Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Миллиардттарды игере алмаған қарамағындағылары үшін Сағынтаевқа ақталуға тура келді

Қазақстан дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіре алмауы мүмкін. Өйткені депутаттарды бюджеттің сауатты есептелмеуі, әрі жұмсалуы шошытып отыр,-деп жазды КТК арнасы.

сағынтаев-готовый

Бүгін Парламенттің қос палатасы жиналып, Үкіметтің тағы шаңын қақты! Халық қалаулыларын игерілмей қалған 150 миллиард теңгенің тағдыры алаңдатады.

Бір қызығы, былтырғы бюджеттің орындалуын қабылдамайтындай сыңай танытқан қос палата жеме-жемге келгенде министрлер кабинетінің айтқанынан шыға алған жоқ.

Парламенттің қос палатасы Үкіметтен былтырғы бюджеттің игерілуіне қатысты соңғы рет есеп алу үшін премьермен қоса оның нөкерлерін, Ұлттық банк төрағасын және ұлттық компания басшыларын  тегіс жинаған.

Жазғы каникулға кетуге күн санап жүрген депутаттар бар ақшаны ұқсата алмаған шенеуніктер тағы бір сыбап алды.

Бұған дейін де Сенат пен Мәжіліс қазына қаржысына жауапты  министрлердің баяндамаларын жеке-жеке тыңдап, талай сынаған. Бүгін де қарап қалмады. Мәселен, мәжілістің «ақсақалы» Владислав Косарев екінші деңгейлі банктерді қасиетті сиырға теңеп, министрлердің отандық қаржы ұйымдарын шектен тыс әлпештеуін доғаруды талап етті.

«Банктер мен қаржы секторын тура қасиетті сиыр сияқты қастерлеуді қойыңыздар. Сіздер ауыл шаруашылығы, өндіріс сынды нақты салаларды ұмытып кеттіңіздер»,-деді  Мәжіліс депутаты Владислав Косарев.

Ал Ұлттық банк керісінше, екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға арналған жаңа бағдарлама әзірлеп жанталасуда. Ол биыл дайын болады. Жоспар бойынша, қарызы қордаланған банктерге мемлекет қаржылай қолдау көрсетпек.

Енді игерілмей қалған бюджет ақшасына келсек. Қазына қаржысына қатысты Үкіметтегілердің есебі бір-біріне қайшы. Мәселен, Қаржы минситрлігі өткен жылы 85 миллиард теңге тиімсіз жұмсалды десе, Есеп комитетінің есебінде бұл сома 268 миллиардтан асып жығылады. Қалай болғанда да оның зардабын қарапайым тұрғындар шегіп отыр

«Нақты трансферттер бойынша 26 миллиард теңге заңбұзушылық анықталған. Яғни Білім министрілігі аймақтарда мектептердің құрылысын аяқтамаған, оқу орындарына интернет тартылмаған, Денсаулық сақтау министрлігі ана өлімін азайтуға арналған шараларды толық  орындамаған»,-дейді Мәжіліс депутаты  Серік Құсайынов.

Мемлекеттік сатып алу бойынша да 14 миллиардқа жуық заң бұзушылық анықталған. Ал ұлттық компаниялар тендерді қалай өткізгендері туралы ешкімге есеп те бермейді.

«Мемлекеттік мекемелер стратегиялық жоспардың 78 пайызын орындаған. Ал дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілігіне қатысты рейтингін жасап отыр.

Президент Қазақстан 2050 жылы дамыған 30 мемлекетің  қатарына кіруі керек деп нақты тапсырма берді. Бірақ біз мына түрімізбен бұл мақсатқа жете алмаймыз»,-дейді Сенат депутаты Сергей Ершов.

Ал премьер Парламентке күнде келе бермейтіндіктен, депутатар Сағынтаевқа да бірқатар ескерту жасады. Мәжілісмендер қазына қаржысы үшін қатардағы қызметкелерді емес, бірінші басшылар мен министрлерді жазалауды сұрап отыр.

«Сіздердің сұрақтарыңыз бен айтылған ұсыныстардың барлығы экономиканың барлық саласын қамтиды. Қатты да айттыңыздар. Сұрақтарыңыздың барлығы орынды. Олардың бәрін біз Үкіметте мұқият қарап, алдағы уақытта жұмысымызда есекереміз деп сіздерді сендіргіміз келеді»,-деді ҚР премьер-министрі  Бақытжан Сағынтаев.

Сонымен, өткен жылы бюджет кірісі 7,7 трлн теңге болыпты. Пайданы бұдан да арттыру үшін үкімет кәсіпкерлерді  тексеруді қысқартпақ. Ал бүгін қос палата министрлер кабинеті былтыр игере алмаған 150 миллиард теңгені үш сағатқа жуық қызу талқылап, ұзақ тартысқанымен, соңында Үкіметтің есебін қолдап, дауыс берді.

Оқи отырыңыз:

Суретші шегеден Головкинді салған туындысының ақшасын екі аяғынан айырылған қызға бермек

Астанада балдақпен жүрген бойжеткенді мейрамханаға кіргізбей қойған

Алматыда көз жұмған студенттің оқиғасы: Барлығы 5 мың теңгеден басталған

Жатын бөлмеге камера қойып 200 доллар ақша табуға болады

Талқылау