Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Зейін Әліпбек: Теледиктор болу үш ұйықтасам түсіме кірмеген

Түркістан облысы Отырар ауданынының тумасы Зейін Әліпбек телевизияға қалай келгенін, өмірлік жарын қалай жолықтырғанын айтып берді.

Зейін Әліпбек: Теледиктор болу үш ұйықтасам түсіме кірмеген

Зейін Әліпбек мектепті бір ғана төрттік бағамен күміс белгіге бітірген. Кейін ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне түскен, деп жазады Ана тілі газеті.

“Сол кезде бір тәртіп бар еді, алғашқы емтиханнан «5» деген баға алса, қалған үш емтиханды тапсырмайды. Сонымен, бірінші емтихан шығарма болды, одан «5» алып, оқуға түсіп кеттім. Осылайша журналистика факультетінің студенті болып шыға келдім. Кураторымыз Жұмабай ­Бекниязов деген ағайымыз болды. Ол кісі білім-біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен ерек­шеленетін. Кураторымызбен, курстастарымызбен бірігіп алма терген шақ­тар бізді жақындата түсті. Жұмыс та істейміз, көңіл де көтереміз. Жастық шақ­тың қасиеті осында ғой. Күндіз алма теріп, кешкісін ойын-сауық құрамыз. Мен, Ерлан ­Айтуар және Ғани Қалмаханов үшеуіміз үш дауыс­та ән салып, топ ішінде «трио» атанып жүрдік. Әмірхан ақындарша қолын әрлі-берлі сілтеп өлең оқиды.

Біздің топ момын топ болды. У-шумен шаруасы жоқ, бірлігі жарасқан топ болды. Курстастарымыздың ішінде Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Сағындық Рзахмет, Қазыбек Құттымұратұлы, Күнсая Ерғазиевалардың өлеңдері республикалық газет-журналдарда жарияланып, қатарластарының ғана емес, ел-жұрттың ақынына айнала бастады. Айгүл Аханбайқызы, Ұлбосын Исабекова, Айжан Жұмабаева, Ғайни Мансұрбаева деген курстастарымыз да студенттік жылдарымыздың жарқын есте­ліктерінің себепкері бола білді”, – дейді ол.

Тележүргізуші өзінің айтуынша, сыныптасының құрбысымен танысып, кейін оны өмірлік жары еткен. Студент шағында оқи жүріп отбасын құрған, сабақпен жұмысты қатар алып жүрген.

“Курстастардың біразы университет қабырғасында оқып жүрген кездің өзінде газет-журнал, радио-телевидениеге жұмысқа араласып, қаламдары ұштала бастады. Қыз-жігіттердің алды үйленіп, тұрмысқа шығып, отбасын құрды. Оқып жүріп үйлен­ген­дердің бірі өзім едім. ­Аяулы жарым Ләззатты студент кезімде жолықтырдым. Ләззат – дәрігер. Бір сыныпта оқыған бірнеше қыз медициналық университетке түскен болатын. Бір күні достарым, курстастарымды ертіп сыныптас қыздардың хал-жағдайын білуге бардық. Сол сыныптастарымызбен оқитын аққұба реңді, жылы жүзді аруды байқамай қалу мүмкін емес еді. Кездесіп, сырласып жүріп, «үйленбесек болмайды» деп шешім қабылдадық. Содан кейін студент екенімізге қарамастан бас құрадық. Отбасын құрған соң, шаңырақтың керегесін кең ұстау үшін, отбасымды асырау үшін жұмыс істеуге көштім.

Төртінші курста Шалқар радиосында жұмыс істедім. Айлық та аз. Тіршілік етейік деп саудаға шыққам. Базарға шығам деп сабағымды қалдырып қойдым, содан мені оқудан шығару туралы шешім қабылданды. Бірақ кейін оқуымды жалғастырып, диплом алу керек болды. Үлкендердің көмегімен, факультеттегі ұстаздарым «келсін, оқуын жалғастырсын» деді. Сомен 1990 жылы күндізгі бөлімнің студенті болып бастап, 1996 жылы сырттай оқып бітірдім”, – дейді Зейін Әліпбек.

Ал, журналист болуды арманыдағанымен тележүргізуші болам деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген диктор бұл салаға қалай келгенін баяндады.

“1996 жылы оқу бітірген шағымда жаңа­дан телеарна ашылып жатыр дегенді естіп, мекен жайын алып, 23 жа­сымда телевизияға қадам бастым. Ашылып жатқан «Хабар» арнасы екен, жаңалықтар ғана шығып тұрған шағы. Сол сәтте алдымнан Тілеуғабыл ағамыз шығып қалып, Ақылбек Сансызбайұлы деген кісіге жолықтырды. Ол менімен біраз сөйлесіп, жөн сілтеп, «сынақтан өтесің» деді. Сынақ мерзімі – жарты жыл. «Жасаған сюжеттеріңе ғана қаламақы алып отырасың» деген шартпен келістім. Ең алғаш бастағаным қызық болды. Мен өзім радио мен баспасөзде істегем, сонымен қоса баспасөз кафедрасында оқығам. Телеарнадағы басшылық тапсырма беріп, съемкаға жіберді. Барып келіп, мәтінін жазып, оны оқығанда «зкт» мен «снх-ды» қосып зырылдатып оқи беріппін. Режиссер әйел бақырайып бетіме қарайды. Мен еш қысылмаймын. Кейін бәрін түсіндіріп, үйретті. Осылайша үйрене жүріп, жұмыс істедім. Сенесіз бе, бала кезімде де, студент кезімде де тележурналист болсам, диктор болсам деп еш ойламаппын, үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе екен. Бастапқыда «журналист болып жұмыс істесем, айлық алып, отбасымды асырасам болды» деген мақсатым еді. Жаңалықтар қызық болды өзіме, оның үстіне телевидениенің табиғаты да, әлемі де басқаша ғой”, – дейді ол.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау