Неліктен балгерлердің болжамы кейде рас болып шығады

Сейсенбі, 1 Қараша , 2016 9:21

Жақсылық пен жамандық, қуаныш пен қайғы, сәттілік пен сәтсіздік қатар жүретін бұл өмірде  адамдардың көпшілігі басына қандай да бір қиындық түссе Жаратушы Алладан пана сұраудың орнына  сол қиындықты шешудің ең дұрыс жолы балгерлерге, тәуіпке бару, жұлдыз жорамалға сену, солардың айтқанын жасау деп ойлап, аяғын шалыс басып жатады.

maxresdefault

Барша адамзатқа, күллі жаратылысқа тек осы шақ, қазіргі сәтіміз, күніміз ғана белгілі. Ал, ертеңгі күніміз, болашағымыз тек Ұлы Жаратушының құзырындағы, тек Алла ғана білетін мәлімет.  Құранда Алла Тағала: «Әрине қиямет мерзімінің мәліметі Алланың қасында. Жаңбырды Ол жаудырады. Ол жатырдағыны біледі. Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді. Күдіксіз Алла Тағала толық білуші, хабар алушы», – дейді.

Түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен айналысатын көріпкел, балгер, құмалақшы, жұлдызшы, тәуіп сияқтылардың ісі Алла тыйым салған нәрсе. Бұлардың атаулары әртүрлі болғанымен тірлігі бір. Олар түрлі тәсілмен ғайыптан хабар берумен айналысады. Олар Алла белгілеген шекарадан асып, өзіне тиесілі еместі ұрлаған ұрлықшылар сияқты.  Осыларға сеніп, өзін сағымданған өтірікпен жұбата отырып адам баласы  өмірдегі ең қымбат жақұты – иманы мен берекесін, амандық-саулығын жоғалтып алады. Жұлдыз жорамалға сену де осы санатқа жатады. Сол жұлдыз жорамалда көрсетілген зодиак белгілері арқылы  өзіне мінезі мен жан дүниесі үйлесетін өмірлік жолдасын табуға да тырысатындар бар. Жұлдыз жорамалда он екі белгі болса, Жер бетінде жеті миллиардтан астам адам бар. Енді ойлай беріңіз, жеті миллиардты он екіге бөлеміз. Жауабы: 583 333 333 шығады. Сонда осыншама адамның тағдыры бір болады деген сөз бе? Әрине, жоқ. Өйткені Алла әрбір жаратылысты, әр адамның тағдырын әуел бастан Өзінің Ұлылығымен, қалауымен белгілеп қойған. «Шынында біз әр нәрсені бойындағы ерекшелігіне сай жараттық». Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тағдыр жайында: «Алла Тағала жаратылыстардың тағдырларын (сипатын, мөлшерін, көлемін т.б.) аспан мен жер жаратылмай тұрып бес мың жыл бұрын жазып қойды. Ол (уақытта) Арш су үстінде еді», – деген.

Өзін ғайыпты білуші санаған барлық балшы, балгерлер өтірікші болса, онда неліктен кейде олардың айтқаны рас болады деген сұрақ туындайды. Бұл сұрақтың жауабын Құран мен хадистерден табамыз. Айша анамыз (р.а.): «Бірде бір топ адам Алла Елшісінен көріпкелдер жайлы сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Олар түкке тұрғысыз», – деп жауап береді. Адамдар: «Уа, Алла елшісі! Олардың кейде айтқан сөзі рас боп шығады», – дейді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) оларға: «Ондай ақиқат сөздерді жындардың бірі алдымен (періштелерден) ұрлап алып, кейін оны досының (яғни, балгердің) құлағына сыбырлайды. Ал, балгерлер сол сөзге өз ойынан жүз өтірік қосып (болашақты білетіндей бал ашады)», – деп айтты», – деген. Сонымен қатар, Құранда: «Шайтандар кімге түседі, сендерге  хабар берейін бе? Олар әрбір өтірікші, күнәһарға түседі. Олар шайтандарға құлақ салады. Олардың көбі өтірікші», – деп жазылған.

Сонымен қатар, жұлдыз жорамалда айтылған кейбір нәрселер неге рас болып шығады деген де  сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап бермес үшін, психологиядағы «Барнум эффектісі» деп аталатын теория туралы қысқаша мәліметке тоқталайық.

Барнум эффектісі. Жұлдыз жорамалға мұсылмандар ғана емес, кейбір мұсылман емес, көзі ашық, көкірегі ояу адамдар да сенбейді. Тіпті сондай адамдардың бірі сол жұлдыз жорамалдың өтірігін де әшкерелеген. «Барнум эффектісі» 19 ғасырда өмір сүрген психологиялық ықпалы  (манипуляция) арқылы танымал болған америкалық цирк әртісі Финнеас Барнумның есімімен аталған. Ол «Бізде әр адам үшін бір нәрсе бар», «әр минут сайын бір аңқау адам дүниеге келеді» деген сөздерді  жиі айтатын. 1948 жылы психология ғылымдарының профессоры Бертрам Форер студенттерге тәжірибе жасап, психологиялық теорияның негізін ашты. Ол аудиторияда отырған бір топ студентке мәтіні бар бір-бір парақтан таратады. Профессордың айтуынша, ол таратылған бағалау парағы арқылы әрбір студенттің мінезін анықтамақ болған. Расында Бертрам ешқандай теория жасауды мақсат етпеген болатын. Профессор жәй ғана жұлдыз жорамалдан алынған бір мәтінді барлығына таратып берген еді. Мәтіннің мазмұны шамамен мынадай болған: «Сіз өзгелердің махаббатына және сізді үнемі мақтан етулеріне мұқтажсыз. Сіз өзіңізді көп сынау арқылы бойыңызда әлі ашылмаған қасиеттеріңізді көрсете аласыз. Әйткенмен де, сіздің де кемшіліктеріңіз жоқ емес. Сіз тәртіпке мойыған, сырт көзге сенімді болып көрінгеніңізбен, іштей уайымға бой алдырып, сенімсіздікке де барасыз. Сіз кейде өзіңіздің дұрыс шешім қабылдағаныңызға сенімсіз боласыз. Сіз кез келген жағдайда тәуекелге бел бууға бейім тұлғасыз. Сондай-ақ, сіз жеке пікіріңізге қарсы келген адаммен таласуға дайынсыз, бірақ жиі-жиі біреудің ойымен жеткілікті дәлелі болмаса да, келісесіз. Ал кейбір өмірлік мақсаттарыңыз реалистік тұрғыдан қисынға келе бермейді».

Сосын профессор Бертрам студенттердің өз мінезінің мәтіндегі мінездемеге қаншалықты жақын екенін бес балдық межемен белгілеп берулерін сұрайды. Орташа есеп  4,26 балл болады. Кейін бұл эксперимент көп рет қайталанып, бірдей нәтиже көрсете беріпті. Осылай Бертрам Форер адамның мінезін анықтау үшін белгілі бір ғылымның маманы болу шарт емес екенін дәлелдеді. Бастысы болжамның арнайы сол кісіге арналып жасалғанын және оны анықтауда білікті ғалымдар мен психологтардың қатысқанын айту керек. Сонымен қатар, болжалған мінездемеде адам баласына ортақ тіркестерді пайдаланып, ойдың нақты және негативті болмауын қадағалау керек. Бұл адамды психологқа, астрологқа, экстрасенске немесе ертеңгі күннің болжамына сендіру үшін жеткілікті болмақ. Бұл құбылыс психологияда Барнум эффектісі деп аталады.

Барнум эффектісінің әсер етуі негізінен адам баласының стресс, қиындық атаулы басынан өтіп жатқан кездегі ақпараттың жалпы, екіжақты, көмескі жақтарын «мына айтылғандар менің басымдағы жағдай», «тура маған айтылып тұр екен» деген оймен қабылдауы себебінен  болады. Адамның дәл осы жағдайын балшы, тәуіп, жұлдызшылар да  пайдаланып, өз өтіріктеріне сендіре алады. Олар адамға жағымды өтірік айтқан сайын, адамдар да оларға көбірек сене бастайды. Адамдардың өз басындағы қайғысын сейілтіп, өздерін жұбату үшін келетінін біліп алған балшы балгерлер рухы әлсіреген адамдарды «бәрі жақсы болады», «Сізді бәрі жақсы көреді», «Сіз ол адамға керексіз», «Сізге қызығады», «Сізді ұнатқан адам бар екен» деген жұбанышты өтірік сөздер айтып ақшасын қағып алып отырады. Осы себепті де, адам баласы өзіне зиян жасап, Аллаға қарсы шығады. Себебі, Алла Құранда: «Мұхаммед (ғ.с.): «Көктер мен жердегі ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді. Олар қашан тірілтілетіндіктерін білмейді» де», – деген.

Осы тұста айтып өтер бір мәселе, еліміздегі бетке ұстар телеарналарда көрсетіліп,  басылымдарда жарияланып, түрлі сайттарда жарнамаланып жүрген «бүгінгі күнге арналған жұлдыз жорамал» деген айдардың жариялануының әлі де тоқтатылмай жатқандығы. Ол жұлдыз жорамалдар қайдан алынады, кім жазады білесіз бе? Сіз бен біз секілді кәдімгі адамдар. Отырып алып, өз ойына келген сөздерді тізбектеп, бірде «қуандыратын», бірде қорқытатын нәрселер жазып, қаншама адамға бос өтіріктерді насихаттауда. Өкініштісі сол, сондай бос ертегіге, жалған мәліметке сенетін адамдардың көптігі. Сеніп қана қоймай, сол жорамалдың аясында бүкіл санасын шектеп, күнін,  өмірін  зая  кетіріп жатады. Соның нәтижесінде «маған бүгін адам көп жиналған орталарға баруға болмайды, жұлдыз жорамалда осылай делінген», «маған өмірде жалғыз болу жазылыпты», «жақында отбасылы, ауқатты ер адам маған үйленуге ұсыныс жасайды екен» деген сияқты т.б өтіріктерді  өмірінің мәні, ұстанымы етіп алып, танымын тарылтып,  қараңғы қапаста өзін шектеп өмір сүретін адамдар пайда болады. Қазір жиырма бірінші ғасыр, өркендеу, даму толассыз жүріп жатқан ғасыр. Ондай бос өтіріктерге уақыт кетірудің өзі ақымақтық.

Сағым қуып, жұлдыз жорамалға сенгенше, бақсы, балгерлерді жағалап күнә арқалап, ақшаңызды харамға жұмсағанша, Сізді махаббатпен, Өзіне құлшылық қылу үшін жаратқан Ұлы Алла Тағалаға шүкірлер айтып, ақиқатты таңдаңыз. Әрбір адам ақиқатты білуі керек. Өйткені, ақиқат қана адамды жұбатып, бүкіл өміріне тіреу болады, тіпті қиын кезеңдерде де. Ол ақиқат асыл дініміз насихаттаған Құран мен сүннет.

Алла біздерге өте жақын. Қиындықтар келсе жасымаңыз: «Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар. Ендеше босай қалсаң және тырыс. Раббыңа ғана бел байла».

muslim.kz

Жіберіп алмаңыз:

Шариғатта қандай жағдайда өтірік айтуға рұқсат етіледі

Шариғатта бала кезінде атастырылып қойған екі жастың үйленуі міндетті ме

Таудай қарызыңыз болса да құтылуға көмектесетін дұғалар

Дінде аң терісінен тон кию күнә ма

Дініміз бойынша жаман түс көргенде не істеу керек

Источник: Stan.kz

Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Источник: Stan.kz

0
Комментариев

Пікір қалдыру


wpDiscuz
Орташа айырбас бағамы
09.12.16
Сатып алу
Сату үшін
USD
327
329.5
EUR
370
374
RUB
5.05
5.12
Міндетті түрде оқыңыз
Соңғы жаңалықтар