Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар туыстарының үйінде айдан артық қона алмауы мүмкін

Мәжіліс депутаттары баспанада тіркеусіз 30 күнге дейін тұру мүмкіндігін ұсынуда. Бұл туралы бүгін Сенатта Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері бойынша депутаттар мен мүдделі мемлекеттік органдардың кездесуінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев мәлім етті, – деп хабарлайды КТК арнасы.

dzh2_406

“Жалпы, Қазақстан азаматтарына ІІМ 10 күнді ұсынып, кейіннен тіркеуге тұру қажеттігін ескерген еді. Бірақ та түрлі жағдайлардың болуын қарастыра отырып, яғни қонаққа, жұмысымен барғанда 10 күн жетпеуі мүмкін, осы ретте бұл мерзімді 30 күнге дейін арттыруды ұсынудамыз. Егер де адам жұмыс бабымен, туыстарына сапарлап келсе, басқа қалада тіркеусіз жүруіне 30 күнге дейін мерзім қамтылуы тиіс. Осыдан кейін тіркеуге тұру қажет болады. Ішкі істер министрлігінің ұсынысы бойынша егер де адам тіркелмесе, ол өзі жекелей, сондай-ақ пәтердің иесі де жауапты болады. Яғни, барлық пәтер иелерін туысқандары келген жағдайда тіркеуге тұрғызу міндеттелген болатын, егер де тіркеу жасалмаса, онда айыппұл қарастырылған.

Бұл норма терроризммен және экстремизммен күреске қатысы жоқ екенін, сонымен қатар қоғамда жағымсыз резонанс тудырып отырғанын ескере келе, Мәжіліс тек тіркеуді ғана ретке келтіруді және пәтерлерін жалға беретін меншік иелерінің жауапкершілігін бекітуді ұсынады. Егер де пәтерді жалға берсе, ол осы тұрғынды тіркеуге міндетті. Осы орайда 10 күн уақыт беріледі”, – деп түсіндірді Әшімбаев. Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыдағы шаралар арқылы пәтерлерді жалға беру бағыты секілді ең үлкен сегментті ретке келтіруге болады.

Сенаттағы қорғаныс пен қауіпсіздік комитетінің төрайымы ретінде Дариға Назарбаева бүгін күш құрылымдарын тегіс жинап, лаңкестерге қарсы күресті күшейту жайын талқылады. “Терроризм” туралы заңға жиі өзгеріс енгізе бастаған Ұлттық қауіпсіздік комитеті бол жолы да ұсыныспен келіпті. Арнайы қызмет енді еліміздегі ұялы телефон пайдаланушыларға ортақ IMEI код базасын құрмақ.

“IMEI кодтардың ортақ базасы құрылса, әрбір телефон иесі туралы жүйелі түрде ақпарат алып отырамыз. Бұл белгілі бір қылмыстың, күмәнді насихаттың алдын алуға мүмкіндік береді”, – дейді ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев. IMEI код базасы қауіпті күдіктіні дер кезінде қолға түсіруге де көмектеседі екен. Сондай-ақ, жаңа заң күшіне енсе, лаңкестер шабуыл жасаған кезде, нысанды қорғай алмаған күзет қызметі де жауапқа тартылады. Қару-жарақ саудасы да қатаң қадағалауға алынбақ.

“Енді қаруды дайын күйде сатуға болмайды. Ала салып, ататындай күйде болмау керек. Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе, қару-жарақ сататын дүкендер жеке тұруы керек. Үшіншіден, адамдардың қолындағы қаруды азайту”, – дейді Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев.  Яғни, бұрынғыдай бір азаматтың қолына бірден 12  қару берілмейді. Әр тұрғынға 4 аңшы мылтығын сатып алып, үйде сақтауына рұқсат етілмек.

“Әйтпесе, әкесі мен екі ұлы жүздеп қару сақтайтын болса, террористерге әскери бөлімді басып алудың керегі жоқ. Бір үйді тонаса жетіп жатыр. Қаншама адамды қырып салуына болады”, – дейді Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов.

Бұдан бөлек, тұрғындардың туыстарының үйінде айдан артық қонақ болуына тыйым салынбақ. Отыз күннен асқан соң тіркелуі тиіс. Бұл  жалдамалы пәтерде тұрып жатқандарға да қатысты. Яғни, енді жайлы жұмыс іздеген жұрт үлкен қалаларда тіркеусіз емін-еркін жүре алмайды деген сөз. Сенаторлар осы тәртіпке келгенде қарсылық білдірді.

Мәжілісмендердің айтуынша, халыққа қызмет көрсету орталықтарда тіркелу үшін небары 15 минут  кетеді. Оның үстіне бұл тұрғындардың үй, мектеп, балабақшаға кезекке тұруына көмектеседі екен. Ал, үйінде тіркеусіз адам тұрғызғандар ірі көлемде айыппұл төлейді. Бұдан былай пәтерін лаңкестерге жалға берген қожайындар да жауапқа тартылады. Бірақ, Парламент терроризм туралы заңды әлі толық қабылдаған жоқ. Төменгі палата құжатты екі айға жуық талқылап, тек бірінші оқылымда мақұлдаған. Оны әлі Сенат қарауы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр. Бүгінде осы заң жобасы бойынша қызу талқылаулар жүргізілуде.

Жіберіп алмаңыз:

Қатерлі дерттен айықтырады деп жұрт таласып алатын қоңыздар жайлы дәрігерлер не дейді

Маңғыстау тұрғыны ұлын “бөтелке” ойынының талабын орындамағаны үшін өлтіргенін айтады

Мешіттегі оқиға: Бастан-аяқ қара киінген қыздар қазақ әжейдің оқыған намазын мазақ қылған

Ұлыбританияда денесі қанға емес суға толған нәресте дүниеге келді

Талқылау