Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сәбина Алтынбекова жапониялық клубтан Қазақстанға қайта оралды

Танымал волейболшы Сәбина Алтынбекова жапониялық “GSS Sunbeams” клубынан өзінің туған командасы “Алматыға” неліктен қайтып оралғанын түсіндіріп берді.

photo_52825

Сурет vesti.kz

Бұл туралы tengrinews.kz сайты хабарлайды.

Спортшы қыз жапониялық клуб сапында 2015 жылдың көктемінен бастап жаттыққанын айтты. Алайда бір жыл өткен соң Қазақстанға қайта оралып, өзінің туған командасы сапында тіпті бір ойынға қатысып та үлгерді. Спортшының айтуынша, оның елге оралуы әу баста жоспарланған екен.

“Мен онда жақсы дайындалдым. Әрине, бейімделу тұрғысынан біраз қиындықтар болды. Мәселен, алғашқы аптада ауа-райына үйренісе алмадым. Сосын бәрі жақсарды. Жарақатым болған жоқ. Менің жапониялық клубқа барудағы мақсатым тәжірибе жинап, біліктілігімді арттыра түсу болды. Ақпан айында маусым аяқталып, мен “Алматыға” қайта оралдым. Бұл алдын-ала жоспарланған”, – дейді Сәбина Алтынбекова.

“Жапониялық клуб маған қатты ұнады, онда барлығы өте кәсіби тұрғыда. Қазақстан мен Жапониядағы волейбол деңгейінде айырмашылық бар. Мен ол жақтағы бапкерлермен және командамен үнемі байланыстамын”, – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, волейболшы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ол алдағы уақытын “Алматы” сапында өткізіп, спортшы ретінде өсе түсуді қалайтынын айтты. Ол болашақта ұлттық құраманың негізгі құрамынан орын алып, ел намысын қорғауды арман етеді.

“Біздің ұлттық құрамада тәжірибелі, жақсы ойыншылар бар. Мен үшін бас командаға қосылуға әлі ерте. Мұндай жаста ұлттық құрамаға қосылу өте сирек кездеседі. Бірақ мен жаттығып үнемі талпынамын. Шамамен келесі жылдары ұлттық құрамадан өз орнымды табамын деп ойлаймын”, – дейді 19 жастағы Алтынбекова.

Еске сала кетсек, Сәбина Алтынбекова 2014 жылы Азия чемпионатынан соң көзге түсіп, тез танымалдылыққа ие болып үлгерген еді. Қазақстандық спортшының түр-тұлғасына қытайлық журналистер назар аударып, бұл көпшіліктің де қызығушылығын тудырған еді. Бірнеше күннің ішінде-ақ оның Азияда бірнеше мыңдаған көрермені пайда болды. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі оқырмандарының саны 500 мыңнан асқан.

Талқылау