Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Өлген жоқ қой” деді: Алматыда ұлының мұғалімін соққыға жыққан әйел не болғанын айтып берді

Алматы облысының Өтеген батыр аулында даулы іске қатысты сот отырысы өтіп, мұғалімді соққыға жыққан сотталушы оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді. Айтуынша, мұғалімнің өзі баласының мойнын жарақаттаған.

"Өлген жоқ қой" деді: Алматыда ұлының мұғалімін соққыға жыққан әйел не болғанын айтып берді

Бұл туралы «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Баласының мұғалімін соққыға жыққан әйелдің сөзінше, ұлы мектептегі қатарластары мен мұғалімдердің өзін кемсітетінін айтып, бірнеше рет шағымданған. Сотталушы балалардың арасында болған іске ешқашан араласпағанын атап өтті. Алайда мектептен келген ұлының мойнынан тырнақ ізін көргеннен кейін үндемей қала алмапты. Себебі баласы мұндай әрекетте биология пәнінің мұғалімі жасағанын айтқан. Сондықтан ол мектепке барып, мұғаліммен сөйлеспек болады. Алайда өзімді ұстай алмай қалдым, дейді.

«Баламның күртесін шешіп, оған мойнындағы жараны көрсете бастадым. Ол қолын сілтеп: «Қорқатын ештеңе жоқ. Өліп қалған жоқ қой», – деді. Осыдан кейін мен оның қолын тырнап алып, бетінен ұрып жібердім»,  – дейді сотталушы.

Сот процесінде әйел өз әрекеті үшін мұғалімнен кешірім сұрады. Алайда педагог оқушысына ешқашан қол тигізбегенін, ал оның анасы өзін бірнеше рет ұрғанын айтып отыр. Ол сол жағдайдан кейін ауруханаға түскен. Мұғалімнің миы шайқалып, құлағының жарғағы жарылыпты.

«Маған  тап беріп, бетімнен салып жіберді. Құлап қалып, желкеммен еденге соғылдым. Мұнан кейін шашымды жұлып жатқанын сезіндім. Артынша ол мені көтеріп, әрі қарай ұра берді», – дейді жәбірленуші Гүлзира Байділдаева.

Сол жағдайдан кейін мұғалімнің денсаулығы әлі қалпына келмеген. Ол алдағы уақытта құлағына ота жасатып, ұзақ уақыт емделуі керек. Сондықтан жәбірленуші тарап материалдық және моральдық шығынды өтеуін талап етіп отыр.

«Моральдық шығын үшін 3 миллион теңге және материалдық шығын үшін 1 миллион 629 мың теңге өтеуін сұраймын. Бұл сома Байділдаеваға келген зиянмен салыстырғанда, өте аз», – дейді жәбірленген мұғалімнің қорғаушысы Маржан Аспандиярова.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау