Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тек бір адам сотталған: Семейде көмір кезегінде тұрып көз жұмған чемпионның туыстары сот үкімімен келіспейді

Семейде көмір алатындардың кезегін реттемек болып қаза тапқан чемпионның өліміне қатысты сот аяқталды. Осыдан жарты жыл бұрын басталған істің нүктесі қойылып, күдікті 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ марқұмның туыстары мен адвокаты бұл істің әлі де көлеңкелі тұстары барын айтады. Тіпті, келтірілген бірқатар дәлелдері есепке алынбапты. 

Тек бір адам сотталған: Семейде көмір кезегінде тұрып көз жұмған чемпионның туыстары сот үкімімен келіспейді

Сотталушы өзінің байқамай өлтіріп алғанын айтып, басқа бап бойынша соттауын сұрады. Алайда оның соңғы сөзін тыңдаған судья тілегіне құлақ аспады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап. 

«Марленов Маулен Нарматұлын  ҚР ҚК 106-бабы 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 8 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтесін. Марленовтан Құлжабаеваның пайдасына 3 миллион теңге моральдық шығын өндірілсін», - дейді судья Жанат Әбенова.

Марқұмның туыстары мұндай шешімге түбегейлі қарсы екенін  айтады. Көз жасы көлдей болған анасы ұлын 3 адам тепкілеп өлтірген деген ойынан қайтпақ емес. Тергеу басталғанда изоляторға бірнеше күдікті жабылғанымен, жеме-жемге келгенде тек бір жігіт жауапқа тартылған.   

«Топпен барған. Қасындағы шопыр өзін екі қолынан екі жағынан ұстап тұрғанын айтты. «Жасұланды 2 минуттың ішінде өлтірді. Басынан 2-3 рет тартып жіберген», - дейді. Бас сүйек, алды-арты, көз сүйегі бәрі сынған», - дейді марқұмның анасы Гүлнәр Әбиева.

Осыған дейін Жасұлан Әбиевтің әкесі тергеушілер мен прокурордың істі жүргізу талаптары көңілінен шықпайтынын ашық айтып еді. Енді міне соттың шешімі шыққанда сол күдігі шынға айналды. 

Зардап шеккен тараптың құқығын қорғап жатқан адвокат «істі жылы жауып қоя салмаймыз» дейді.  

«Тергеудегі қызметкерлер бірқатар қателік жіберген. Біріншіден, қылмыс болған жерден жарты жыл бойы видео сұратпаған. Қаражырадағы сыртқы бақылау камерасы жоғары сапада түсіретіні белгілі еді. Марқұмның заттары және оның қанының ізі қалған дүниелер дәйек ретінде алынбаған. Жауапқа тартылған азаматтан бөлек, бұл оқиғаға қатысты деген өзге де тұлғалар бар. Бірақ, тергеу оларға назар аудармаған. Біз сот шешімімен келіспейміз. Жоғары тұрған инстанцияға шағымданамыз», - дейді адвокат Қарлығаш Қожағалиева.

Марқұмның отбасына сотталушы 3 миллион теңге көлемінде моральдық шығын төлеп береді. Бірақ бұл сома атпалдай азаматтың құны емес. Отбасын асырап, спортпен кәсіби тұрғыда шұғылданған Жасұланның соңынан жары мен 3 кішкентай баласы қалды. Қара жамылған Әбиевтер әулеті ұлдарының өліміне тікелей қатысы бар адамдардың барлығы бірдей жазасын алғанға дейін күресеміз деп отыр.   

Талқылау