Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мұрат Әбенов 30 жыл бұрын жасаған ұрлығын мойындады

Белгілі саясаткер Мұрат Әбенов 30 жыл бұрын досына қалыңдық алып қашуға көмектескенін айтады.  Қазіргі «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары бұл оқиға туралы өзінің Facebook парақшасында жазған.

Әбенов

«Мен адам ұрлау оқиғасына қалай қатысқанымды айтар болсам (ҚР ҚК 125 бабы). Мойындайын,болған іс рас. Қазір құқықтық орган қызметкерлері сол үшін мені жауапқа тарта қоймас»,-деп бастайды саясаткер өзінің жазбасын.

«Мына суреттегі жәбірленуші. Ал оның жанындағы Балет биінің үйірмесіне бірге қатысқан менің жан досым. Қыз алып қашу жоспарын осы ұйымдастырды. Біздер тек өзімізге тиесілі рөлдерді бөлісіп алдық. Ұрлық жасауға шыққан көлігіміз «Волга Газ24».Оның жүргізушісі  жәбірленушінің қайын ағасы. Ол да біздің сыбайласымыз»,-деп баяндайды Мұрат Әбенов.

«Жәбірленуші ұрлық болар күні өзі тұратын үйдің жанындағы ағасының үйінде еді. Біз оның әпкесімен жоспарымызды ақылдасып, сол үйде соңғы рет пысықтап алдық. Үлкен істі бастамас бұрын сол үйге кіріп манты жеп, асықпай шай да ішіп алған едік. Жәбірленуші «ойламаған жерден» сәнді киініп, киімдерін сөмкесіне салып алған. Көршілес үйдің ортақ қашасынан қыздың анасына көрініп қалмас үшін ақырын шығып кеттік. Әрине ол кісі де қылмыс болатын сағатты біліп отырған еді. Оның өзі арамыздағы бір қылмыскер десек болады. Себебі ұйымдастырылған қылмысты біле тұра ешкімге хабарламаған.

досы

Қылмыстық топты мен басқардым десем де болады. Себебі көліктің алдына отырып қайда қарай жүретінін айтып отырдым. Сол күні ақ хабаршының қолына сыйлықтарын ұстатып, жәбірленушінің үйіне жібердік. Қыздың анасы әрине сыйлықты алды, сонымен қоса болған жайтты бірінші рет естігендей түр жасаған. Екі тарап та барлық жайтты біліп жүргенімен жастардың ойын жаңа білгендей қуана қалған. Мен сол жерде қылмыскерден екі жастың тойында куәға айналдым»,-деп жазған Әбенов.

Биыл Мұрат Әбенов қатысқан ұрлыққа 30 жыл болыпты. Яғни досы Сәбит Қожамжаров пен  оның жары Әлия Жүнісованың бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқандарына осынша жыл болыпты.

«Суреттегі жүздеріне қарап олардың бақытты екенін бірден түсінесіз. Ал жас кезінде талай қыз өзін алып қашпақшы болған менің сері досым бүгін 51 жасқа толды»,-деп түйіндейді ойын Мұрат Әбенов.

 

 

Талқылау