Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талдықорғанда балалар қоқыс арасынан адам саусақтарын тауып алған

Элиталық ауданымыз қоқысқа толып кетті. Талдықорғандағы Қаратал өзенін бойлай орналасқан үй тұрғындары адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатқандарын айтты.

Айтуларынша, тұрғын үйлерге жақын маңға талай жылдар бойы қоқыс төгіліп келген көрінеді. Салдарынан үлкен полигонға айналған екен. Мұнда ,тіпті, малдың басы мен сирақтарын да тастайды, дейді тұрғындар. Жағымсыз иістің кесірінен кішкентай бүлдіршіндер ауруға шалдығып жатқанын айтады. Аталған қоқыс алаңынан адамның дене мүшелері табылғаны рас па? Рұқсат етілмеген полигон туралы жергілікті билік не дейді? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Бұл – Талдықорғанның элиталық әрі ең таза аймағы саналатын «Қаратал» ауданының аяқталар тұсы. Алайда, өздеріңіз көріп тұрғандай, тұрғын үйлердің арты күл мен қоқыс алаңына айналған. Мұнда тұрмыстық қалдықтардан бастап құрылыс материалдары, тіпті, малдың басын да тастайтын көрінеді.

Қоқыс алаңы Қаратал өзені мен тұрғын үйлердің дәл ортасында пайда болған. Үлкен аумақты алып жатқан полигонда қоқыс тастауға тыйым салатын еш белгі де жоқ. Бір бөлігі өзен суын ластап жатса, екіншісі маңындағы тұрғындарға зардабын тигізуде.
«Балаларға ойнау мүмкін емес. Далаға шығып демала алмайсың. Содан кейін, жаңағы, сиырдың терілерін мына иттер әкеп тастайдды, мысықтар сүйреп әкеледі балконның астына. Бастысы, крыса бізде, крыса қаптап жатыр сол мусордың арқасында» – дейді қала тұрғыны Жұлдыз Тайбағарова.

Алайда, тұрғындар үшін басты қауіп шіріген күл-қоқыстан тарайтын жағымсыз иіс. Күні кешке дейін осы ауаны жұтып, ауруға шалдығып жатқандарын айтады. Әсіресе, бүлдіршіндердің денсаулығы үшін қатты алаңдаймыз, дейді ата-аналар. Ал, ойын балаларының өздері іргедегі қоқыс алаңына жиі қатынайтын көрінеді. Тіпті, адам шошыйтын көріністерді де көздері шалған екен.

«Біз үнемі анда барған сайын сиырдың бастарын, сүйектерін, адамның қолдарын, саусақтарын көреміз күнде ойнағанда» – дейді оқушы Дамир Қасен.

«Міне, өзімнің қызым да ауырып жатыр. Кеше, мында бір күн далаға шығып ойнадық. Бүгін міне 39,4 температурамен жатыр. Іштеңкесі жоқ. Инфекция оның бәрі. Инфекцияның бәрі ұшып жүр сол мусордың арқасында» – дейді қала тұрғыны Жұлдыз Тайбағарова.
Бұл жерге қалалық перзентхана мен көпсалалы аурухана да жақын орналасқан. Алдайда, мұндағылардың қоқыс полигонына әлдеқашан көздері үйренген сыңайлы. Қала тазалығына жауапты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының өкілдері заңсыз қоқыс алаңына қатысты тілшілерге сұхбат беруден бас тартты. Орнына әкімдіктің баспасөз қызметі жауап берді.

«Үйлердің сирек орналасқанына байланысты қала тұрғындары сол жаққа апарып тастайды. Мұны участкелік инспектордің күнде бақылауы мүмкін емес болып жатыр. Дегенмен біз ол жерді қала әкімдігінің күшімен график бойынша тазалап келе жатырмыз. Бұл жер ғана емес басқа жерлер де бар. Бүгін-ертең ол жер тазаланып бітеді.» – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс.

Жауаптылар жоспарға сай қалада жылына бір рет 2 айға созылатын тазалық айлығы өтіп тұратынын айтады. Бұдан бөлек айына бір мәрте сенбілік те ұйымдастырылады екен. Алайда, 10 жылдан астам уақыт бойы заңсыз жұмыс істеп келген қоқыс полигонының жуық арада тазаратынына тұрғындар сенбейді.

Тағы да оқыңыз:

Атырауда лифт шахтасынан құлаған екі жасөспірім көз жұмды

Төрт қазақстандық кәсіпқой боксшы спорттан шеттетілді

Алматыда менингиттен көз жұмған баланың туыстары: Ешкімге кінә артпаймыз

Талқылау