Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жағы, мұрны сынған, миы шайқалған": Агрессивті қарағандылық ашуын бейтаныс адамнан алып, оны ұрып тастаған

Қарағандыда бейтаныс адамның агрессиясының құрбаны болған азаматтың туыстары әділдікке жетуге тырысуда. Шабуыл бір жыл бұрын адамдар көп жиналатын жерде болған, оқиғаның видеосы да бар. Жәбірленушінің жағы, мұрны сынған, миы шайқалған және тістері түскен. Ал айыпталушы бір жылға шартты жазамен құтылып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

“Жәбірленуші арандатушылық әрекет жасады. Сотталушы қаражат алып жатқан кезде жәбірленуші жақын маңда болған және өзі сотталушыны қақтығысқа итермелеген. Бұған дейін сотталушы қоғамдық тәртіпті бұзбаған”, – деді Қазыбек би аудандық сотының судьясы Шынар Ргебек.

Алайда қауіпсіздік камерасына түсірілген видеода 28 жастағы жігіттің теңселіп, ұзақ уақыт бір банкоматтан екіншісіне жүргенін көруге болады. Осы сәтте оның жанына басқа ер адам келіп, әңгіме мен қақтығыс басталады. Ашулы жігіт ер адамның басынан ұрады. Ал жәбірленуші оған жауап қайтармай, бұрылып кетпек болады. Осы сәтте агрессор екінші соққыны жасайды және ер адам баспалдаққа құлайды.

Бейнежазба болғанына қарамастан, "Бұзақылық" бабы бойынша тергеу бір жылдан астам уақытқа созылды. Бірақ сотта іс "орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру" бабына ауыстырылады. Сот бір жылға шартты бас бостандығынан айыру және миллион теңге моральдық зиянды өтеу туралы шешім шығарды. Бірақ жәбірленушінің туыстары бұл үкіммен келіспейді.

“Беті сал болып қалды, жүйкелері зақымдалған. Миы шайқалған, соның салдарынан басында кисталар өсе бастады. Жалпы жағдайы өте аянышты. Мас, есі дұрыс емес адам сізді басыңыздан ұрып жібереді. Ал сен ештеңе жасай алмайсың”, – деді жәбірленушінің анасы Олга Осинцева.

Талқылау