Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өртке кешігіп жеткен құтқарушылар кептеліске түсіп қалдық деп ақталды

Алматы облысында алапат өрттен соң, үйсіз қалған тұрғындар бұған құтқарушыларды кінәлады. Себебі, өрт сөндірушілер оқиға орнына тым кешігіп жетіпті. Олар келгенше 3 үй мен жиһаз цехы түгі қалмай өртеніп кеткен. Ал құтқарушылардың кешігуіне жолдағы ұзын-сонар кептеліс себеп болыпты. Әрі апат болған Тұздыбастау ауылына ең жақын өрт сөндіру бөлімшесі 20 шақырым жерде орналасқан екен, – деп хабарлайды КТК арнасы.

1912594

Айтпай келген апат тұрғындардың тыныштығын кешкі уақытта бұзды. Болжам бойынша, өрт Тұздыбастау ауылындағы жиһаз цехынен шығыпты. Көзбен көргендер онда тоқтың тұйықталуы болғанын айтады. Содан тұтанған от лезде күш алып, желмен көрші үйлерге тараған.

Абырой болғанда, бұл үйлердегі тұрғындар далаға шығып үлгерген екен. Сөйтіп, бірден өрт сөндірушілерді шақырған. Бірақ оқиға орнына санаулы минутта жетуі тиіс мамандарды бұл жолы тым ұзақ күтуге тура келіпті. Мұндайда қарекетсіз күтіп тұра беруге де болмайды. Сондықтан іске тұрғындардың өздері кіріскен.

Құтқарушылар келгенше тұрғындар өртпен өздері арпалысқан. Оны өшіруге осы маңайдағы 500-ге жуық адам белсене кірісіпті. Жұрт суды көшедегі арықтан шелектеп тасып, отқа шашқан. Бірақ бар күштерін салса да, бұл әрекеттерінен еш нәтиже шықпапты.

Сөйтіп жүріп денесін күйік шалғандар бар. Тұрғындардың айтуынша, құтқарушылар мұнда тек 1 жарым сағаттан кейін жеткен. Олардың өзі тілсіз жаумен 2 сағаттан астам уақыт арпалысыпты. Тіпті өрттің тым күшті болғаны соншалық, бүгін де кей жерлері қайта тұтанды. Сондықтан оқиға орнында мамандар әлі жұмыс істеп жатыр. Қызыл жалын жалпы көлемі 370 шаршы метр аумақты шарпыған. Яғни одан жиһаз цехы мен 3 үйдің түгі қалмай өртеніп кетті. Осында тұрған УАЗ автокөлігінің түгі қалмаған.

“Ештеңе қалған жоқ. Қараңыз, өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой, не болғанын. Телевизор болған. Ноутбуктар болған, кредитте тұрған”, – дейді зардап шегуші Сұлтан Ибрагимов.

Айдың-күннің аманында далада қаңғып қалған 3 отбасы да бұған бірінші кезекте жиһаз жасаушыларды кінәлайды. Олардың айтуынша, цех заңсыз жұмыс істеген. Әрі онда қауіпсіздік ережелері сақталмапты. Содан болса керек, оның жұмысшылары кеше бұл жерден қашып кеткен. “Мына көршілер кінәлі, бәрі заявление жазып жатыр соларға. Бәрі мебель жасайды, нелегалдар. Где-то 27 адам, жүгіріп шықты ғой бәрі мына жаққа”, – дейді зардап шегуші Әділ Тоқтақұнов.

Цехтың басшысы да төбе көрсеткен жоқ. Ресми органдар болса, от үйден шыққан дегенді айтады. Қазір оның нақты себебі анықталуда. Ал өрт сөндірушілерді кешігуіне жолдағы кептеліс себеп болып шықты. “Талғар тас жолындағы көліктердің көптігі мен ең жақын өрт сөндіру бөлімінің 20 шақырымда орналасуына байланысты құтқарушылар оқиға орнына 22:45-те жетті. Өрттің лезде таралуына баспаналардың тез жанатын материалдардан, яғни, ағаш пен қамыстан тұрғызылуы да себеп болған”, – дейді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Руслан Иманқұлов.

Мамандар кешіксек те, жалынның тағы 3 үйге таралуының алдын алдық деп отыр. Ал, баспанасыз қалғандар кінәлілерді заңмен жазалап, шығынды өндіріп аламыз деп бекініп отыр.


Жіберіп алмаңыз:

Ұшақ апатында қаза тапқан жігіттің сүйегін мәйітхана туыстарына бермей отыр

Кінәсі дәлелденбеген қостанайлық дәрігерлер ақталып шықты

Дәрігерлер: Иттен жұғатын аурулар мүгедектіктен адам өліміне дейін апаруы мүмкін

Талғар қаласындағы мейрамханада құрттап кеткен котлет берген (фото)

Талқылау