Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Суицидке не жетелейді: Өткен жылы 3 жарым мыңнан астам қазақстандық өзіне қол салған

Өткен жылы 3 жарым мыңнан астам қазақстандық өз-өзіне қол салып, өмірмен қош айтысқан. Ал биылғы қаңтар айының өзінде 295 ел тұрғыны өз ғұмырына балта шауып, о дүниеге аттаныпты. Олардың ішінде он екісі тіпті кәмілет жасына толмағандар екен.

Суицидке не жетелейді: Өткен жылы 3 жарым мыңнан астам қазақстандық өзіне қол салған

Ең өкініштісі, мұндай қадамға баратын жандардың әрекетіне тосқауыл болу мүмкін болмай тұр дейді мамандар. Қоғамның осы дертін емдеу үшін елімізде қаншама диагностикалық кешендер болса да, суицид неге көбейіп барады? Көбіне қандай себеп үшін адамдар өзі-өзі өлімге қияды? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жетісай аудандағы көпірдің үстіне шыққан келіншек еш ойланбастан өз-өзін өлтірмек болыпты. Абырой болғанда полицейлер оны құтқарып қалған.

“Олар уақытылы сол жерге жетіп, келіншекпен сөйлесіп, оның өзінің үйіне, туған туыстарына тапсырады. Келіншектің айтуына қарағанда өз-өзіне қол жұмсауға отбасылық жағдайы себеп болыпты. Жетісай аудандық полиция бөлімінің басшылығы қырағылық пен кәсіби біліктілік танытқан полицейлерге алғыс білдірді”, – дейді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қарагөзова.

Осындай оқиға күні кеше тағы тіркелді 19 жастағы бойжеткен Талғар қаласындағы жұмыс істемей тұрған жылыту қазандығының төбесіне шығып, өзіне қол жұмсамақ болған. Бірақ бұл ойынан айнып қалды ма, әлде биіктен қорықты ма, ол мамандармен бірге төмен түсуге келіскен. Жас қыздың мұндай әрекетке баруына не себеп болғаны жөнінде дерек жоқ. Бірақ Ішкі істер органдарының дерегінше, өткен қаңтар айының өзінде дәл осылай 393 адам өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген. Бұл өткен жылдың қаңтар айымен салыстырғанда 93 кісіге көп. Бірақ Мәжіліс отырысында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев суицид дерегі азайғанын айтты.

“Суицид әлі күнге дейін өзекті проблемалардың бірі. Дегенмен 2017 жылмен салыстырғанда өткен жылы жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау дерегі 3,9 пайызға кеміді. Бірақ қауіп әлі жоқ емес. Онымен күресу үшін білім және ғылым министірлігінен бастап, ғылыми және қоғамдық институттармен жұмыс істеуді жалғастырып жібереміз”, – ҚР қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев.

Қалай болғанда да, алаңдатарлық көрсеткіштер. Ресми органдардың есебіне кірмей қалған да мәліметтер де болуы мүмкін екенін ескерсек, ар жағын ойлаудың өзі қорқынышты. Жалпы мамандар суицид жасаудың бір себебін тұрмыстық жағдайдан көреді. Бұдан бөлек, отбасындағы кикілжің, ер мен әйелдің қырық пышақ болып қырқысуы. Тағы бір себебі жалғыздық. Ал психотерапевт Айнұр Әділбекова, адам өзін өзі өлтіруге ұзақ жылдар бойы жиналып қалған депрессия да әсер ететінін айтады. Бірақ, депрессиядан 80 пайыз жағдайда еш қиындықсыз сауығып кетуге болады екен.

«Спортпен шұғылдану керек, алға мақсат қою керек, жоспар қою керек. Өмірге деген талпыныс болу керек. мотивация дейді ғой. Отбасымыз, үйде әйелдері, бала-шаға күтіп, сүйіспеншілікпен күтіп отырса, әрине ол ер азамат өзіне сене бастайды, тірлік жасай бастайды», – дейді психотерапевт Айнұр Әділбекова.

Психологтар күйзеліскен жандар мамандарға дер кезінде баруды білмейді дейді. Ал ауыр депрессияда жүрген адамда өз өзіне қол салу ықтималдылығы жоғары болатын көрінеді. Жалпы бүкіл әлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер бетіндегі адамдардың 75 пайызы психикалық бұзушылықтарға жиі тап болады, ал олардың 23 пайызы психиатрдың көмегіне мұқтаж.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау