Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тәуекел: Әкеммен жастай ажырасып кетсе де, анам әлі күнге дейін әжеме сәлем салады

Тәуекел Мүсілімнің ата-анасы жастай ажырасып кеткен. Ол кезде Тәуекел кішкентай бала болатын. Оның балалық, жастық шағы анасы мен әпкесінің қасында өтті. Бүгінде табысты актерге айналған Тәуекел бала күнінен ер адамның қолдауына зәру болғанын айтады. Ал осыдан 8 жыл бұрын өмірден озған әкесімен Тәуекел сол күйі сырлас бола алмапты.

Тәуекел: Әкеммен жастай ажырасып кетсе де, анам әлі күнге дейін әжеме сәлем салады

Бұл туралы Тәуекел Майя Бекбаеваның авторлық бағдарламасында сыр шертті, деп жазады Stan.kz.

“Неше түрлі спорт үйірмелеріне қатысқан кезде ер адамның қолдауы, тәрбиесі жетіспейтін. Таэквондо, футбол, күреске бардым. Бастапқыда қызығушылық болатын, қиын кезеңдерге келгенде мен спортты тастап кететінмін. Қолдайтын адам болмады. Егер әкем болғанда: “Сен қазір шыда, ертең мықты спортшы боласың”, – десе, мүмкін шыдас берер ме едім.

Әкем 2010 жылы қайтыс болды. Сол кезде онымен жақын болмағанымды түсіндім. Онымен ешқашан ашылып сөйлеспеппін. Екеуміздің ең ұзақ уақыт бірге болғанымыз – небәрі үш ай. Жазғы демалыс кезінде, 9-сыныпты бітірген соң Шымкентке бардым. Оның бірнеше бизнесі бар болатын. Көлік жуу орталығы, мейрамханасы болатын. Мен сол көлік жуу орнында әкімші болып жұмыс істедім. Көмектестім. Сол үш айдың ішінде де көп сөйлеспеппіз”, – дейді Тәуекел.

Актердің айтуынша, әкесінің екінші некеден бес баласы бар. Ал Тәуекелдің анасы өзін тастап кеткеніне қарамастан, балаларын әкесіне қарсы қоймаған. Мұны Тәуекел мақтанышпен еске алады.

“Анам өте данагөй кісі. Ол ешқашан бізді әкемізге қарсы қойған емес, ол туралы жаман сөйлеген емес. Мүмкін құрбыларына айтқан шығар, ал бірақ бізге ешқашан көрсетпейтін. Дегенмен әкем келген кездерде, анамның оған деген сезімі барын сезетінмін. Ол дайындалып, әрнәрсе әзірлеп кететін. Ол жағынан келгенде өте бақыттымын, анамды өте мақтан тұтамын.

Қанша уақыт өтсе де, Шымкентке бара қалсақ, әжеме (әкемнің анасы) сәлем салады. Шаруашылықпен көмектеседі, керегін сұрайды”, – дейді Тәуекел.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау