Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде 3 ай бойы жалақы алмаған жедел жәрдем жүргізушілері шу көтерді

Семейде жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері шу көтерді. Үш айдан бері жалақы көрмеген 30 қызметкердің шыдамы таусылған ұқсайды. Азаматтар әйел мен бала-шағаның көзіне қараудан қалдық дейді. Бұл туралы КТК арнасына сілтеме жасап Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.

Семейде 3 ай бойы жалақы алмаған жедел жәрдем жүргізушілері шу көтерді

“Балаларымды мектепке жіберу үшін қарыздың үстіне қарыз алуға тура келді. Дүкендегілер нан да, темекі де бермейді. Оның үстіне айыппұл төлейтініміз тағы бар”, – деп ашынды жүргізушілердің бірі.

Жүргізуші азаматтар туған-туыстарына, достары мен банктерге қыруар ақша қарыз болып қалған. Жағдайдың мүшкілдігі соншалық жедел жәрдем қызметкерлері жұмысқа жаяу келуді шығарыпты. Себебі қалтада тіпті, жол ақысын төлейтін тиын қалмаған.

Ал басшылықтың жалақы бойынша қарызы 12 миллион теңгеге жеткен. Оның қашан жабылатынын ешкім білмейді. Ал станция басшылығы бүгін қызметкерлерді тағы да сабырға шақырды. Алайда қызметкерлер құрғақ уәдеге тойғандарын айтып ашынды. Олар енді кепіл қағазын талап етіп отыр.

Кәсіпорын тек жүргізушілерге емес, жанармай құю бекеттеріне де қарыз болып шықты. Басшылық бар мәселені ақшаны уақытылы аудармаған ведомствоға жауып отыр.

Айтпақшы, жүргізушілердің бір тобы дау көтергенімен, екіншілері жұмыс істеді. Сондықтан да науқастар бұл шудан зардап шеккен жоқ.

“Биыл тарифтердің өзгеруі мен қаржының кешіктірілуіне байланысты біз тамыз айында атқарылған жұмыстың актісіне енді ғана қол қойдық. Ақша бүгін, ертең, не болмағанда арғы күні аударылады”, – дейді ШҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Шәріпова.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау