Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Прокурорлар арасындағы жанжал

 Жұмыс кезінде бірін-бірі балағаттап, төбелескен екі прокурордың бірі – әйел, екіншісі – ер адам

index

Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Алматы облысы Талдықорған қаласында тұратын 47 жастағы бұрынғы прокурор, юстиция майоры Бибігүл Әбдірахымова бұрын қызметін мүлтіксіз атқарғанын, көптеген марапаттаулар мен наградаларға іліккендігін айтады. «Әріптесімнің бетіме тиген соққысынан кейін ушыққан жанжалдың кесірінен қызметімнің шырқы кетті» дейді.

Бибігүл Әбдірахымованың айтуынша, екеуара жанжал 34 жастағы бөлім бастығы, юстиция капитаны Айдос Жұмағұлов оған Талдықорған қалалық прокуратурасы мүлкін тізімдеп, инвентаризация жүргізуді тапсырған 2013 жылдың қарашасында басталған. Бұрынғы прокурор әйел «оған тізімді бірнеше мәрте апардым, бірақ бастығым жұмысымды негізсіз сынай берді, ақыры екеуміздің арамызда жанжал туып, ол маған қол жұмсауға дейін барды» дейді. Кейін жүргізілген тергеу «екі прокурор төбелескен» деген ресми ұйғарым шығарған, яғни екеуі бірдей кінәлі деп танылған. Бірақ Бибігүл Әбдірахымова «әлгі оқиға төбелес емес, мені әріптес жігіт ұрды, соққыға мен ғана жығылдым» дейді.

«Екеуінің арасында керіс басталған кезде жандарында мен болдым әрі прокурор жігіттің оны қалай боқтағанын естідім. Жанжал басталған сәтте үстелдің астына еңкейіп, инвентарлық нөмірін жазып жатқанмын. Ал басымды көтерген кезде прокурор жігіттің соққысынан әйелдің ұшып кеткенін көріп қалдым», – деп еске алады оқиғаға куә болған стажер Эльмира Мұқашева.

Орын алған оқиғадан кейін қадағалау органы қызметтік тексеру жүргізіп, екеуінің де қызметін төмендетіп Айдос Жұмағұловқа Ақсу аудандық прокуратурасында қарапайым қызметкер ретінде жұмыс істеу ұсынған. Ол қазір Талдықорғанға қызметі өсіп, қайта оралған. Ал Бибігүл Әбдірахымованы облыстың ең шеткі ауданы Балқашқа жіберген. Бірақ ол бұл ұсыныстан бас тартып, прокуратурадан жұмыстан шығып кеткен. Бибігүл Әбдірахымова әділдік іздеу жолына түсіп, жәбірлеушісін қаталырақ жазаға тарттыруға тырысып жүр, бірақ бұл әрекетінен әзірше ештеңе шықпаған.

Ол «Қазақстанда өз құқығыңды қорғау қандай қиын екенін жұмыссыз қалып, әділдік іздеген кезде ғана түсіндім» дегенді айтады.

Талқылау