело поправку пойдет. Теперь будет ходить, – деп, дәрігердің өзі көңілденіп сала берді.

Бұрын былқ-сылқ етіп болбырап жататын аяғына жан енгенін ағаңның өзі де сезбей қалыпты ғой. Енді көзіміз көріп, көңіліміз сенген соң, бұрынғыдай дабырлай бермей, айналдырғанымыз аяқ болды. Емханадан күнде бір дәрігер келіп, массаж жасап кетеді. Ол да аз боп қала ма деп мен де аяқтарын уқалаймын. Мұхит пен Қайрат болса да екі аяғын екі жақтап құшақтап, сипалай беруден шаршамайды. Қарағым-ай, ағаңның, ағаңның ғана емес-ау, түгел үй ішіміз боп бастан кешкен қуанышты халді мына мен осы арада отырып айтып тауыса алам ба? Құдай шебер ғой, жұлынның аяққа әмір беріп тұрған көзге ілінер-ілін-бес бір талшығын асқан шеберлікпен, аса дәлдікпен, қателеспей бір-ақ сәтте жалғап жіберді емес пе? Біз енді ағаңның қара жерге табан тіреп, аяқты алшаң-алшаң басып жүріп кетуін армандай бастадық!

Пенде шіркін деген осы ғой, Тәңірі адамның жүрегіне үзілмес үміт пен түгесілмес арман дарытып қойған. Адамзат баласының бейнеті қалың мына тіршілікте қалт-құлт етіп, әлі күнге дейін тыраң етіп құлап қалмай, пешенесіне жазылған жол үстінде жүріп келе жатқаны соның арқасы. Арманға жетіп те болмайсың, арманың тауысылып та қалмайды. Арманы тауысылған күні адамның өлгені. «Арманы жоқ» деп қайтпас сапарға аттанып кеткен адамға ғана айтылуы керек. Сонымен біздің көкірегімізде тағы бір арман көктемде оянған қара шыбындай көзін ашты. Апыр-ай десейші, ағаң жанына батқан дертті көтере алмай тісін қайрап, қара терге малшынып жатқан жылдары мен мүлде басқа нәрсені арман қылушы едім ғой!

«Құдайым-ай, Нематты тірі қалдыра гөр! Мейлі, жүрмесе жүрмесін, өзім-ақ ерінбей-жалықпай екі аяғының орнына аяқ болайын. Оған да көнейін. Тек кеудесіндегі шыбын жанын қалдыра гөр! Екі ұлым папалап, әкесін іздеп келгенде «әу, қарағым» деп үйдің төрінде тірі жатса, балалар соған қуанса, «жетім» деген жексұрын сөзді естімей өссе, «жетім» деген жексұрын сөзді естіп сағы сынбаса, ендігі қалған өмірімде маған сол да жетеді» деп іштей сан қайтара тілеп отырушы едім. Шүкір, Тәңірі сол тілеуімді беріп келе жатыр ғой.

Сұхбаттасқан  Нұрлыбек Саматұлы, «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан кітаптар топтамасынан

Тағы да оқыңыз:

Жазушы телевизиядағы сауатсыз қазақ журналистерді сынай отырып басшыларға назын айтты

Қазақтың белгілі жазушысы Ілияс Есенберлин жарын қалай таңдаған?

Ілияс Жансүгіровтың үлкен ұлы қалай өмір сүруде

 

 

Талқылау