Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тамара Асар: Анам 1 желтоқсаннан қатты қорқып, құбыладан бетін бері қаратпай, Жаратқанға жалбарынады

Танымал әнші Тамара Асар үшін 1 желтоқсан күнінің орны ерекше. Себебі әнші осыдан 20 жыл бұрын дәл осы күні жол апатына ұшыраған. Өлім аузынан қалған сол күнді еске алған әнші анасының әлі күнге дейін 1 желтоқсаннан қорқатынын жасырмады, деп жазады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Тамара Асар

«1998 жыл. 1 желтоқсан. Таңда, түс көріп ояндым, түсімде бір туфлиім жоғалып, оны ағаштан жонып отыр екенмін. Киіп қарап, билеп көріп, әлі жонып отырмын… Бастырылып, тұншығып жатырмын, оянып кетсем түсім. Атып тұрып терезеге үңілдім, жапалақтап қар жауып тұр. Жүрегім тарс-тарс ұрып, өзім сүйетін, «алақайлап» күтетін қардан шошыңқырап қалдым да, «Жақсылығыңмен жаушы, саған тайып жығылып, бір аяғым сынар ма екен», – дедім де, дереу: «Әй, сынса әкем сынықшы, салып берер», – деп терең тыныс алып, ойымды тез ұмытуға тырыстым», – деп еске алды Тамара Асар 20 жыл бұрын болған жайтты.

Сол күні әнші отбасымен бірге жол апатына ұшырап, аяғынан айырылған еді. Сол күні мен өмірге қайта келдім, дейді ол.

«Аяғымнан айырылдым, жамбас, беломыртқа сынып, тағы басқа да жарақаттар алсам да, жаным аман қалды. Жан-жүрегім, бауырым, ағам АқБекошым аман қалды. Шүкір! Бізді анамыздың тілегі,әкеміздің сынықшылық қасиеті, туған нағашы ағаларымыз Жоламан мен Аманқостың шипалы қолдары, медицина, псиxология, бәрі-бәрі бірігіп, кәдімгі шашылып қалған пазлдарды жинағандай қайта құрастырды. Тылсым дүниенің тұңғиығына сүңгіп, он сегіз мың ғаламдағы жыбырлаған тіршіліктің әр молекуласының қадірін 1 желтоқсан түсіндірді маған. Бұл менің екінші туған күнім», – деп жазды әнші Instagram желісіндегі парақшасында.

Тамара ханымның сөзінше, сол оқиғадан кейін анасы 1 желтоқсаннан қатты қорқып қалған. Дәл осы күні жеті шелпек таратып, Алладан тілеу тілейді екен.

«Әр жылы қыстың алғашқы күні жақындағаннан қорқынышы үдейіп, иманы үйірліп, жеті нанын тарқататын, құбыладан бетін бері қаратпай, Жаратқанына жалбырынатын күні болды. Ал мен анама:  «Апа, қорықпаңызшы. Көресіз, дәл осы күнді бүкіл қазақ тойлайтын мерекеге айналдырамын!» – деп сандырақтап, армандайтынмын. Себебі ішкі қорқынышымды, жақсылыққа жорып, жеңіп, той жасағым келетін», – дейді Тамара Асар.

Өз сөзінде әнші сол сөзін Алла қабыл етіп, 1 желтоқсан шынымен де мерекеге айналғанын атап өтті. Бүгін қазақстандықтар Қазақстанның Тұңғыш президенті күнін мерекелеуде.

Сөз соңында Тамара Асар қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, елбасының амандығын тіледі.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау