Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түрмедегі балалардың өмірі қалай өтіп жатыр?

Халықаралық балаларды қорғау күні саябақта серуендеп, аттракцион, кинотеатрда құрбы-құрдастарымен ойнап-күліп жүре алмайтын балалар елімізде жетерлік.

20170525194359

Оларды ондай бақыттан алыстатып тұрған абақты деген темір қапас бар, – деп хабарлайды 31 арна.

Бүгін Алматыдағы балалар колониясында сондай жеткіншектерге ашық есік күні өткізілді.

Мерекеге арнайы ақ көйлек, таза шалбар киген  балалар бүгін ерекше көңілді.  Формадағы офицерлер де аса сыпайы. Олардың  шеруінен де асығу байқалады. Балалар анасымен, аналалар айдың күннің жарығында түрмеге түскен баласымен  жолықпақ. Бір кісіні ұрып соққаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылған ұлын көру үшін Баян Мұратбайқызы сонау Тараздан келіпті.

“Балама келіп тұрмын, сағынып. Анамын ғой, уайымдаймын. Көргім келеді, тезірек осы жерден аман есен шыққанын қалаймын”, – дейді жазасын өтеушінің анасы Бан Мұратбайқызы.

Мұнда бала деп басыңнан сипайтын адам жоқ. Жаза басқанға, қатаң сөгіс немесе 72 сағатқа темір төсек пен темір есікті оқшаулау орны. Адам өлтіріп істі болған Қабидолла Саматұлы тезірек еркіндікке шығуды аңсайды.

“Шыққан кезде ауылда ата-әжем бар, солардың қолына барып көмектесіп, мал бағам”, – дейді жазасын өтеуші Қабидолла Саматұлы.

Ал, Қабидолламен жазасын қатар өтеп жатқан Ғалымжанға кездесуге бүгін ешкім келмеді. Анасын асыға күткен Ғалымжанның түсіне ауылы мен ағайындары кіреді екен.

“Анда-санда бір кіреді. Ата анаңды көріп қаласың, кейбір кезде. Ол кезде қуанып қаласың. Кейбір кезде достарыңды көресің, кейбір кезде еркіндікте жүргеніңді көресің”, – дейді жазасын өтеуші Ғалымжан Қошқарбаев.

Колонияда 15 пен 21  жас аралығындағы  45 бала жазасын өтеуде. Қызметкерлердің саны 100 асады. Есесіне түрменің есігін бір рет ашқан адам қайтып оралғысы жоқ.

“Кәмелеттік жасқа толмағандардың арасында босатылып шығып, қайта қылмыс жасап оралып келген сотталғандар жоқ”, – әділет майоры Шынар Хусайынова.

Армансыз бала болмайды. Жазасын өтеуші жасөспірімдердің қазіргі жалғыз арманы – абақтыдан аман шығу.

Тағы да оқыңыз:

Алматы қаласында тағы бір лауазымды тұлға ұсталды

Талқылау