Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкентті елбасы да жақсы көреді: Оңтүстіктен шыққан жұлдыздар аймақтағы өзгеріске қатысты не дейді

Күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын, Түркістан облысы деп қайта құру туралы жарлық шығарған еді. Сондай-ақ, Шымкент еліміздегі республикалық маңызы бар қалалардың қатарына кірген болатын. Елбасының бұл шешіміне аталмыш өңірден түлеп ұшқан өнер өкілдері дән риза. Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген жұлдыздар қауымы қуанышты екендерін айтып, алған әсерлерімен бөлісті.

Шымкентті елбасы да жақсы көреді: Оңтүстіктен шыққан жұлдыздар аймақтағы өзгеріске қатысты не дейді

Қайрат Нұртас, әнші:

Бұған дейін Түркістан облыс болады деп сыбыс шыққан кезде қатты қуанып жүрдім. Түркістан деген туған жерім, кіндік қаным тамған жер ғой. Меккеден кейінгі киелі жер ғой. Елбасымыз өте дұрыс істеп жатыр деп ойлаймын. Түркістанның облыс болғаны, Шымкенттің мегаполис болғаны құтты болсын. Шымқаланы жақсы көрмейтін жан жоқ шығар. Елбасымыздың: «Адам баласы бір рет өмірге келеді. Сол өмірін Шымкентте өткізу керек» – деп айтқаны бар. Осы сөздің астарында қаншама мән жатыр ойлаймын. Мен Шымкентті жақсы көремін.

Алтынай Жорабаева, әнші:

Біз Елбасымыздың қандай да бір саясатын қолдаймыз. Президенттің Жарлығы біз үшін өте маңызды. Әрине, Түркістан кезінде түркі тілдес елдердің барлығы шоғырланатын отаны болған. Сол кезде Астанасы да болған. Өзім оқыған Халықаралық қазақ-түрік университетінің басты ғимараты сол Түркістан қаласында орналасқандықтан, жиі барып тұратынбыз. Мен үшін ол өте ыстық. Қандай да бір азамт өзінің елін, жерін, жастық шағы өткен жері үшін қуанады.

Ал, Шымкент қаласында туып-өстім. Студенттік шағым сол Шымқалада өтті. Қай жерге барсаңыз да Шымкенттің қонақжай халық екенін айтып отырады. Келген халық басқа пікірде жүріп, Шымкентке келген кезде теріс пікірлері 180 градусқа өзгереді. Өйткені кез-келген жағдайдан жеңіл шығып кететін икемді халық. Және де Шымкентке қызмет етуге барған кез-келген адам сол жерге жатырқамай, тез сіңісіп кетеді. Шымкентті мен ғана емес, тіпті Елбасы да жақсы көреді. Бізге көктем ерте келеді. Әрқашан гүлденіп жатады. Өнер адамдарының көпшілігі осы өңірден шығып жатады.

Заттыбек Көпбосынұлы, әнші:

Әуелде Түркістан орталық болады дегенде пікіріміз жақсы болды. Елу жылда ел жаңа. Түркістан әлемдік тарихи маңызы бар, ең тамаша елді мекен ретінде саналатын қала. Қаншама туристердердің де ағылып келіп, Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың басына келетіндер де бар. Сондықтан бұл өлкенің облыс орталығы болып, өсіп-өніп жатқанына біз қуанбасақ, қарсы болған жоқпыз. Кеше Елбасының Жарлығы шықты деген сәтте қуандық. Бір-бірімізді құттықтап, жақсы пікірлер айттық. Бұл елдің қуанышы. Ол жерде де республикалық маңызы бар нысандар, үйлер бой көтереді. Енді Түркістанда республикалық маңызы бар телекомпания немесе телеарна іске қосылатын шығар деген үміт бар. Сондай-ақ, халықаралық маңызы бар әуежай салып жатса қуаныш қой. Ал, Шымкент біріншіден туып өскен өлкем. Екіншіден ең бір берекелі қала. Адамдардың арасында да мейрімділік, бауырмалдылық қалыптасқан. Салт-дәстүрдің де сақталуы бұл жақта басқаша. Сондықтан бұл жақты жек көру немесе басқа қалалардан кем көру, артық көру емес. Осы жерде өсіп, осы жердің тәрбиесін көргендіктен бұл қала маған өте ыстық. Мен Астана, Алматы қалаларына үйрене алмайтын сияқтымын. Сол Шымкентке сіңіп кеткеннен болар.

Марат Омаров, әнші, композитор:

«Бүгін күн – ертеңгі тарих» – деп бекер айтылмаған. Тарихымызды білмей, болашаққа болжам жасау мүмкін емес. Мен бұл жаңалыққа қатты қуандым. Тұңғыш рет бізді Түркия халқы егеменді ел ретінде қабылдаған кезде мен Қожа Ахмет Яссауи портретінен афиша жасатып, Түркияға барған болатынмын. Сол кезде түріктер менен қай жақтан келдің деп сұрады. Мен Түркістаннан келдім деп жауап берген едім. Сол кезде мені қатты құрметтеген. Түркістанның облыс орталығы болғаны Елбасымыздың көрегенділігінің арқасы. Және де менің Түркістан қаласына арналған бірнеше шығармаларым бар. Алдағы уақытта да туатынына сенімдімін. Ал, Шымкент шаһары маған өте қымбат. Өйткені ол жерде туып өстім. Балалық және жастық шағым өтті. Енді өнердің өркендеуіне өз үлесімізді қосамыз.

Өнер жұлдыздары Шымкент шаһары мен Түркістан облысының алдағы уақытта да көркейіп, дамитынына сенімді. Айта кетейік, бүгін Елбасының тапсырмасымен Шымкент қаласының әкімі қызметіне Ғабидулла Әбдірахимов қайта тағайындалса, Түркістан облысының басшысы ретінде Жансейіт Түймебаев бекітілген болатын.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау