Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-да 40 жыл бел жазбай станокта жұмыс жасаған еңбек ардагері зейнетақыға жарымай отыр

Еленбей қалған еңбек. Оңтүстік Қазақстан облысында 80-нен асқан қария бейнетінің зейнетін көре алмай отыр. Өмір бойы зиянды жұмыс орнында тер төккен ақсақалға мемлекет ең төменгі зейнетақы тағайындапты.

Оны қайта есептету үшін жоғарыға дейін хат жазғанымен, әлі күнге нәтиже жоқ. Амалы таусылған қария Еуразия бірінші арнасына хабарласуға мәжбүр болды.

“Мына жерде перерывсіз станок алмастырмай, 40 жыл жұмыс істедім” – дейді қария.

Талип Усманов – темір ұстасы. Ол Сайрам ауданы, Ақсукент ауылындағы машина жөндеу зауытында 40 жыл еңбек етіпті. Бұрынғы жас маман зейнет жасына жеткенше, бір орында бір ғана станокта үзіліссіз тер төккен. Темірден түйін түйген ұстаның жетістігі де көп. Ерен еңбегін бағалаған сол кездегі зауыт басшылығы оған ең жоғары жалақы да төлеп келіпті. Бірақ, зейнетке шыққанда, оның бірде-бірі есептелмеген.

“Зарплатам жақсы болғанымен, пенсиям аз. 27 000 болды, 38 000 болды, 47 000 болды, қазір 50 000 теңге аламын. Ал, ол бәрібір аз ғой, мен қатарлылар көп алады» – дейді тауы шағылған зейнеткер Талип Усманов.

Бүгінде қария 50 мың теңге зейнетақы алады. Бұл қаражат өмір бойына зиянды жұмыс орнында еңбек еткен мен секілді адамдарға өте аз дейді ақсақал. Оны қайта есептету үшін бірнеше мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырыпты. Жоғары сотқа дейін шағымданған. Алайда, мұның талап-арызын қарау үшін Елордаға шақыртқанда, денсаулығы жарамапты. Болмаған соң, Елбасыға хат жазған. «Әзірге нәтиже жоқ» дейді ол.

“Вредносты алмайды бұлар, неге алмайды? Мына жерде қағазы бар еді 95 % вредность бар. Неге? Постоянно чугун істегенмін» – дейді зейнеткер Талип Усманов.

Дегенмен, әлеуметтік төлем төлеу орталығының мамандары қарияның зейнетақысы заңға сәйкес төленіп жатқанын айтады. Себебі, Талип Усмановты еңбек демалысына шығарар уақытта жұмыс орны зейнетақы қорына қаражатты дұрыс аудармаған көрінеді. Кеңестік кезеңде дүрілдеп тұрған зауыт кейінен берекесі қашып кеткендіктен, осындай қадамға барған. Соның кесірі Талип ақсақал секілді талай жұмысшыға тиіпті.

“Бұл кісінің соңғы жұмыс істеген орны 2004 жылға дейін істеген. Ал, бірақ, айлық табыстары болмаған. Ал, енді 1 шілдеден бастап, ол кісінің пенсиясы базалық зейнетақының көбейюі есебінен 63578 теңгені құрайды” – Сайрам аудандық әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығының бас маманы Алтынбек Әшірбаев.

Бүгінде елімізде базалық зейнетақы 15 мың теңгеден асады. Ілгеріде барлығына бірдей төленетін. Ал, биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, оған өзгеріс енгізілмек. Енді еңбек демалысына шығатын адамдардың кем дегенде 10 және одан төмен еңбек өтілі болуы тиіс. Өзгелеріне 10 жыл бойына 566 теңгеден қосылып отырады. Мәселен, 11 жылдық еңбек өтілі бар жанға 15 840 теңге, 20 жылдыққа 20 931 теңге, ал, 33 жыл үздіксіз жұмыс істегендер 28 284 теңге зейнетақы алады.

“Қазіргі таңда зейнет жасына толған азаматтардың 1998 жылға дейін еңбек өтілі болса және 1 қаңтар 1998 жылдан кейін міндетті зейнетақылық жарналары болса, осы 2 талапқа байланысты қайтадан қаралады» – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру басқармасының бас сарапшысы Марфуға Исмағұлова.

Ақсақалдың Кеңес одағы кезінде алған “Еңбек ері” деген қызыл куәлігі мен түрлі мақтау қағаздары енді ешкімге қажеті жоқ. Жалақысын растайтын құжаттары да көненің көзіндей сақтаулы тұр. Оны сұратып жатқан тірі жан жоқ. Бірақ, қария осы бір құжаттың бәрі болмаса да бірі септігі тиіп қалар деген үмітте.

Тағы да оқыңыз:

Семейде далада қалғандарды панасына алатын Аналар үйінде үйлену тойы болды (фото)

Оғыз Доған: Өзім түрік болсам да, қазақ қыздарының түріксымақтарға тұрмысқа шығуына қарсымын

Алматы облысының әкімі жетім қызға пәтер сыйлады

Талқылау