Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өлгендер қатарына қосылған шымкенттік өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр

Шымкент қаласының тұрғыны Бағдат Жұмаділов өзінің тірі екенін дәлелдей алмай жүр, – деп хабарлайды Хабар 24.

Себебі мемлекеттік деректер қорында ол «16 жасында көз жұмған» деп тіркеліпті. Бір қызығы, мұндай олқылықтың орын алғанына тоғыз жыл болған.

Алайда осынша жылдан бері өзінің «өлілер қатарына» тұрғанынан бейхабар жігіт диплом алып, отбасын құрған. Бағдат Жұмаділов Халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын тоздырғанына бір айдан асты. Өзінің тірі екендігін дәлелдей алмай әлек. 25 жастағы жігіт мемлекеттік деректер қорында «қайтыс болған» деген статуспен тіркелген. Сол себепті ол енді ешқандай құжат рәсімдей алмайды. Жуырда Бағдаттың ұлы дүниеге келді. Алайда нәрестенің құжат бойынша әкесі жоқ. Анасы амалсыздан Туу туралы куәлікті өз атына алыпты.

«Өзім тірімін, ал құжат бойынша өліп қалған деп тұр. Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында тіркелген дейді осы жағдай. Ал Шиелі ауданына ешқандай қатысымыз жоқ. Өткенде келгенде АХАЖ-дың кінәсі деді. Бүгін келсем Шиелідегі жұмыспен қамту басқармасының кінәсі дейді. Барлығы бір-біріне лақтырып жатыр», –  дейді Шымкент қаласының тұрғыны Бағдат Жұмаділова.

Баласын уайымдаған ана Ұлбала Әбілдаева осы жағдайдан соң күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Оның айтуынша, ұлы құжат бойынша 16 жасында қайтыс болып кеткен. Ал бір қызығы, Бағдат содан бері мектеп пен жоғары оқу орнын бітіріп, екінші рет жеке куәлік алған.

«Тірі тұрған баламды қалай мен өлді деп айтамын. Түнде де ұйықтай алмаймын. Уайымдаймын. Ал Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жеке басты куәландыратын құжатқа жауапты қызметкерлер: «бұл олқылыққа біз кінәлі емеспіз», – дейді.Жұмаділовтің анасы Ұлбала Әбілдаева.

Бағдат өзінің өмірде бар екендігін дәлелдеу үшін шаһардағы бірнеше мекемеге бас сұғып, мән-жайды түсіндірген. Ал мұндағылар оны кімнің «о дүниеге аттандырып жібергенін» анықтай алмай дал. Себебі арада көп уақыт өтіп кеткен. Дегенмен жаңа өмірге қайтару үшін қол ұшын созуда.

«Бүкіл мемлекеттік деректер қорында бұл баланың статусы қайтыс болған деп берілген. Қазір бұл азамат бізге арызын жазды. Біз бұл арызды алып, жоғарғы құзырлы органдар арқылы мәселесін шешуге көмектесеміз», – деді Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі АХАТ секторының өкілі Клара Тілеуова.

Бағдат Жұмаділов: «осы іске кінәлі адамды таппай қоймаймын», – дейді. Мақсаты – тірі екенін дәлелдеп, өлгендер тізімінен шығу. Сөйтіп жаңа өмірге қайта оралу.

Жіберіп алмаңыз: 

Павлодар оқушылары барлығынан ақылдырақ болып шықты

Алматы облысында жертөледе тұратын бес балалы отбасыға имамдар үй салып берді

ҚР президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды

Алмазбек Атамбаев Назарбаев қатысатын саммитке барудан бас тартты

Талқылау