Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО тұрғыны немересінің анасын іздеуде

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны немересінің анасын іздестіріп жатыр.
Чкалов ауылында тұратын Айсұлу Сәдуақасова баланың әке-шешесін ата-аналық құқығынан айырмақшы.

бала анасын

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды

Әйтпесе, туған немересіне өзін қамқоршысы ретінде рәсімдей алмай отыр. Бұл әйелдің мектепті күзетіп тапқан 28 мың теңгесі тамақтарына әрең жетеді екен. Қолындағы бүлдіршінге жәрдемақы тағайындауды сұрап, аудандық білім бөлімінің табалдырығын тоздырғанымен еш пайда жоқ.

5 жасар Саяттың «мама Любка» деп отырғаны өзінің туған анасы. 18 жасында ұлды болған келіншек баласын енесіне тастап, кетіп қапты. Содан бері одан хабар-ошар жоқ. Саяттың әкесі кейін басқа әйелмен көңіл қосып, ұлын қолына алған екен. Бірақ өгей шеше баланы ә дегеннен-ақ жақтырмапты.

Айсұлу Сәдуақасова келінін аналық құқығынан айыру үшін сотқа берген екен. Келіншек наркологиялық не психоневрологиялық диспансерде есепте жоқ дегенді желеу етіп, құзырлы орган арызын кері қайтарыпты. Тек баласын дұрыстап тәрбиелеуге міндеттепті. Бірақ соттан кейін көкек ана қара көрсетпеген. Салдарынан Саяттың әжесі тиісті жәрдемақыдан қағылып отыр.

«Бірдеңе төлесе ғой. Өзім білем ғой немене алып не қоятынымды. Киіміне , тамағына керек»- дейді Чакалов ауылының тұрғыны Айсұлу Сәдуақасова

Мектепті күзетіп, айына 28 мың теңгеге күнелтіп отырған екеудің жайы аудандық білім бөліміндегілерге белгілі. Алайда олар сот шешімінен әрі аса алмаймыз дейді. Тығырықтан шығар жалғыз жол – әкесін ұлынан бас тартқызу. Бірақ өзге қалада, өзге отбасымен тұратын туған ұлын мұндай опасыздыққа анасы қимайды.

«Егер баланың әкесі өз еркімен ұлынан бас тартса, оны әкелік құқынан айыру туралы сотқа шағым түсіре аламыз. Анасының да өз міндетін атқармай жүргенін сотта айтамыз. Сонда ғана Айсұлу Сәдауақасова немересінің ресми қамқоршысы атануы мүмкін»-дейді Тайыншы аудандық білім бөлімінің бас маманы Мұхтар байғожин.

Мұндай жағдайда Айсұлу Сәдуақасова айына қосымша 19 мың теңге жәрдемақы алуы мүмкін. Мұның үстіне ол келінім жағдайды түсініп, өзі келіп қала ма деген үмітпен де отыр.

Талқылау