Қызылордада полицей қыз-келіншектер арасында «Көктем аруы – 2016» сайысы өтті
Қызылордада «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесі қарсаңында «Көктем аруы – 2016» сайысы ұйымдастырылды. Ең қызығы, аталмыш жарысқа қылмыскерлерді ұстап, қоғам тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін полицей қыз-келіншектер қатысты. Шараға өңірдегі stan.kz тілшісі қатысып қайтқан еді.
Бірнеше турдан туратын байқауда өнерлерін көрсетін нәзік жандылар шеберліктерін байқатты.Алдымен өз-өзін таныстырған полицейлер ақындық қырларын да көрсетіп, мақал – мәтел айтудан сайысты. Көпшіліктің қызуғышылығын тудырған «Дарс ату» мен «Макаров тапаншасын уақытқа бұзу мен жинау» сайыстары қызық болды. Қызметтік шеберліктерін байқатқан қыз-келіншектер бұл тұрғыда ерлерден қалыспайтындарын дәлелдеді.
Әдетте, қатал көрінетін қыздар «Өз өнерін көрсету» турында ерекше әсер қалдырды. Көздің жауын алар көйлектер киіп, әсем ән орындап, құлақ құрышын қандырар жыр төкті. Қатысушылардың бірі мың бұрала билесе, екіншілері домбыра тартты. Бес тур нәтижесі бойынша бас жүлдені Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімі Ақпараттық-аналитикалық тобының инспекторы Жаннұр Сейітжанқызы иеленді.