Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақтарға Жаңа жылды неліктен тойлауға болмайды?

Жаңа жылды асыға күтіп, сағат тілдері он екіден асқан соң жаңа өмірді бастауға ұмтылатын адамдар бар. Алайда, адамзаттың барлығы 100 пайыз бірдей емес екені белгілі. Біреулер үшін жаңа жылдың келуі ешқандай да мейрам емес. Тек жаңа айдың, жаңа күннің басталуы саналады. Дінді негізге алып, Жаңа жылды тойламайтындар да жоқ емес.

Қазақтарға Жаңа жылды неліктен тойлауға болмайды?

Ислам діні бойынша жаңа жылды тойлауға болады ма? Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Мұхиддин Иса есімді имаммен байланысып, осы сұрақтың жауабын тауып көрді.

“Исламда мынадай қағида бар. Егер елдің мәдениеті, салт-дәстүрі исламға қайшы келмесе, дініміз оны ұстануға рұқсат береді. Біздің бұрынғы ата-бабамыз, жалпы түркі жұрты исламға дейін көктегі бір Тәңірге сенетін. Ислам келгенде ата-бабаларымыз оны бірден қабылдады. Қазақтың, түркілердің дәстүрінің 90 пайызы, мүмкін одан да көбі, дінімізге сәйкес келген соң, жойылып кеткен жоқ.

Ал христиандардың дәстүрі бөлектеу. Жаңа жыл деп отырғанымыз христиандардың Иса пайғамбарды Құдайымыз деп алып тойлайтын діни мейрамы ғой. Жаңа жыл басқа діннің діни мейрамы араласқан мейрам болғандықтан, ислам оны тойлауға рұқсат етпейді.

Жыл соңында жылдық есеп беру үшін сол күнді жай ғана атап өтуге болады. Ал бірақ тойлауға өз басым қарсымын. Сол күні небір күнәлар жасалады. Арақ ішіледі. Ішіп алған кісі адам өлтіреді. Тұнып тұрған ысыраптың көкесі сол түні болады. Сондықтан оны не үшін тойлайсыз. Жаңа жыл үшін дейтін болсақ, өзіміздің “Наурыз” бар ғой. “Наурызды” да, жаңа жылды да тойлаймыз деген болмайды. Әр ұлт өз жаңа жылын бір-ақ рет тойлайды.

Жаңа жылдың түбін ашып қарайтын болсақ, онда тек қана христианның мәдениеті емес, тікелей кешегі Кеңес Үкіметінің мәдениеті жатыр. Дін жағынан бөлек, бізге бұл мейрамды кезінде бодан болып шыққан ұлт ретінде де тойлауға болмайды”— дейді ол.

Мухиддин Исаның сөзінше, қазақ ұлты жаңа жылға мән бергенше, “Наурыз” мейрамына үлкен мән бергені дұрыс. Себебі, шуақты көктемде келетін, ұлттық мәдениетіміздегі мейрам қазақтан басқа адамдарға қажет емес. Сонымен қатар, өзгелер қазақтың жаңа жылын тойламағанда, қазақ басқа ұлттың діні мен мәдениетіндегі жаңа жылға көңіл аудармауы қажет.


Тағы оқыңыз: Жаңа жыл туралы қызықты деректер 

Талқылау