Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сарбаздары қаза тапқан Жамбылдағы әскери бөлім басшыларына ауыр айыптар тағылуы ықтимал

Бас әскери прокуратура 7 сарбаздың өліміне әкеп соққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Ауыр зардапқа әкелген қызметіне салғырт қарау бабы бойынша. Әзірге нақты айып ешкімге тағылған жоқ. Арнайы тергеу тобы куәгерлерден жауап алуды бастап кетті деп хабарлайды КТК.

4544

91/678 әскери бөлімінде ауқымды тексеріс жүріп жатыр. Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов бастаған арнайы Үкіметтік комиссия әлі Жамбыл облысында жүр.

Қазіргі таңда бөлім командирлерінен бастап, қызметтестерінің қазасына куә болған сарбаздардан тегіс жауап алынуда. Сөйтіп, оқыс оқиғаның хронологиясын әр секундына дейін тізіп шықпақ. Комиссияны, негізінен бөлім басшыларының жауынгерлерді оқу-жаттығуға алып шықпас бұрын, ауа-райының қолайсыздығын неліктен ескермеген деген сұрақ мазалап отыр.

“Оқу дайындық әскери бөлімнің жоспарына сәйкес жүргізіледі. Сондықтан болған оқиға әділ обективті тексеріледі. Әр лауазымды адамның әрекеттеріне тиісті баға беріледі”, – деді ҚР Қорғаныс вице-министрі Талғат Мұтаров.

Әзірге, Көксай шатқалындағы дерек бойынша ғана қылмыстық іс қозғалған. “Қызметіне салғырт қарады” деген бап бойынша.

“Ауыр зардаптарға әкеп соққан, қызметке салғырт қарауы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы оқиға бойынша Бас әскери прокуратураның арнайы прокурорының басшылығымен, тергеу жедел тобы құрылды”, – деді ҚР Әскери прокуратураның ресми өкілі Жеңіс Темеков.

Қар көшкінінің астында қалған сарбаздар қорықшылық полкте қызмет еткен екен. Бұл елімізде әскери техника жүріп тұруы қиын таулы аймақтарда шекара күзететін жалғыз бөлім. Сондықтан жауапкершілігі мол сарбаздар қандай ауа-райы болмасын жаттығу өткізу керек дейді депутаттар.

“Оның барлығын отан алдындағы борышы деп білу керек. Сын сағаттардың барлығында әскер дайын болу керек. Қиын қыстау шақтарда да икемді болуы керек. Сол үшін өздерінің өмірлерімен сондай сынға бара білді деп ойлау керек”, – деді мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.

91/678 әскери бөліміндегі тексеріс кезінде олқылықтар анықталса, қылмыстық іс дерек бойынша емес, нақты әскерилерге қатысты қозғалуы мүмкін. Ал қызметіне салғырт қарады деген бап бойынша кемі 5 жыл жаза қарастырылған.

Талқылау