Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сейдуалиева: Шоу-бизнестегі мақтаншақтық пен ысырапшылдық үшін ұяламын

Бейбіт Сейдуалиеваны сахнадан жиі көрсек те, шоу-бизнестегі жұлдызды келіншектер жиі бас қосатын party-дан немесе отырыстан мүлдем байқамаймыз. Оның сыры туралы әнші келіншек stan.kz тілшісіне экслюзивті сұхбат берді.

-Бейбіт ханым, әңгімемізді шығармашылық жаңалықтан бастайықшы. Неге бейнебаян жоқ?

Шындығында халық бізді бейнебаянсыз таныды. Жақсы көрді. Бірақ, қазіргі заманда бейнеклип болмаса танылу қиын. Аллаға шүкір, арадағы үзілістен кейін көрермен бізді ұмытпады. Керісінше жылы қабылдады. Бейнебаянның аса үлкен қажеттілігі де жоқ сияқты. Алайда, бізде көштен қалмайық деп клип түсіруді жоспарлап жүрміз. Адамның емес, Алланың қалауы болады ғой. Қанша ниеттенсек те, сәті түспей жүр. Бірақ, 2018-де бір клип ұсынамыз деп ойлаймын.

-Сізді тек сахнадан көреміз. Шоу-бизнестің қыз-келіншектері жиі жиналатын отырыстардан, «party» -дан байқамаймыз. Неге? Тоқтар ағамыз қарсы ма?

 Қарсы десем дұрыс болмас, өзімнің аса бір қызығушылығым жоқ. Әйел адам үйдің берекесі, шырағы ғой. Егер мен күнде қыдырып, тойлатып жүрсем бала-шағама, отбасыма кім қарайды? Менің жолдасым бар. «Ер азығы түзде» демекші оны киіндіріп, тамақтандырып, жолға шығарып, бірден балаларымның жағдайына кірісемін. Үлкенім мектепте, егіздерім де ес біліп қалды. Әрқайсысына жеке-жеке күтім мен «внимание» керек. Мен үйге де, бала-шағаға да, шығармашылыққа да, қыдыруға да үлгеретін әріптестеріме риза боламын. Бірақ,өзімнің ондай графикті үйренуге аса ниетім жоқ. Мен үшін сахнада көрерменмен кездесу бақыт. Үйде отбасымның жағдайын жасау бақыт. Қыдыру мен үшін шаршататын дүние болып көрінеді.

-Мүмкін, шоу-бизнесте достарыңыз жоқ болғандықтан да көп қыдырмайтын шығарсыз?

  –Мен өнерде достық бар дегенге аса сенбеймін. Шоу-бизнес әлемінде бәсекелестік пен ысырапшылдық, мақтаншақтық көп. бұрынғыдай шығармашылық талқылау, идея беру секілді достық қадамдар жоқ десе де болады. Әрине, менің сыйлайтын, жақсы көретін әріптес-достарым бар. Дегенмен, «көзден кетсе, көңілден де кетеді» деп араларымыз біраз суыған. Кездескен кезде сәлеміміз түзу. Әңгімеміз шынайы. Бірақ, күнде телефон соғып, шайға шақырып, сырласатын нағыз достарым өнерден алыстау.

-Шоу-бизнесте бәсекелестік пен мақтаншақтық көп деген пікір түюге не себеп болды?

 –Бір отырысқа бардым. Атын атап, түсін түстемеймін, кей әріптесім: «ана кісінің подписчиктерінің саны мынадай екен. Инстаграмда киген көйлегі андай екен» деген сынды әңгімелер айтып отырады. Сол кезде жүрегім ауырып кетті. Мен ондай әңгімелерді айтқым келмейді. Арзан сөзден, біреуді сынап-мінеуден аулақ болғым келеді. Бұл өмір инстаграмдағы тіркелушімен, киген киіммен өлшенбейді. Алла алдында жасаған амал, киген киім, ішкен асымыз үшін де жауап береміз. Сондықтан да, осындай әңгімелерді естігендіктен көп отырыстарға бармаймын. Мені ешкім шақырып та шаршамайды.

-Тоқтар ағамыз қаншалықты сізге жиі қыдыруға рұқсат береді?

 –Дінімізде «әйелін қызғанбаған еркек Жәннатқа кірмейді» деген бар. Сол себепті ол кісі мені қызғанады. Көп кезде барғым келетін кездесулерді айтамын. Сұранамын. Жиі сұранбаймын, оның үстіне жақын құрбыларымды да ол кісі жақсы таниды. Сондықтан, қарсы болмайды. Жібереді. Бірақ, «көп өсек, ғайбат айтпаңдар. Алла алдында әр сөздеріміз мен ойларымыз үшін есеп береміз» деп ескертіп отырады.

-Меніңше, сіздің «сұранамын» деген сөзіңізді оқыған оқырман күліп отырған шығар. Өйткені, қазіргі заманда еркек пен әйел тең құқылы, тұрмыстағы әйел қыдыру үшін сұрануға міндетті емес, ескертсе болды деген түсінік бар. Әсіресе, шоу-бизнестегі әйелдер үшін әр қадамын сұрап басу ақылға сыймайтындай көрінеді.

 –Әркімдікі өзіне алтын ғой. Ол адамдар солай ойласа, мен басқаша ойлаймын. Еркек пен әйел ешқашан да тең дәрежелі болмаған. Болмайды да. Еркек әйелден бір саты биік. Сондықтан да, ол еркек. Ескерту емес, сұрану керек. Егер күйеуіңіз рұқсат бермесе, барудан бас тартыңыз. Сұранбау, ақылдаспау, әйелдің билікке ұмытылуы отбасының бұзылуына себеп болады. Көп шаңырақтың шайқалуының басты себебі де осы өзім білем мен тең құқықтың кесірінен деп білемін.

-Үйде көмекшілеріңіз бар ма?

 –Жоқ, үйдің барлық тірлігіне өзім үлгеруге тырысамын. Біздің үй Алматыдағы қара шаңырақ десек болады. Талай қайынінілерім үйімізде бірге тұрып,ержетіп, үйленді. Солардың келіншектері: «жеңеше, не істейік? Қандай көмек керек?» деп үнемі келіп тұрады. Көмектеседі. Жаңа келін болып түскен кезімде көп адамның көңілін табудан шаршайтын едім. Қазір қолым ұзарып, жемісін көріп жүрмін.

Оқи отырыңыз:

Мөлдір Әуелбекова қарияға дөрекілік танытқан Төреғалиді жақтап сөйледі

Жомарт жанды Тәуекел: Актер мұқтаж отбасыға көмек көрсетті (фото, видео)

Сиви Махмуди өзінің қандай атақ алғанын білмей ұятқа қалды

Талғат Жорабаев Төреғалимен болған даудың неден басталғанын айтып берді

 

 

Талқылау