Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейлік әже зейнетақысына су жаңа пәтер сатып алды

Динофраз Сейілханова биыл 62 жаста. Ұзақ уақыт бойы тоқыма фабрикасында жұмыс істеген. Бірнеше жыл бұрын алдына “үй аламын” деген мақсат қойған. Осы мақсатына қол жеткізу үшін “Құрылыс жинақ банкінен” шот ашып, ай сайын ақша салып отырған. Енді міне арманына қол жеткізіп, әжейдің төбесі көкке жетіп отыр.

7adf9c7d0b4fbeec2944a7c8e06ed69f

Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

“2006 жылдан бастап, “Құрылыс жинақ банкіндегі шотқа” 12-13 мыңнан салып отырдым. Арасында одан да көп салған кездерім болды. Айналамдағылар керісінше депозиттегі ақшаны алып алуға кеңес берді. Мен көнбей, өзімнің арманымның орындалатынына сендім. “Бұйырмаған ақша қандай жолмен болса да кетеді. Ал маған тиесілі ақша ешуақытта жоғалмайды” деп айтып отырамын. Адамдар әртүрлі. Біреу қуанғанынан айтса, енді екіншілері қызғанғанынан айтады. Алдыма “ақша жинау” деген бір ғана мақсат қойдым”, – дейді Динофраз ханым.

Семейлік әже арасында үзіліс болғанын жасырмайды. Десе де, зейнетақасының көп бөлігін депозитке салуға тырысқан екен.

“Немерелерімнің туған күні келгенде, ұлыма ақша керек болғанда, зейнетақымды соларға бердім. Отбасымыздың несиесін жаптым. Бірақ, депозитке ақша салуды ұмытпадым. Көзді ашып-жұмғанша алты жыл өте шықты. Банк қызметкерлері “Кезегіңіз келді, үй аласыз” деп хабарласты. Аллаға шүкір, алдыма қойған мақсатыма жеттім. Арада жемқорлық болмады”, – дейді әже.

Өзіне бір пәтер алған Динофраз ханым енді немерелерінің атынан шот ашып, соларға ақша жинап жатыр. Жүрген жерінде жеткен жетістігі туралы айтуды ұмытпайды екен. Бағдарлама туралы алғаш кімнен естігені туралы да баяндап берді.

“Аталған бағдарлама туралы отырыстардың бірінде банк қызметкерінен естіп қалдым. Отырғандар бәріміз банктің идеясын қоштай түстік. Бірақ, келесі күні менен басқа ешкім банкке бармады. Сол жердегі менеджер қыздар өздерінің жұмысын өте жақсы атқарады. Айналайындар, барлығын ұқыптап түсіндіреді. Мен несие алатын жастан өтіп кеткендіктен, үйді қызымның атына аудардым. Осылай барлығын ашып түсіндіргендеріне де рахмет!” – дейді ол.

Бұдан өзге Динофраз ханым жұртты аталған бағдарламаға сенуге шақырды. Үй алатынын естіген кезде қатты қуанғанын да жасырмады.

“Зейнетке шыққаныма 10 жыл болды. 35 жыл бойы тоқыма фабрикасында жұмыс істедім. Далада жүрмесек те, үй алғанда төбем көкке жетті. Қазір шалымыз екеуіміз жер үйде рахаттанып отырмыз. Алған үйімізді балаларыма сыйладым. Олар да осы банктен депозит ашып, тынымсыз ақша жинап жатыр. Ақшаны үйде жинау мүмкін емес. Сондықтан туған-туыстарыма, барша қазақстандыққа оны банкте жинауға кеңес беретін едім. Қазір тіпті осы бақытты күнге қалай жеткенімді түсінбей отырмын. Уақыт жылдам өтіп кетеді екен. Сізге басқа біреу сенбесе де, өзіңізге деген сеніміңізді жоғалтпаңыз”, – дейді Динофраз ханым.

Әже мақсатқа жету үшін зор табандылықтың қажет екенін айтады.

Талқылау