Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Роза Әлқожа: Келінге қыздай қарап алып, кейін тайраңдап кетті деп ренжиміз

Роза Әлқожаның пікірінше, заман ағымына ілесуді көздеген қазақтар келіннің табиғатын бұзып барады. Әнші келін қашан да орнын біліп, келін болып қалу керек деген пікірде. Себебі келінге қызыңдай қарасаң, ертеңгі күні оның арты жақсылыққа апармауы мүмкін, дейді ол.

Роза Әлқожа

Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі “Алматы” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

“Келін түсіремін деп үміттеніп отырған ана ретінде жиі ойланамын. Келіндерге орамал тақпауға рұқсат беріп қойдық. Менің өзіме өнер адамы ретінде рұқсат берді. Қазіргі келіндер мансап қуса, ел алдына шықса деп те жатырмыз. Бірақ сол қандай үлгі болады, бәрібір дұрыс емес-ау деп ойлаймын.

Келіндеріміз тырнақпен, қаспен, шашпен, кірпікпен әуре. Бұрын имандылық болды, шаш орамалдың астында, тырнақ өспейді. Ұрпақ дұрыс тәрбиелену үшін барлығы әйелдің тырнағынан басталады”, – дейді Роза Әлқожа.

Әншінің айтуынша, келін ақ босағаны аттағаннан кейін әрі кетсе 5-7 жыл қызмет етеді. Әрі қарай сол үйдің адамына айналады. Сондықтан да алғашқы бес жылдықта келін қатал тәрбие заңынан шықпай, өзін тек жақсы жағынан көрсетуі тиіс.

“Менің бір құрбыларым: “Келінге сәлем салма, орамал тақпа, қалағаныңша жүр деп айттым”, – дейді. Қалағаныңша жүр деген сөздің артында қайтара алмайтын қасірет бар. Өмірлік тәжірибемнен байқағаным, келіннің қызметте жүретін уақыты – 5 әрі кетсе 7 жыл. Сол уақытта келін әулетке сіңіп, ұнау керек, балалы болу керек. Біз жеңілдік жасап, келінді түскеннен бастап қыз сияқты ұстайтын болып барамыз. Содан кейін келін тайраңдап кетті деп ренжиміз. Қызға қырық үйден тыйым дейді, келінге тіпті болу керек. Біз өзіміз қолдан жасап жатырмыз.

Қазақ бұрын келінін 40 күн үйден шығармайтын, босанса 40 күн қалжалайтын. Ол нәзік болу үшін жағдайын жасайтын. Ал шалбарын лақтырып жіберіп, жұмысыңды істе десеңіз, ол еркек сияқты болып кетеді. Ал еркек өзіңе қарсы шығып, тіпті дауыс көтеруі мүмкін. Заманауи қазақтар келіннің табиғатын өзіміз бұзып жатырмыз”, – деп түсіндірді Роза.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау