Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-та өкілдер палатасы TikTok-қа тыйым салу туралы заң жобасын мақұлдады

20 сәуірде АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы TikTok-тың қазіргі иесі, қытайлық концерн ByteDance оны басқа қожайынға сатпаса, АҚШ-та аталған әлеуметтік желіге тыйым салатын заң жобасын қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі DW басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: nypost.com

Құжатта компания мұны тоғыз айдың ішінде орындауы керектігі көрсетілген. АҚШ президенті бұл мерзімді тағы үш айға ұзарта алатынын жеткізді. 

Аталған заң жобасын Конгрестің төменгі палатасы үлкен пакеттің бөлігі ретінде қабылдады. Себебі мұнда бұдан бөлек Украинаға 61 миллиард доллар, Израильге 26 миллиард доллар және Тайваньға 8 миллиард доллар, сондай-ақ Киевтің пайдасына ресейлік активтерді тәркілеу туралы заң жобасы бар. Бақылаушылар сенаттың бүкіл пакетті қабылдайтынына сенімді. Ал президент Джо Байден пакетке дереу қол қоятынын айтты.

Наурызда Өкілдер палатасы TikTok-ты сату туралы заң жобасын мақұлдады. Ол осы транзакцияны аяқтау үшін алты ай мерзім белгіледі. Алайда құжаттың сол нұсқасы Сенатта біраз талқыға түсті. 



TikTok бұл шешімге қарсылық білдіруге ниетті

Аталған әлеуметтік желінің бас директоры Шоу Цзы Чу пайдаланушыларға үндеу жасап, платформаны соңына дейін қорғауға уәде етті. 

"Біз бірге құрған тамаша платформаны қорғау үшін заңдық тетіктерді пайдалана отырып, қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Сіздердің құқықтарығызбен күресуді тоқтатпаймыз", – деді ол.

Associated Press агенттігінің хабарлауынша, компания АҚШ-та TikTok-қа тыйым салу сөз бостандығына кепілдік беретін ел конституциясына енгізілген бірінші түзетуді бұзады деген уәжбен сотқа жүгіне алатынын айтты. Осылайша ByteDance әлеуетті блоктауды кейінге қалдыруы мүмкін.

Егер TikTok-ты сату керек болса, оны кім сатып алатыны белгісіз. Facebook сияқты бәсекелестердің мүдделер қақтығысына байланысты мұны сатып алуы екіталай. Наурызда АҚШ қаржыгері Стивен Мнучин бұл қызметті алу үшін инвесторлар тобын құратынын айтты.

Байден, Трамп және TikTok

АҚШ-тағы сыншылар әлеуметтік желіні “Қытай үкіметіне жақын және қолданушылардың жеке деректерін заңсыз пайдаланады” деп айыптайды. TikTok басшылығы барлық айыптауларды жоққа шығарады.

Әлеуметтік желіні АҚШ-та 170 миллион адам пайдаланады. Бұл ел халқының шамамен жартысын құрайды.

2024 жылы Байден науқан алдында жастар аудиториясын өзіне тарту үшін TikTok аккаунтын ашты. Егер Джо Байден TikTok-қа тыйым салатын заңға қол қойса, жас сайлаушылар одан алшақтауы мүмкін.

Күзгі президенттік сайлаудағы Байденнің қарсыласы Дональд Трамп, TikTok-тың Facebook секілді маңызды желі екенін айтты.  Американың бұрынғы президенті Цукербергтің әлеуметтік желісін "халық жауы" деп атады.

Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желі қолданушылары Қазақстанда TikTok желісін пайдалануға тыйым салуды ұсынғаны туралы жазған едік. 

Талқылау