Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент жолдауынан шабыт алатын ақын сайлауға түспек

Орталық сайлау комиссиясы ақпанның 6-сы күні «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан 19 адамды кезектен тыс парламент сайлауына кандидат ретінде тіркеді. Бұдан бес ай бұрын елдегі билікті қолдайтын тағы бір саяси ұйым – «Патриоттар партиясымен» аяқ астынан біріктірілген «Ауыл» партиясы басшылығына соның алдында ғана парламент сенаты депутаты болған 53 жастағы Әли Бектаев келген еді.

6353A374-40B5-4203-B870-20A22A750E5E_w640_r1_s

Бұл туралы Азаттық сайты хабарлайды.

Одан бір ай бұрын «Патриоттар партиясын» негізі қаланған 2000 жылдан бері басқарып келген Ғани Қасымов «алда тұрған міндеттерін жүзеге асыру үшін партияға жаңару қажет екенін» мәлімдеп, төрағалық қызмет пен партиядан кетіп қалған болатын. Қыркүйектің 5-і күні Астана қаласында өткен екі партияның кезектен тыс съездерінде «Патриоттар партиясы» «Ауылға» қосылып, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы деген жаңа атауға ие болған ұйым төрағалығына Әли Бектаев, оның орынбасары болып Толымбек Ғабділәшімов сайланды.

Қазақстан көлемінде өзін ауыл тұрғындары мен аграрлық сала еңбеккерлерінің мүддесін қорғайтын ұйым ретінде таныстыратын «Ауыл» партиясының қазіргі басшысы саяси қайраткер ретінде көпшілікке әлі кеңінен танылмаса да, Оңтүстік Қазақстанда ұзақ жылдар өзі қызмет атқарған ортада және туыс-достарына өлең жазатын қасиетімен белгілі. Әли Бектаевтың сөзіне жазылған кейбір әндерді өнерпаздар сахналардан айтып жүр. Мәселен, белгілі әнші Рамазан Стамғазиев орындап жүрген «Қызыма» әнінің сөзін Әли Бектаев қызын ұзатқан кезде жазған.

Сонымен бірге оның шығармашылығында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев арқау болған туындылар да бар. Шымкенттік «Сәт» тобы орындайтын «Нұр аға» әніне Әли Бектаев жазған өлең «Өрге тартып, биіктерге көтердің, Тілден, көзден сақтасыншы, Нұр аға!» және «Ел үмітін арқалаған еңселім, Алаш үшін аман болшы, жан аға!» дейтін жолдардан тұрады.

Ақын Қазақстан президентінің жыл сайын халыққа жасайтын жолдауларынан да шабыт алатынын байқауға болады. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетіне 2015 жылы қаңтарда жарияланған «Қазақ елі және Елбасы» атты мақаласында Бектаевтың жазуынша, президенттің «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауы жаңа өлең жолдарының өрбуіне себеп болған.

Автор тәуелсіз Қазақстан бүгінгі дәрежеге президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «туған халқы үшін бар күшін сарп ете жүріп, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалып, бойындағы Тәңір берген бар қасиетінің, жоғары парасаттылығы мен азаматтығының, елінің алдында барды – бар, жоқты – жоқ деп айтатын шыншылдығының арқасында жетіп отырғанын» айтады. Ол «демократияны басты қағида етіп, түрлі-түсті төңкеріс жасап, президенттерін де, парламентін де, үкіметін де қайта-қайта сайлап жатқан елдердің қайсысы оңып жатыр?» деп, Украинаны мысалға келтіреді.

Қазақстан президентінің жүргізіп отырған саясатын қолдайтын «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы бұрынғы ұстанымы мен басымдықтары өзгермейтінін айтып отыр.

Бұған дейін «Ауыл» партиясы 2007 жылы өткен мәжіліс сайлауында 1,51% дауыс, 2012 жылғы мәжіліс сайлауында – 1,19% дауыс қана алып, парламентке өте алмаған. Ал елде осы кезге дейін өткен президент сайлауларында «Ауыл» партиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасына қолдау білдіріп келген.

Талқылау