Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза Әлқожа өзін жорта жынды қылып, елемей қойған әріптестеріне ренжулі

Әнші Роза Әлқожа “Мұзарт”, Сұлушаш Нұрмағамбетова сынды әріптестері мен бір әнді бірнеше әншіге сатқан ақындарға ренжулі. Ол іштегі өкпесін кезекті жазбасы арқылы жеткізді.

3

Фото: instagram.com/roza_alkozha01/

Бұл туралы “Stan.kz” хабарлайды.

Роза Әлқожа өзінің әнін рұқсатсыз орындаған әріптестеріне өкпесін жеткізді. Әншінің айтуынша, мұндай жағдай бір рет емес, басында бірнеше рет болған. Тіпті, өзінен тікелей рұқсат сұрап, оны бермеген соң да сахнаға алып шыққандар  бар екен. Шыдамы таусылған Әлқожа іштегі өкпесін сыртқы шығарды. Ал әріптестерінің әрекетіне елемеу, ұрлық, жынды қылу деп баға берді.

“Адамды елемеу, жорта жынды қылу деген нәрселер бар. Сондай үш жағдайды айтқым келіп отыр! Алғаш “Мен сыйға тартқан орамал” деген әнімді Жанатбек аға “Сүнекеш” тобына, Саят пен Ақбота өздеріне сұраған. Бұл кезде өзім әнші болуды армандап жүрген едім. Орындауымдағы ән “Дастан” студиясы арқылы кассеталармен тарап кеткен. Бере алмадым ешкімге!

Бір күні Сұлушаш Нұрмағамбетова қоңырау шалды. Ол кезде де әнімді өзім айтамын деп бермедім. Алайда түсініксіз себептермен эфирге Мерген Тұрған атты қырғыз әншісімен орындап шықты. Екінші баламмен үйде отырған кезім еді. Өзім пәтерде тұратынмын. Сөзге түсінбеген соң әпкемді сотқа бердім. Марал Ысқақпай хабарласып, апай енді еш жерде орындамайтындығын айтқан. Арызымды қайтып алдым. Сосын сол ышқынумен үлкен сахнаға өзім алып шықтым!

Арада 10 жыл өткен соң Ермек Елгезеков осы әнді 10 мың долларға сұрады. Оның бағасыз екенін айттым. Сөйттім де алғаш рет жеке ән кешімді өткіздім.

“Ол көктем оралмайды”

Бұл әнді екінші курста, ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде жүрген кезде жазған болатынмын. Арада төрт жыл өткен соң Қасымхан Бекманов ағамен таныстым. “Орамалды” жақсы көретінін айтып, сондай бір ән беруімді өтінді. Өзім жайлы, көркім жайлы, болмысым мен әнім жайлы ғажап әңгімеге қатты еліктім! “Ол көктем оралмайды” деген әнге сөз жазып берді. Сөзге қаттылығымды айтып “Илья Жақановпен, сосын сенімен жұмыс істеу өте қиын екен” деді.

Мен әнге сөз қарапайым, түсінікті, шынайы жазылуы керектігін айтып бағам ғой баяғы! Содан ол әнді өңдетіп бір концертте орындап шықтым. Бейнебаян түсірдік. Ағамыз өзі демеуші тапты. Кейін демеушісінің ұсынысын орындай алмай, ағамызбен арамыз салқын тартып кетті. Араға бірнеше жыл салып қайта араласа бастадық.

Мұзарттың кешіне Қасағамен бірге бардық. Ренжімеуімді өтінді. Сөз жазыла беретінін айтты. Концертке шақырып, барған болатынмын. Соңына дейін отырдым. “Ол көктем оралмайды” әнін шырқағанда жігіттерге гүл ұсындым. Ол – Мұзарт қой. Олармен теңесу маған қайда?!

Ақберен

2011 жылы кеш беріп, 1-2 жыл еркін тыныстап жүрдім. Дария Жүсіп әпкем “Жылатқаның неткенің” атты әніңді орындап шықты” деді. Түсінбей қалдым. Мен тек тойларда айтуға рұқсат бердім емес пе?! Неге бейнебаян түсіріп алған? Ақмарал апам автор болған соң рұқсат берген шығар деп ойладым.

Ол әннің сөзін алғаш смс-хатпен апаның өзі жіберген. Артынан бір отырыста әнімен орындады. Жетісай жаққа жол тартып бара жатқан соң асығыс қоштастым. Бірақ жаңағы ән маза бермеді. “Апа, қашан жазарымды білмеймін. Бірақ маған осы әнді беріңіз” дедім. Ол кісі “Сенікі болсын” деп күлді.

Аталған әнге сөз қосып, иірімін пісірдім. Көп қыздың басындағы жағдай екен. Таразда екі рет орындап, артынша халыққа қаншалықты ұнайтынын ұқтық. Әлия құрбымның кеңесімен концертте түскен ақшаға бейнебаян түсірдік. Оны эфирден көрсетуге ақша да бердік. Солай әр концертім “Ей, оқтаулы Ақберен” деп басталатын-ды.

Арман Дүйсеновтен ақыл сұрап барған едім ол кісі “Қайтесің?! Ел өзіне керегін алады. Біреуге жарнама жасама да мән де берме” деді.

Бір сұхбатта Тұңғышбай аға “Әніңді өзгелердің орындауына қалай қарайсың?” деп сұрады. “Орындай берсін. Мен елге жеткіздім бастысы. Ары қарай елдің игілігіне” деп жауап қайырдым.

Мен солай ұсақ дүниелерге мән бермеуді үйренгенмін! Мен осылай өзімді неше рет қауқарсыз сезіндім. Мен солай аға-әпкелеріме деген құрметімді граммдап өлшеп отыратын болғанмын. Әлсіздігімді ұғындырып жібергендер қайсарлығымды да қайрап жібереді бірақ”, – дейді Роза Әлқожа.

Әншінің бұл жазбасынан кейін желі қолданушылары оны қолдауға кірісті. Мұнымен қатар, өнердің бәріне ортақ екенін айтқандар да болды. Көпшілік әншінің әндерін өзгелер тартып алуға тырысқанымен ерекше дауысын ешкім иемдене алмайтынын айтқан.


Жіберіп алмаңыз:

Роза Әлқожа әкесінің мерейтойына темір тұлпар сыйлады (фото)

Роза Әлқожа күйеуіне тоқал алуға рұқсат берді

Роза Әлқожаның күйеуі тоқал алу “Мәселесіне” қатысты ойымен бөлісті

Роза Әлқожа: Уәдесінде тұрмайтындарға ызаланып жылап алдым

Талқылау