Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрсұлтан Назарбаев БАӘ-де Абу-Дабидің тақ мұрагерімен кездесті (фото)

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Бұл туралы Ақорда сайты хабарлайды.

Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені үшін Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянға ризашылық білдірді.

«Менің ресми сапарымның Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның 100 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символдық мәні бар. Мен үшін Сіздің әкеңізбен таныс болғаным – зор мәртебе», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас қарым-қатынастар мен табысты кездесулер екі ел арасындағы байланыстардың дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

«Өзара уағдаластықтарды іске асырудың арқасында тек 2017 жылы сауда-саттық көлемі 2 есе өсіп, 374 миллион доллардан 643 миллион долларға дейін жетті. Ал 2015 жылдан бастап бұл көрсеткіш 6 есе артты», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев визасыз режим енгізу екі ел арасындағы қарым-қатынастарға оң әсер ететініне назар аударып, тараптар инвестицияларды қорғау, ғарыш технологиялары, су энергетикасы, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты әрі қарай ілгерілетуге мүдделі екенін атап өтті.

Соңында Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халиф бен Заид Әл Наһаянға деген ниеттестігін білдіріп, тақ мұрагері Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянды Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.

«Халқымның және жеке өзімнің атынан Сізге Біріккен Араб Әмірліктері жеріне келгеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Сапарыңыз сәтті болады деп сенемін. Біз бүгін бірқатар маңызды екіжақты құжаттарға қол қоямыз. Жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екенімізді айтқым келеді», – деді Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.

Оқи отырыңыз:

Елбасы Наурыз мейрамында өнерпаздармен бірге ән шырқады (видео)

Назарбаев: Наурыз түбінде біздің жаңа жылымызға айналады

Астана тұрғыны электр қуаты үшін 13 миллион теңге қарызданып қалды

Астанада мемлекеттік қызметтегі басшы қарамағындағыларға дауыс көтеріп, балағат сөздер айтқан

Талқылау