Сәкен Сейфуллин: Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысының өмірбаяны

Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысы, дарынды драматург Сәкен Сайфуллин қиындыққа толы өмірінде артына өшпес асыл мұра қалдырып кетті.Бүгінде, Stan.kz ақпарат агенттігі осынау тау тұлғалы ақынның қиын өмірін еске алады. 

Қазақтың біртуар ұлының қолынан  «Өткен күндер», «Бақыт жолында», «Асау тұлпар», «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс толқындары», «Көкшетау», «Альбатрос», «Қызыл ат», «Социалистан», «Жер қазғандар», «Қызыл сұңқарлар», «Ақсақ киік», «Ананың хаты», «Бурабай», «Біз», «Біздің жақта», «Қырда», «Тергеген болсаң айтайын», «Орман» атты үздік туындылар туды.

Ал, 1936 жылдың мамыр айында КСРО Жоғарғы атқару комитеттінің жарлығы бойынша Сәкен Сейфуллин қазақ жазушыларының ішіндегі тұңғышы болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Көзі тірі кезінде-ақ, қазақ әдебиетінің классигі атанып, көшелер мен ауылдарға есімі берілген.

Сәкен Сейфуллин 1884 жылы 15 қазанда Жезқазған өңіріндегі бұрынғы Ақадыр ауданына қарасты Қарашілік қыстағында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Сейфолла мен Жамал тұңғыш ұлдарының есімін Сәдуақас деп қойған еді. Кейін еркелетіп Сәкен деп атап кеткен.

Сөзге шешен, саятшы, аңшы Сейфолла тұңғыштарынан үлкен үміт күтті. Сәкен 7 баланың үлкені болды. Сәкеннің Мәлік, Әбен, Мәжит атты інілері мен Рахима, Сәлима, Қалима деген үш қарындасы бар еді. Алайда, сондай әдемі, сұлулығы көз тартарлық болған үш қарындасына да көз тиіп, 11-13 жастарында қайтыс болып кетеді. Кейіннен інісі Әбен де ерте өмірден өтеді. 

Сәкен анасын ерекше жақсы көргендіктен, Жамалды ана демей, «Жәмеке» деп еркелетіп атайтын. Бала кезінен орынсыз  жылауды, орынсыз еркелеуді білмеген Сәкен шешесі Жамалдың ертегілерін тыңдаудан жалықпайтын. Ауыл молдасынан сауат ашып, арабша хат танып, қисса-хикаяларды өз бетімен оқи алатын Сәкенді әкесі енді орыс мектебіне беруге бел буады. Балам білімді, көзі ашық болсын деген ниетті әкесі Сейфолла осылайша баласын мектепке береді.

1906 жылы мамыр айы. Нілдінің 2 жылдық орыс-қазақ мектебінің оқушысы Сәкен аңыз-әңгіме айтудың шебері Ыбырай ұстаның дүкеніне күн сайын барып тұратын. Бірде ұстаның көмекшілері Үсен  мен Арын кеңсе тілмашы Әмірдің есерсоқтығын әжулап өлең жазбақшы болады.

Бірақ, келістіре алмай, жандарына келген озат оқушы Сәкеннен бір өлең шығарып беруін сұрайды. Сонда Сәкен не істерін білмей ойланып қалады. Ол жыр-дастандарды жаттап жүргені болмаса, өз бетімен өлең шығарып көрмеген. Дегенмен, аяулы ағаларының көңілін қимай, «жарайды» деп басын изейді. Қарындашты қолына алып, қағазға қадала қарап тұрады да, жаза бастайды. 

Бала Сәкен оқуды үздік бітіреді. Мектепті үздік аяқтаған ол Ақмолаға үлкен арманмен аттанып, прихотская  мектебіне түседі. Одан кейін тағы екі жылдық мектепте оқып, оны 1912 жылы ойдағыдай аяқтайды. Осы кезде оған ұстаз болған өкілі әкесі Шаймерден Ниясов пен оның жолдасы адвокат Рақымжан Дүйсенбай Сәкенді әрі қарай оқыту үшін Омбыға аттандырады.

Сөйтіп, ол 1913 жылы Омбы педагогикалық семинариясына түсіп, Мағжан Жұмабаевпен бірге оқиды. Бұл қос тұлғаның бірі көзі тірі кезінде әдебиеттің классигі атанса, екіншісі Абайдан кейінгі ақын саналған. Екеуінің жасы да шамалас. Екеуі де Омбы семинариясында оқыған. Жиырмаға жетпей екеуінің де өлеңдер жинағы жарыққ шыққан. Екеуі де қуғын-сүргін құрбаны болды.

1914 жылы Міржақып Дулатов Омбыда Ғайнижамалға үйленеді. Сол тойға келген Мағжан мен Сәкен қалыңдықтың сіңлісі Гүлшаһраға ғашық болып қалады. Бірақ, қыз Сәкенді таңдайды. Сол кезден-ақ, екі жас ақынның арасында ғашықтық бәсеке ғана емес, шығармашылық бәсеке де басталған. 

Сол кезде Шаймерден Әлжан медреседе мүфти болып жүреді. Бір күні оған арасында Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Таутан Арыстанбеков бар 7-8 қазақ жігіті сәлем беруге барады. Сонда мүфти өзіне амандасуға келген жігіттерге «осы жастардың басы неге қосылмайды, неге бірігіп ойын-сауық өткізбейсіңдер» деген сұрақ қояды.

Мүфтидің аузынан ойын-сауық деген сөзді естіген Таутан Арыстанбеков алғашында не ойларын білмей қалады. Содан мүфти Омбыда 200-дей қазақ барын айтып, онда оқып жүрген жастардың басын қосып, ұйым құруға ұсыныс тастайды. Сол кезде Мағжан ұйымның атын «Айна» қояйық дейді, артынша Сәкен жұлып алғандай «айнаға қай бетімізді көреміз, оданда Бірлік қояйық» дейді. Сонымен, ұйымның атауы «Бірлік» болып, Шаймерден Әлжан төраға, ал Сәкен оның орынбасары болады. 

Оқуын бітірген Сәкен елге келіп, шамалы уақыт ауылда мұғалім болады. Көп ұзамай 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс бұрт ете түседі. Ақын халық жағына шығады. Патшаны тақтан тайдыратын ақпан төңкерісін қуана қарсы алады. Қазақ елі бостандық алып, бодандықтан құтылады деп сенеді. Сөйтіп дереу Ақмолаға келіп, жаңа заман жолындағы күреске бел шеше кіріседі.

Бұл кезде Сәкен қаладағы ірі байдың қызы Рахимаға үйленген еді. Алайда, жары оған жаңа заман тәртібін әкеме аса қолданба деп шарт қойып, кедей үкіметінің жаршысы болып жүрген ақын екі оттың ортасында қалады. Отбасының берекесі қаша бастайды. 

Ақтар келіп, Ақмоладағы кеңес үкіметін құлатады. Сәкен атаман Анненковтың азап вагонына түсіп, 9 ай дегенде тұтқыннан қашып шығады. Арып-ашып 500 шақырым жаяу жүріп еліне келеді. Бірақ, онда тұрақтай алмайды. Бетпақдаланы кесіп өтіп, Жетісуға келіп кеңес органдарының жұмысына қол ұшын береді. Өмір мен өлімнің осындай көрігіне түскен Сәкенді тосып отыруға шыдамы жетпеген зайыбы Рахима Хариддин деген жігітке тұрмысқа шығып кетеді. 

Тар жол тайғақ кешу мен тайталас күресте шыңдалған Сәкен Сейфуллин 20 жылдардың алғашқы жартысында-ақ, ірі мемлекет қайраткері, үлкен саясаткер ретінде көрінді. 28 жасында Қазақстан үкіметінің басшысы Бүкілодақтық Жоғарғы атқару комитетінің мүшесі болды. 

1923 жылы 15 ақпанда «Еңбекшіл қазақ» газетінде жарияланған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақаласында «бүгінде дейін орыстар қазақты қырғыз деп келеді. Енді ол заман өтті. Әрбір қазақ қырғыз дегенді тастап, қазақ дегенді басқа жұрттың құлағына сіңдіріп, үйретуі керек» деп қазақ сөзін  дұрыс айтуды ұсынады. Осы мақаладан соң болар, 1925 жылы кеңестің 5-ші съезінде «қазақ» деген атау түзетілді. Бірақ, Сәкен Сейфуллинге Мәскеу тарапынан «ұлтшыл» деген атақ жапсырыла бастады. 

Сәкен Сейфуллин: Қазақтың атақты ақыны, жалынды жазушысының өмірбаяны

Сәкен үкімет басына келісімен жаңа өндіріс орындарын ашайық, қазақ пролетариатын көбейтейік, ұл-қыздарды оқытып, білімге баулиық, тарихи қатені түзеп, қазақты қазақ деп айтайық деген үндеу тастады. Бұдан басқа қазақ халқының ұлттық мүдделерін көздейтін мәселелерді күн тәртібіне қойып, шеше бастады. Соның нәтижесінде қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесінде көтерілді. 

1926 жылы Сәкен Сейфуллин жол жүріп келе жатып, Нілді болыстық комитетінің төрағасы, қазақтың ірі ақыны Қайып Айнабековтың үйіне түсіп біраз уақыт қонақ болады. Аттанарында Қайып оған Қызылжарда оқып жатқан немере қарындасы Гүлбаһрамға сәлемдеме хат береді. Сәкен Гүлбаһрамды тауып алып, сәлемдемені тапсырады. Осы жүздесуде Сәкен қаракөз, бұраң бел, бұрымды бойжеткенге ғашық болып қалады. Бұл кездесуден соң ақынның «Совпарттағы қарындасыма» атты өлеңі дүниеге келеді.

Бұрымды бойжеткенге ғашық болған Сәкен Гүлбаһрамға жары болуға ұсыныс жасайды. Бірақ, Гүлбаһрам мені бір жерге тастап кететін шығарсыз деп, қауіптенетінін айтады. Сонда ақын өсек сағанда жеткен екен ғой, ендеше мен әйгілеп, жар салып, газет арқылы сені жар еткім келгенін жеткіземін дейді. Расында, ақын сөзінде тұрып, Сәкеннің өлеңі газетте жарық көреді. Содан кейін екеуі бас қосады. 

1928 жылы Сәкен Сейфуллин Ташкенттегі Қазақ педагогика институтының директорлығына ауысып, лекция оқып жүрді.

Бірақ, Мәскеудің құпия тапсырмасы ма республика басшылығының тізгініне ие болған Голощекин қазақ зиялыларының іс-әрекетін қас қақпай қарап жүрді. Бір оңаша отырыста ол «менің Қазақстанға келгеніме бірнеше жыл болса да, Сейфуллин маған бір рет келмеді» депті. Сол-ақ екен газеттерде     Хамза Жүсіпбектің «Сәкен және Сәкеншілдер», Жақын Сыздықовтың «Сәкеншілдік» атты сыни мақалалары жарияланды.

Соған байланысты партиялық тексеру комияссиялары құрыла бастады. Сәкен қатты күйзелді. Қолынан келер амалы жоғары басшылықтың көзіне түспеу үшін қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаймын деген сылтаумен, 6-7 айға ел жаққа кетеді. 

Сәкенді сонау Жоңғар қақпасының аузында отырған ауданға жіберудің бірнеше себебі бар еді. Біріншіден, бұл тұс Қытайға көшетіндердің ең ұрымтал өткелі. Егер ел ауса Сәкен сөз сөйлеп, жұрт есін жияр деген бір есеп бар.  Екіншіден, қашқандар көп болса, неге тоқтатпадың деп, Сәкенге айып таға салуға оңай еді. Басқа жаққа жіберіңдер дегеніне қарамай, Сәкенді дәл осы Үржарға аттандырудың түпкі сыры осы болатын. Сәкен мұнда айлап жүріп, ауылдарды аралап, елмен етене араласады. 

Елге барып келгеннен кейін Сәкен перзент сүйеді. Сәкен мен Гүлбаһрамның Лаура есімді қызы дүниеге келеді.

«Лаураны көтеріп жүрген уақытында Сәкеннің үйінің қасында татардың бір қызы тұрған. Сол қыз Сәкенге қызығып, ақын үйден шықса жұмысына барып, жұмыстан шықса үйге алып келіп, жолшылай келе жатқанда бұтақтардың арасына кірген уақытында Сәкеннің мойнына жабысып алатынды шығарады. Оған ыза болған Гүлбаһрам баласын орап алады да, оқуға кеттім деп Мәскеуге тартып отырады. Мәскеуде оны Сәбит қарсы алады.

Сөйтіп, жүрген уақытында баланың өкпесіне суық тиіп, ауырады. Қалы бітуге аяқталған уақытында Гүлбаһрам баласын жөргекке орап алып, Қызылордаға келеді. Сәби Қызылордаға келгеннен кейін қайтыс болады. Гүлбаһрам онда баланы жерлеп болғаннан кейін, қайтадан Мәскеуге кетеді. Сөйтіп дайындық курсына түседі. Оқып жүрген уақытында Сәкеннен хат келеді.

Баланың дүниеден өтіп кеткеніне қатты қиналдым, саған ақша жіберейін деп едім, реті болмады, тағы кездесерміз дейді. Жазда Гүлбаһрам демалысқа шығып, Алматыға келіп, Абдолла Асылбектің үйіне тоқтайды. Сонда таңертең шай ішіп отырғанында Сәкен келеді. Сәкен: Кешіре алсаң, кешір. Мен қателік жасадым, кешірім сұрауға келіп отырмын дейді. Сол кезде Гүлбаһрам осыған дейін жиналған бар ашу-ренішті ұмытып кетіп, Сәкеннің мойнынан құшақтай кетеді»,- дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішев.

Осылайша, ақын жарымен қайта табысады. Бұл күні олардың екінші бойы болды. Қайта табысқан ерлі-зайыптылар 1937 жылдың 27 қыркүйегіне дейін, үкімет айырғанша тату-тәтті өмір сүрді.  

1937 жылдың басында Мәскеуде троцкішілер соты аяқталып,     тиісті жазалар берілген. Бірақ, оның суығы Қазақстанға да жақындап келе жатты. Әуедегі әшкере етейік, масқаралайық деген сөздер енді, жаз ортасына қарай көзін құртайық, жер бетінен аластайық дегенге көше бастағанда Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Жансүгіров, Әбдірахман Айсариндер ұсталып, түрмеге жабылып жатты. Тіпті, үкіметке жақын адамдар деп аталатын Сәкен, Сәбиттердің саяси соқырлықтары туралы әңгімелері шығып жатты. 

1 жарым жасқа жетпей шетінеген тұңғыштары Лаураны ойлап, қатты қайғырған Сәкен ұлы өмірге келгенде қатты қуанады. Мұхтар Әуезовтың ұсынысы бойынша, Мирзоянға ұқсас болсын деп, баланың атын Аян деп қояды.

Гүлбаһрам мен Сәкен Аянның бір жасқа толар тойын жасауға ұзақ әзірленеді. Ақын тойға Қазақстан басшыларын да шақыруды жоспарлайды. Гүлбаһрам Аянның тойына деп бірсыпыра жаңа заттар сатып алады. Солардың бірі төргі үстелге жаюға арналған ақ дастархан еді. Өкінішке орай, жаңа дастархан жайылмай қалады. 

1937 жылғы 24 қыркүйекте Сәкен тұтқындалады. Оның троцкілшілдігін дәлелдеу үшін Мәскеуден ілік іздестіріп, троцкийлік орталықпен тікелей байланысы болған деп, иінін тауып жазушы Галина Серебрякованы тергеу ісіне араластырады. Бірақ, Сәкеннің қай жауабында да біреуді қаралаған сәт кездеспейді. Ақын ең ақырғы сотта да «мен ақпын, тазамын, сол үшін жан беруге даярмын» дегеннен басқа ештеңе айтпаған. 

Ал, Серебрякова соңғы сөзінде троцкийшілдер мен ұлтшылдар арасында байланыс орнатты деген сөздері өзіне зорлықпен жаздырғанын мәлім етіп, ат-ұят алдында адалдығын танытты. Галина Серебрякова 20 жыл азап көргеніне қарамастан, Сәкен Сейфуллин жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл кеңес халқыынң мақтанышы деп кетті. Ол ақынның ер адамға тән сұлу түр-тұлғасына қайран қалды.

Сәкеннің басына түскен ауырпалық оның отбасын да айналып өтпеді. Сәкеннің әкесін де «халық жауы» деп Қарағандыға алып кетеді де, тек түрмеде атылғаны туралы хабар жібереді. Інісі Мәлік те бір күнде жоғалып кетті. 

1938 жылғы 25 ақпаннан кейінгі жаппай ату саябырсыған шақта халық жауларының әйелдерін лагерьге жібереді екен деген әңгіме тарайды. Өкінішке орай, бұл қауесет рас болып шығады. Үйге жендеттер келіп, Гүлбаһрамға 15 күннің ішінде Ақмола жанындағы колонияға баруды тапсырады. Бармаса сотталасыз дейді. Амал жоқ Гүлбаһрам Аянын алып, жолға шығады. Пойызбен Ақмолоға Новосібір, Петропавл, Көкшетау арқылы арып-талып келе жатады.

Бұл ұзақ жолда Аян аурып қалады. Вагонда емге қолданар дәрі-дәрмекте жоқ. Қанша арпалысқанымен, еш дәрмен болмай сәби жол үстінде қайтыс болады. Сонда Гүлбаһрам Көкшетаудан түсіп қалып, Аянын жер қойнына береді. Ол Сәкен Сейфуллин ақталғанға дейін 20 жыл бойы ақынның қолжазбалары мен суреттерін, құжаттарын көзінің қарашығындай сақтап келді. Сәкен Сейфуллин атындағы мұражайдағы жәдігерлердің көпшілігі ақын жары өз қолымен тапсырған асыл мұра.
 

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр