Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Судан зардап шеккен 6 аймақтағы түлектерге ҰБТ бөлек кестемен өткізіледі

Вице-премьер Тамара Дүйсенова су тасқыны болған алты аймақтағы түлектер үшін ҰБТ бөлек кестемен өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото ашық дереккөзден

Үкіметтің баспасөз қызметінің дерегінше, эвакуациялық орталықтарда болған 4 мыңнан аса бала сауықтыру лагерлеріне, колледждер мен жоғары оқу орындарының жатақханаларына, Назарбаев зияткерлік мектептері, Білім инновация лицейлерінің интернаттарына орналастырылды.

Онда тұруға, тамақтануға және оқуға қажет жағдай жасалған. Олар мұнда үйлері қалпына келтіріліп, мектептерінде оқу процесі қайта жалғасқанға дейін болады.

"Бүгінде 500-ден аса бала әлі де эвакуациялық орталықтарда қалып отыр. Олар да білім беру үрдісімен қамтылған. Олардың ата-аналары тасқын судың кетіп, үйлеріне оралғанын немесе баспаналарын қалпына келтіру үшін бағалау жүргізілуін күтіп жүргенін түсінемін. Бұл санаттағы балалардың ата-аналарына бізде балаларды орналастыруға қарастырылған тағы 4 мыңнан аса орын бар екенін айтқым келеді. Егер келісімін берсе, оларды сол жерлерге орналастыруға дайынбыз. Оқу маусымы аяқталған соң ата-аналардың келісімімен балаларға өзі тұрып жатқан аймақта, не басқа өңірлерде орналасқан жазғы демалыс лагерлеріне баруына мүмкіндік беріледі. Бұл мәселемен Оқу-ағарту, жоғары білім, туризм және спорт министрлері тікелей айналысып жатыр", – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.



Бұдан бөлек вице-премьер зардап шеккен 6 аймақтағы түлектер үшін ұлттық бірыңғай тест бөлек кестемен өткізілетінін жеткізді.

Талапкерлер төмен балл алған жағдайда биылғы жағдайға байланысты қаңтар мен наурыз айларындағы ҰБТ-дағы үздік нәтиже ескеріледі. Одан бөлек, қазір қосымша нысаналы гранттар бөлу жағы қарастырылып жатыр. 

Вице-премьер барлық медициналық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын да атап өтті. Қазір де қажет дәрі-дәрмек қоры әзірленген. Эпидемиологиялық бригадалар құрылып, жапа шеккен аймақтардағы ауыз су сапасы мен ерекше қорғалатын аумақтар тұрақты бақылауға алынған. Бүгінде эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп бағаланып отыр.

Айта кетейік, Тамара Дүйсенова тасқын судан зардап шеккендердің барлығына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем қарастырылғанын атап өтті.

Бүгінде ол 11 мыңнан аса отбасына төленген. Үкімет азаматтарға бүлінген үй заттарын алу үшін қосымша 150 АЕК-ке дейінгі мөлшерде көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Талқылау