Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Q-POP әлеміндегі жаңа әнші: Kyle Ruh деген кім?

Ерік Төленов немесе Kyle Ruh — қазақ эстрадасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында пайда болған Q-POP бағытындағы танымал жас әншілердің бірі. Бірнеше жылдар бойы Juniors, Moonlight тобында өнер көрсеткен ол, ендігі кезекте қазақ эстрадасынан жеке әнші ретінде өз орнын табуды жоспарлап отыр. Kyle Ruh Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында неліктен осы бағытты таңдағанын, топтан кетуінің себебін түсіндіріп, Q-pop-ты шаш бояу деп санайтын азаматтарға жауап берді.

Ерік, Moonlight тобынан кетуіңізге не кедергі болды? Топ мүшелері, жанкүйерлер сіздің шешіміңізді қалай қабылдады?

Жігіттер менің жеке әнші ретінде шыққым келіп жүргенін екі-үш жыл бұрын біледі. Бөлініп кеттің деп ешкім ренішін білдірген жоқ. Бір адамның аузынан “топтан шығып кеттің”, “сенде ешнәрсе болмайды” деген сияқты жаман сөз естіген жоқпын. Өйткені, түсінетіндей жағдай ғой. Бәрі қолдау көрсетіп жатыр.

Лақап атыңыз тәуелсіз, батыл рух деген мағынаны білдіретінін желіге жазғансыз. Өзіңіз ойлап таптыңыз ба, әлде біреу көмектесті ме?

Өзім. Расында ұзақ уақыт ойландым. Көптеген адамдардан қалай қойсам болады деп сұрадым. Негізі, әнді шығарып, маған ат қою керек болды. Ойланып жүріп екі күндей ұйықтамадым. Қазақшадан бастап ағылшыншаға дейін өзіме ұнайтын аттарды айта бастадым. Сол кезде аузыма Кайл деген есім түсті. Бірден ұнады. Интернетке кіріп мағынасын білдім. Бірақ құр Кайл болғанда дұрыс емес шығар, өзімнің атымнан да бірнәрсе қосамын деп ойладым. Қазақ болған соң, қазақша бірнәрсе болғанын қалайсың ғой. Рух деген сөзді қосып алдым. Және мағынасы бойынша ол жақсы келді.

Жақында шыққан “Сенбеймін” әнінің сөзі де әні де өзіңіз жаздыңыз ба?

Мен сөзін жаздым. Әні музыкалық продюсерімдікі. Өлеңде жігіттің қызды жақсы көретіні, қыздың да оған деген сезімі бар екені жайлы айтылады. Қыз оған қарамауы мүмкін, бірақ жігіт қызда сезім жоқ екеніне сенбейді. Көбісі осы өлеңді тыңдап бұрыс түсінік қалыптастырып жатыр.

Ән шынайы оқиғаға негізделген бе?

Басымнан өткен дүние деп айта алмаймын. Қиялдан туған ән. Әннің тақырыбына, бояуына келген соң сөзін жаздым.

Тыңдармандарыңыз бейнебаянда осы әннің сөздері неліктен жапон тіліне ауларылған деген сұрақты әлеуметтік желілерде жиі қойған. Мұның себебі бар ма? Бұл Жапонияда танылсам деген мақсатпен жасалынды ма?

Ол менің емес, бейнебаянды жасаған адамдардың қалауы. Алып тастаңыздар деп айтсам да болатын еді, бірақ олар бейнені солай көріп тұр. Оларға ұнап тұр, демек солай қалдыру керек. Кейін адамдар айтып жатты бір сөздер дұрыс емес аударылған деп. Өзім жапон тілін білмеймін, бірақ Жапонияға қызығамын. Әлемдегі ең сүйікті мемлекеттерімнің бірі деп айта аламын.

Q-POP-ты шаш бояу деп түсініп, сол арқылы тез танылсам дейтіндер бар. Сіздің түпкі ойыңыз қандай? Тыңдармандарыңызға не айтқыңыз келеді?

Жалпы, Q-POP деген шаш бояу деген мағына емес қой. Бірақ барлығы солай ойлайды ғой. Мен де басында солай санайтынмын. Корей шоу-бизнесінің көшірмесі, онсыз-ақ жасай аламыз ғой дегендей ойлар болды. Бірақ уақыт өте келе шаш бояу деген секілді дүниелерге қатты мән берудің керегі жоқ екенін түсіндім. Мен Джуниорс тобының кезінде шашымды бояп жүретінмін. Ешқандай әңгіме болмайтын. Жалпы, шашымның негізгі түсі қызғылт сары. Өзім солай сары болып туылған адаммын. Мектеп кезінде қараға, сосын қайтадан ашық түске боядым. Адамдар қатты мән бермейтін. Қандай екенімді білмейтін.

Ерболат ағалар сахнаға мәлімдеме жасап шыққаннан кейін болар, көпшіліктің арасында түсініспеушілік туды. Ол кісілердің “Орда” кезеңінен бері келе жатқан ойы Қазақстанда шоу бизнес деген ұғым жоқ екенін көрсету. Шынайы музыканттар тек қана тойда ғана ақша таба алады, сол үшін той бағытқа кетеді немесе студияда ән сатумен айналысады. Басқа да мамандықтармен күн көруге тиісті болады.

Өйткені, шынайы өнер жоқ бізде, ол сатылмайды. Ол қиыншылық өзге отанның басында болған нәрсе деп ойлаймын. Сондықтан Ерболат аға бізде шынайы шоу-бизнестің болғанынын қалады. Және оған атау керек болды. Ол ойындағысын жүзеге асыра алды. Барлығы болашақтың еншісінде деп ойлаймын.

Әлі альбом жазып, бір ой-мағына жеткізетіндей дүние жасаған жоқпын. Негізі, айтқым келетін нәрселер ойымда көп қой. Бірақ барлығын әлі іс жүзінде жеткізген жоқпын. Сондықтан ешнәрсе айта алмаймын. Алла қаласа қазан айының 27 күні Q-Pop фестивалінде сахнаға жеке әнші ретінде шығамын.

Өзіңіз атап өткендей, Q-pop корей шоу-бизнесінің көшірмесі деп айтатындар аз емес…

Атта тұрған ешнәрсе жоқ. Ең бастысы — өнердің сапасы мен жасалып жатқан жұмыста. Бірінші кезекте әртістердің шеберлігі көрінеді, ал атау ақырындап қалыптасып кетеді. Q ең бастысы қазақ деген мағынаны білдіреді ғой. Pop деген күллі әлемде бар, оны кәрістер шығарған жоқ. Сондықтан Кореядан ұрланды деп айта алмаймын. Бірақ адамдар шашы боялған әртісті көрген кезде, өнерінен бұрын оның образына көңіл аударады. Уақытымен бәрі өзгереді деп ойлаймын.

Шаш боямай-ақ шығуға да болады. Біз де жүрдік. Moonlight-пен жүрген кезде көбісіміз шаш боямадық. Не істеймін десе де әркімнің өз қалауы бар еді. Менде мысалы сырға жоқ. Жас музыканттардың көбісі шаш боясақ, бәрі жақсы болады деп шатасып жатады. Бірақ олай емес қой, ең бастысы өнер.

Q-pop-ты тыңдайтын, жақсы көретін шетелдіктер бар. Келешекте ТМД-да, АҚШ-та танылу үшін ағылшын, орыс тілдерінде ән айту жоспарыңызда бар ма?

Басқа тілде ән орындау қызықты және ол басқаша естіледі. Және сені басқа қырынан ашуы мүмкін. Бірақ әзірге ондай ой жоқ.

I am singer байқауына қатысудағы мақсатыңыз?

Ол жерде көбінесе үлкен дәрежедегі орындаушылар. Барлығының дауыстары, дарыны бар. Ең бастысы сол бір екі турдан өтсем де соған Құдайға шүкір. Ол жерде сен әлсізсің, күштісің деген жоқ. Байқау әннің өзін әншіге таңдап береді. Оған келмейтін ән беріп қоюы мүмкін. Сен оны барынша жақсы орындап шығу керексің.

Қазақ эстрадасында бірге ән салғыңыз келетін әншілер бар ма?

Маған осы сұрақты қойғанда Батыр деп жауап бергенмін. Сол кезде маған неге өзіңнің тобындағы жігіттер емес деп айтқан еді. Бірге ән салғым келетін адамдар көп. Біреуін таңдау қиын. Бұйыртса сахнаға Ғалым деген жігіт шығып қалар. Ғалымжан Молданазардың інісі. Сол жігітпен дуэт орындасам деймін. Себебі ол менің толқынымдағы адам. Өйтіп-бүйтіп Ерболат ағамен де дуэт айтуға болады (күліп).

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

 

Талқылау