Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БАҚ: Төрде тұруы тиіс бесік неге қоқыста жатыр?

Жақында қоқысқа қалдырған бесікті көріп, кеудемді өкініш кернеді. Қазақ – қашанда бесікті қадір тұтқан ел. Құнды дүниемізді кім қалдырды екен деген ой мазалады? Кім екен, ә?

Әсілі, бесіктің қасиетін білмейтін біреу болды ғой. Үлкендер бесік уақыт өте келе тозғанымен, оны қол жетпейтін биікке қойған. Ата-бабадан қалған жәдігер ретінде көздің қарашығындай сақтаған. Әлі есімізде ауылдағы үйде атамнан қалған бесік бар. Ол әжем үшін ең құнды. Отбасына келген әрбір сәбиді ырымдап, алдымен сол бесікке салатын, – деп жазады «Сыр бойы» газеті.

«Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді» демекшi, қазақ бесікті қасиетті санаған. Себебі өмірге келген нәрестені буыны қатайып, өскенше бесікке салған. Бесік бала үшін жайлы әрі таза орын. Баланың ұйқысы тыныш болады. Қол-аяғы түзу өседі. Нәрестені бесікке салудың өзі – бір дәстүр. Ағайын- туыс жиналып, салтымен баланы бесікке бөлеп, көпті көрген үлкен әжеміз бесік жырымен тербетеді. Мұны жас келіндерге бір жағынан сабақ болсын дейді. Сонымен бiрге, бесікке арналған ырым-тыйымдар көп.

Мәселен, бесікті аяқпен тербетуге, баланы сол жағынан шешіп алуға, жабуын ашық қалдыруға, екі адам тербетуге болмайтынын үлкендер жағы үнемі ескертіп отырады. Тіпті, бос бесікті тербетуге тыйым салынған.

Көшпелі өмір сүрген ата-бабаларымыз бесіктің қадірін жақсы білген. Алып жүруге, баланың тыныштығына ыңғайлы болған. Бала есейіп, бесік қолданыстан шыққан кезде, оны таза матамен орап, биікке қойған. Әрбір қазақтың шаңырағында ата-бабасынан келе жатқан бесік бар. Әжелеріміз мақтанышпен айтып, немересі атасындай болсын деп бөлеп жататынын арагідік естіп те, көріп те жүрміз. Сонымен бірге бесік бала тазалығы үшін маңызды рөл атқарады. Бесікке қолданылатын әрбір заттың өзі ерекше дайындалған. Атап айтар болсақ, шүмекті қойдың асықты жілігінен жасаған. Ол айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатылған. Нәрестеге жылы, жұмсақ болу үшін жастық, көрпешесін мамық етіп жасаған. Сонымен бірге баланың жастығының астына түрлі затты салған. Ол нәрестенің ұйқысы тыныш болуына септігін тигізеді. Соңғы кезде медицина саласының мамандары бесіктің бала денсаулығы үшін зиян екенін айтып жатыр. Алайда, бұл дәлелденбеген болжам. Бірақ мұны қолдайтындар да табылады. Мәселен, келін атанғанына екі жылдың жүзі толған Әсем жақында перзентті болды. Алайда, баласын бесікке салудың орнына заманауи манежді таңдапты. Себебін сұраған едік, бесіктің қазіргі кезде қолданыстан шығып бара жатқанын алға тартты. Ал, жетпісті еңсерген Жұмаш Кендібаева әжеміз мұнымен мүлде келіспейді. Әжей немерелерінің бәрін бесікке салып өсірген. – Қазіргі келіндерге таңғалам. Перзентін бесікке салудың орнына қастарына алып, емін-еркін жатқызады. Біздің ардақты аналарымыз бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен. Жалпы, бесіктің қадірі туралы дана халқымыз «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Тәрбие тал бесіктен», «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп тегін айтпаған. Сол себепті мен барлық немерелерімді бесікке бөлеп, бесік жырымен тербетіп өсірдім. Ертегі айтамын. Батырлар дастанын әңгімелеймін, –дейді Жұмаш әже.

Айта кетерлiгi, баланы бесікке салу, бесік жырын айту тасада қалып барады. Міне, соның салдарынан төрдегі бесік қоқыста жатыр. Себебі, кейбір жас отбасылар бесіктен гөрі заманауи үлгісін пайдаланады. Ұлттық құндылықтарымызды естен шығарып жатады.

Осе ретте батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Бесігі жоқ елден қорқамын» деген екен. Талай дана, ғұлама ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз тербеліп өскен бесіктің неге қадірін біле алмай жүрміз?

 

Талқылау