Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа ипотека бағдарламасының шарттарын кім дайындайды – Құрылыс министрі түсіндірді (видео)

Бүгін мәжілістегі брифингте өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тілшілердің сұрақтарына жауап беріп, жаңа тұрғын үй бағдарламалары қалай жасалып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, жаңа ипотека бағдарламаларының шарттарын “Отбасы банк” өзі жариялаған. 

“Мемлекет осы бағдарламаны қолдау үшін 300 миллиард теңге бөлді, әлеуметтік осал топтар жалға алатын пәтерді тағы береміз. Қазір жалға алынатын пәтер жобасына 270 миллиард теңге бөлінді”, – деп атап өтті министр. 

Журналистер “Сонда шарттарын банк ғана жасай ма, сіздер араласпайсыздар ма” деп сұрады. 

“Банк министрлікпен келіседі. Қазір министрлік шарттарын қарап жатыр. Оны банк пен министрлік өкілдері бірлесіп жариялайды”, – деп түсіндірді Қанат Шарлапаев. 

Бұған дейін Ұлттық экономика министрі 1 мамырдан бастап іске қосылатын жаңа ипотекалық бағдарлама туралы хабарлаған еді. Нұрлан Байбазаров 1 мамырдан бастап іске қосылатын ипотекалық бағдарламаға 300 миллиард теңге бөлінгенін айтты. 

Министрдің сөзінше, 1 наурыздан бастап елімізде "Отбасы" банкінің "Отау" ипотекалық бағдарламасы жұмыс істейді. Оған сұраныс көп болып, 18 мың өтінім беріліп, оның 11 мыңының сәйкестігі тексеріліп, нақты мақұлданған. Бұл ретте бағдарламаға бөлінген 150 миллиард теңге 7-8 мың пәтерге жетеді, яғни сұраныс қуаттылықтан асып кетті, сондықтан жаңа ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыруды жалғастыру қажет, деді ол.

Талқылау