Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміржол жолсеріктері билет тапшы кезде жүк қоятын үшінші сөрені 8 мың теңгеден сатуда

Қазір елімізде, жылдағыдай билет тапшылығы сезіліп, делдалдардың араны ашылған. Олар ойларына келген бағаға жол жүру билетін саудалап жүр. Арнайы рейд өткізген жемқорлықпен күресуші орган өкілдері осындай бірқатар былықтың бетін ашты. Тексеріс кезінде 39 заңсыз жүрген жолаушы анықталып, айыппұл салынған. Қызметіне немқұрайлы қараған жолсеріктер жұмысынан босатылған.

Теміржол жолсеріктері билет тапшы кезде жүк қоятын үшінші сөрені 8 мың теңгеден сатуда

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Көкшетау- Қызылорда пойызындағы жолсеріктер бағаны тіптен аспандатып жіберген. 8 мыңға өздерінің қызметтік бөлмесінің тауар тұратын үшінші қабатын ұсынды. Ақшасын берсең болды, барлық жолдағы тексеріске өзіміз жауап береміз деп сендірді.

Ал, Астана вокзалында билет таппай сергелдеңге түскен жұрттан көз сүрінеді. Діттеген жеріне жетуді көздеген жолаушылар бірігіп ақы төлеп, пойыз құрамына қосымша вагон қостыруға дейін барған. Басқа амал жоқ дейді олар.

“Енді билет жоқ. Біз үйден интернет арқылы қарап отырамыз ғой. Билет жоқ, бос орын жоқ. Кеше бір вагон берді деген соң келдік. Келсек, сатылып кетті дейді. Сосын біз тапырыс беріп, солай алдық», – дейді тұрғындардың бірі.

Жоспарлы тексеріс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері қордаланып қалған біраз мәселені анықтады. Жүрдек пойыздарда жолсеріктер билеттің бағасын өздері белгілейтін көрінеді. Бағалары кассада сатылатын билеттің құнынан 2-3 есе асып түседі екен.

«Техникалық жағынан бізге делдалдар арқылы билет сату мүмкін емес деп сендіреді. Бірақ, іс жүзінде келгенде мұндай жағдаймен күніге бетпе-бет келіп отырмыз. Мәселен, вокзал аумағын торуылдап жүрген делдалға келесің, жеке куәлігіңді бересің. Ол кассада жоқ, жүйеде мүлдем жоқ билетті 10 минуттан соң саған, аты-жөніңе тіркеп қолыңа әкеліп береді» – дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент директоры Данияр Сабырбаев.

Сондай-ақ, рейд жүргізген мамандар жолсеріктердің біраз былығын ашты. Олардың айтуынша, жолдың бойындағы тексерушілер билетті заңды түрде кассадан сатып алған жолаушылардың құжаттарын тексеріп, «іші қуыстанып» келе жатқан адамдардың құжаттарын сұрамайды екен. Ол деген, барлығы пойыз құрамында неше «қоян» кетіп бара жатқанынан хабардар дейді.

«Биылғы жылдың 6 айында 5 мыңға жуық тексеріс жүргізілді. Жалпы пойыздар құрамының 24 %-ы қамтылды. 335 билетсіз жүрген жолаушы анықталды. 7 пойыз құрамының әкімшісі жолсерік қызметіне төмендетілді. Тексеру регламентін жиілеттік. Алып сатудың алдын-алу үшін жұмыстар атқарылып жатыр» – дейді «Қазақстан Темір Жолы ҰК» АҚ вице-президенті Данияр Нұрмағанбетов.

Еңбек демалысы қызған маусымда вокзал кассаларында билет тапшылығы туныдауда. Бұл елімізде қалыптасқан жағдай. Амалы таусылған жолаушылар жол жүру билетін бағасы аспандап тұрса да, делдалдардан бірнеше есе үстемесі болса да сатып алу мәжбүр. Ал, тасымалға жауапты мамандар болса пойыздар саны артқан, вагондар кейде толмай қалады дейді.

«Мұнда біреуді ұстап алып, жазалау мақсат емес. Біздің міндетіміз – қоғамды ашықтыққа шақыру. Қазір алдын ала сыбайласу фактілерінің бар-жоғы туралы анық айта алмаймын, себебі ешқандай сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Біз жүргізген жұмыстар алдын алу шаралары ғана» – дейді мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов.

Ия, делдалдарға ешқандай тосқауыл болмай тұр. Олар емін-еркін ойларына келген бағаға билеттерін сатып жүр. Оны жолаушылар тасымалына жауапты мамандар да мойындап отыр. Заңсыз алыпсатарлардың басым бөлігі жеке тұлғалар. Алдағы уақытта олардың вокзал әкімшілігімен қандай байланысы бары тексеріліп, оқиғаның ақ-қарасы анықталмақ.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау