Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Омар Жәлелұлы: қазір кыздарымыз нәпсілерін тыя алмайтын, сөзінде тұрмайтын «қатындарға» шығып жатыр

Белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Омар Жәлелұлының отбасы тақырыбына келгенде айтары көп. "Отан - отбасынан басталады" деген  идеяны насихаттап жүрген абайтанушы халыққа пайдалы болуды көздейді. Айтса жетеңе жеткізе айтатын Омар Жәлелұлы ер мен әйел, отбасы тақырыбындағы тағлымды ойын Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында бөлісті.

Омар Жәлелұлы: қазіргі қыздарымыз

Қазіргі таңда Омар Жәлелұлы немен айналысып жүр? Қазақстанды аралап семинар өткізудегі мақсатыңыз жайлы айтып өтсеңіз.

Еуразия ұлттық университеті «Алаш: мәдениеті мен рухани даму» институтының ғылыми қызметкерімін. Семинарларымда алаш идеясын насихаттаумен айналысамын. Алаш идеясында ең бастысы  «отан-отбасынан басталады» деген ұстаным. Қазақта сөз бар «аяғыңдағы етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда. Үйіңдегі әйелің долы болса, елдегі тыныштықтан не пайда» дейді. Біздегі  отбасындағы тыныштық, береке мәселелері әлі күнге өз шешімін таппай тұр. Бұған қазіргі таңдағы 100 некенің 75-і ажырасып жатқаны дәлел бола алады. Сондықтан менің дәрістерімнің тақырыбы көбінде отбасындағы түрлі жағдайларға байланысты. Кез келген нәрсе әуелі Алланың,  екінші халықтың сұрауымен болатыны сияқты осы тақырыпқа халықтан сұраныс көп.  Бұрын халық  мал бағудың айналасынан шыға алмаса, қазір халық мал мен байлықтың баянсыз екенін түсінді. «Бақ деген басыңа қонған құс ұшады да кетеді, байлық деген қолыңа ұстаған мұз, ериді де кетеді. Бала артыңа қалдырған із емес пе?!» деген классикалық тұжырымға халық өзі келді. Көпшілік отбасындағы тәрбие туралы, ата-ана мен бала арасындағы қатынас туралы, баланы тәрбиелеу жайлы сұрағандықтан семинарлар осы мәселелерді қамтиды.

Ер адамның бір-ақ мақсаты бар. Ол халыққа қызмет ету. Шәкәрім атамыз айтады:

«Баршаға жаның ашысын,

Қышыған жерін қасысын.

Аузыңнан мейлі сары алтын

Бұлақтай ағып тасысын,

Сонда да түспе қақпанға».  Мақтанның қақпанына түсіп қалмау туралы айтып отыр. Менің ұстаздарым Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп болғандықтан сондай қақпанға түсіп қалмай, халыққа пайдалы болуды көздеймін.

Омар Жәлелұлы: қазір кыздарымыз нәпсілерін тыя алмайтын, сөзінде тұрмайтын «қатындарға» шығып жатыр

"Еркек-әйелдің қамқоршысы"-депсіз бір сұхбатыңызда. Қазіргі таңда сол қамқоршыларымыз өз міндетінің үдесінен қаншалықты шығып жүр?

Еркек, ұрғашы деген атаулар-жыныстық атаулар. Бұл адамның ананың құрсағынан бірінші рет туылғандағы аталуы. Мәшһүр Жүсіп атамыздың «егер адам анасынан бір рет туып, сол деңгейде қалып қойса, жабайы жүректі, тар ауданды болып өмір сүреді. Екінші рет қайта туып, нәпсі мен шайтанның арасын бұзып өтіп рухани тұлға ретінде екінші рет дүниеге келуі керек» деген сөзі бар. Сонда қазақ екінші рет дүниеге келген адамды ғана ер дейді екен.  Ер дегеніміз рухани атауы, еркек дегеніміз жыныстық атауы. Сол сияқты әйел де рухани атау.  Бірақ бұл жерде ремарка беріп кету керек бір жайт бар. Қатын деген сөзді руханятта ауыспалы мағынасында қолданып отыр.  Шын мәнісінде қатын деген сөздің үш мағыныасы бар. Олар: императрица, қыздық ғұмыры аяқталып, әйелдік ғұмыры басталғанда берілетін статус, соңғысы денені қатын деп атайды. Яғни, адамның жанын ер, денесін қатын дейді екен. Қазақтағы «қатын бастаған көш қараң қалады» деген сөзде денесі жеңіп кеткен, нәпсісін тия алмаған адамды айтып отыр. Ол еркек те, ұрғашы да болуы мүмкін. Eр деп нәпсісін жеңген ұрғашы ма, еркек па парқы жоқ бірдей атай берген. Өтірік айтпайтын, нәпсісін тиған, қақ-соқпен жұмысы жоқ, бір сөзді әйелді ер мінезді деп атаған. Әйелдеріміз ер мінезді болса, нұр үстіне нұр. Ал еркек мінезді болса, онда «катастрофа».

Адам неге өзінің отбасының қорғаны бола алмайды? Өйткені, өзінің нәпсісінің жетегінде кеткен. Эгоист нәпсінің жетегінде өмір сүретін еркек ешқашанда  ер бола алмайды. «Ердің екі сөйлегені өлгені» дегендей, Алла алдында неке қиып, бір қызды жар етіп алдың ба, сен оны төрт нәрсемен қамтамасыз етуге тиістісің. Тамақ, киім кешек, баспана және жыныстық қанағаттандыру ер адамның міндеті. Алланың алдында сөз берген соң, о дүниеде әйелің үшін жауап бересің. «Ердің мойнында қыл арқан шірімес» деп қазақ нағыз ер өз сөзінде тұрады, Алла алдында қарыз болып қалмайды дегенді айтып отыр. Өкінішке орай, қазіргі кезде қыздарымыз ерлерге емес, нәпсілерін тия алмайтын, сөзінде тұрмайтын «қатындарға» шығып жатыр. Бүгін сүйем деп, ертең айнып шыға келуі нәпсінің табиғаты. Нақтырақ айтқанда қатындық.

Омар Жәлелұлы: қазір кыздарымыз нәпсілерін тыя алмайтын, сөзінде тұрмайтын «қатындарға» шығып жатыр

Нәпсіден жырақ әңгіме жоқ деп отырсыз. Нәпсіні жеңудің жолдары бар ма?

Нәпсіні жеңудің бір-ақ жолы бар. Ол ынсапты болу. Ынсап деген үш мағынаны береді. Біріншісі ортасын ұстау, екіге бөлу және әділ билік. Бір сөзбен айтқанда әділдік.   Кез-келген жағдайда ортасын таба білу. Мысалы, дінде де ынсап керек. Пайғамбарымыз: «діндар да болмаңдар, дінсіз де болмаңдар. Ортасын ұстаңдар» деген. Қарапайым тағы бір мысал келтірейік, мен бақытты болғым келетіні сияқты басқа адам да бақытты болғысы келді. Сонда өзіңнің бақытты болу жолыңда, басқа адамды бақытсыз  етпеуің керек.

Әйелін ханымдай ететін қандай еркек?

 «Қараша ханның тұсында, қатын ердің тұсында» деген қазақ, қарашасыз хан, хансыз хараша болмайтынын айтып отыр. Ер император болмай, қатын императрица бола алмайды. Қатыныңды императрица деңгейіне көтеру үшін, алдымен өзің рухани дамуың, нәпсіңді жеңуің керек. Қазіргі кезде еркектер өзінің негізгі міндетін неге атқармайды? Өйткені нәпсісін тия алмайды. Ондай еркектер диванда, теледидар қарап жатыр. Адамның алпыс түрлі ит мінезі нәпсісіден шығады. Қорқақтық, өсекшілдік, әлжуаздық, т.б. «Қатының сенің арыңа құдайға табынғандай табыну керек» деген Мағжанның сөзіне сай болу үшін нәпсіні жеңу керек. Нағыз ер кәсіппен айналысады, өзінің атына кір келтірмейді, қатын баласына отбасына дұрыс қарайды, тәрбие береді.  Түріктерде әйелі ерін «ходжам» дейді. Біздегі қожайын деген сөз.  Ол дегеніңіз алған затын бүлдірмей сақтап, шырайын шығармай, аман-сау күйінде Аллаға тапсыратын адам.

«Kәрі қыз - сұмдық, масқара ұғым (позор)» деп қазіргі қоғамдағы ең актуалды терминге осылай анықтама беріп,  «20 жас - кәрі қыздың жасы» дегеніңізбен көпшілік қыздар келіспеуі мүмкін...

Айтқан сөз атылған оқ. Келісесің ба, келіспейсің бе онда ешкімнің шаруасы жоқ. Шопенгауер: «адам өзі туралы ойлағанмен бағаланбайды, өзге адам сен туралы ойлағанмен бағаланады» дейді. Сонда қазақ қоғамында қыз 20-ға келді ма, кәрі қыз статусына өтеді. Мейлі, ХІХ ғасырда өмір сүр, ХХХ ғасырда өмір сүр бәрібір  қыз ретіндегі физиологиясы өзгермейтіні сияқты, бұл да қызға қатысты қатып қалған заңдылық.

Омар Жәлелұлы: қазір кыздарымыз нәпсілерін тыя алмайтын, сөзінде тұрмайтын «қатындарға» шығып жатыр

Қазіргі қыздардың ойын жақсы білесіз. Оқысам,  жұмыс істесем, ақша көп тапсам, табысты болсам дегенді ойлайды. Отбасы екінші планда. Қазақ қызының бұлай өзгеруіне не себеп немесе кім кінәлі?

Бұған тікелей шешесі кінәлі. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Қазіргі таңда қазақ өз қызына дұрыс тәрбие беріп отырған жоқ. Бұрын қазақ қызын жатжұрттық деп қызын бес жасыннан тұрмыстық өмірге тәрбиелеген. Ал қазір қазақ қызын мал табуға дайындап және жақсы оқысаң, жақсы жұмыс істейсің деп тәрбиелеп отыр.  Бұл қатындық әңгіме. Осыдан барып ерлер шықпай жатыр.  Нағыз ер ретінде қыз елге қызмет ету керек. Қазақ «ерін баққан қатын елін де бағады» деп қатынның елге қызмет етуі ерін бағу арқылы жүзеге асатынын  о баста айтып кеткен. Біздің басымызда осы «программа» болмай тұр.

Қызды ерте тұрмысқа беру қазақта о баста бар дүние. Қызды ерте тұрмысқа берудегі идеология не? Өзі аялап өсірген қыздан тезірек құтылу ма, әлде қыз адалдығын сақтай алмайды деп қорыққандықтан ба?

 «Қыз он беске келгенде шашынан көп жаласы» деп халқымыз бекер айтпаған. Қыз пісіп, жетіле бастады ма оның артынан сөз ере бастайды. Мысалы, сіз әдемі бір жаһұт тастармен безендірілген  құмыра жасадыңыз. Шебер ретінде жасаған құмыраңызды біреудің төрінде тұрғызуға мүдделісіз. Көп ата-ана қазір  содан бастартып, өздері жасаған құмырасын өткізбей қор қылып отыр.

Қазіргі  тұрмыс құрғалы отырған  жас қыздар мен жігіттерге не айтасыз?

Жалпы дүниеде үш нәрсе қадірсіз. Денсаулық, жастық, әйел қадірсіз. Үйленгеннен кейін көп адам әйелінің қадірін білмейді.  Әр нәрсенің қадіріне жете білу маңызды. Қазіргі жастарға уайым керек. Уайымсыздық хайуандыққа әкеледі. Абайдың: «уайым-ер қорғаны» деген сөзі бар.  Уайым жоқ деген сөз ақылы жоқ дегенге саяды. Ең бастысы Құдайдың алдында осы ісім үшін жауап берем-ау деп уайымдау керек. Қазіргі жастарда осы ісімді құдай көріп тұр-ау, осы үшін жауап берем-ау деген сезім жоқ. Жастық қуатын ойынға, күлкіге жұмсап жатыр. Менің айтарым қазіргі жастарымыз рухани қартаюы керек. Сонда олар әнтих қадамдарға бармайды, қателіктер жасамайды, күш-қуатын отбасына жұмсайды, қыздарын жылатпайды, көрінгенге көз салмайды.

Омар Жәлелұлы: қазір кыздарымыз нәпсілерін тыя алмайтын, сөзінде тұрмайтын «қатындарға» шығып жатыр

Берік отбасының кілті неде?

Берік отбасының кілті-қарыз сезімінде. Қазіргі отбасылар неге ажырасып жатыр. Өйткені, өздерін қарыз сезінбейді. Абай: «кім саған махаббат қылса, махаббатқа махаббатпен жауап қайтару – қарыз» дейді. Берік отбасының фундаменті осында жатыр. Қазіргі кезде әйелі ерін жақсы көреді, бірақ еркегі жақсы көрмей, басқа біреуге кетіп жатыр. Бұл жердегі мәселе құмарлықты сүюмен шатастырып алуда. Жақсы көру дегеніміз денеден өтіп кетіп, адамның жан дүниесін тану, жан дүниесін жақсы көру. Ал бізде сырт бейнесін көреді, соны жақсы көрдіммен шатастырады. Ол – құмарлық . Құмарлықтың табиғаты сол, тойған бетте жиіркеніп шыға келеді. Бір рет адамның жан дүниесін танысаң, ешқашан ол адамнан жалықпайсың. Неге? Өйткені, адамның жаны- шексіз космос.

Автор: Жанна Мәлік

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау