Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада күйеуі балтамен ұрған әйел басынан өткен сұмдық жайтты айтып берді

Қызылордалық Жадыра Махмудова 13 жыл бойы жолдасының зорлық-зомбылығынан көз ашпай келгенін айтып налиды. Қит етсе жұдырығын ала жүгіретін отағасы мұны аз көріп, соңғы жанжалда жұбайын балтамен ұрыпты. Ең сорақысы, қансырап жатқан әйелін “полицияға шағымдансаң балалардың көзін құртамын” деп қорқытқан.

Қызылордада күйеуі балтамен ұрған әйел басынан өткен сұмдық жайтты айтып берді

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қызылордалық Жадыра Махмудова 20 жасында шымкенттік жігітпен тұрмыс құрған.
Араға көп салмай күйеуі еш себепсіз қол жұмсауды әдетке айналдырған көрінеді. Ауылдық жерде мал бағып, нәпақасын тауып отырған отбасының жанжалсыз күні болмапты. Төрт баланы дүниеге әкелген келіншек соңғы кезде өзі ғана емес, балалары да соққының астына қалғанын айтты. Өзі ұрып шаршаған күйеуі бұл іске соңғысында әпкесін шақырыпты.

“Күйеуім үстіме мініп алып қолымды байламақшы болды, қайын апам аяғымнан теуіп, ұрып жатты. Сөйтіп келді де, ағаш балтамен маңдайымнан ұра берді, ұра берді. Соңғысында қан бұрқ ете қалды тоқтамай. Есеңгіреп қалдым”, – дейді Қызылорда тұрғыны Жадыра Махмудова.

Қансырап жатқан жеңгесіне жаны ашыған 12 жастағы қайын інісі сол мезетте туыстарына қоңырау шалып, мән-жайдың барлығын айтып беріпті. Жадыраның өміріне аландаған төркіні дереу Қызылордадан оңтүстіктегі Леңгір қаласына келіп, қыздарын алып кеткен. Қалалық аурухана дәрігерлері келіншектің соққы алғанын растап отыр.

“Бізде травматолог дәрігерлер көргеннен кейін басын компьютерлік томографияға  рентген түсіріліп, жабық бас ми жарақаты, бас миының соғылуы диагнозы қойылып, травматология бөліміне жатқызылған. Қазіргі таңда тағы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, емін алып жатыр”, – дейді Қызылорда қалалық ауруханасының бас дәрігері Бауыржан Төлеген.

Жадыраның анасы бұл қызының алғаш таяқ жеуі емес екендігін айтады. Жас жұбайлардың ортасына түспейін, күйеу бала уақыт өте басылар деген ойы қате болып шыққан. Оның айтуынша, күйеу баласы өз ұл-қыздарын да ұруды әдетке айналдырға екен. Қызына қыдырып барған егде жастағы әйел, немерелері әжелеп, өзімен бірге алып кетуін өтінгенде жүрегі ауырғандығын жасырмайды.

«Әрдайым ұрады, таяқ жейді, бірін айтса, бірін айтпайды. Телефонмен сөйлескенде де айтпайды, көрші бала қоңырау шалып, сол арқылы бардық Ленгерге. Әйтпесе бармаймыз да, қызымыздың не болатынын Құдай біледі, өлігіне барамыз ба? Балаларын бермеймін деп отыр, бермеймін деп бізді шығарып салды. Ала алмадық, қолдан жұлғанымен ала алмадық», – дейді Жадыраның анасы Ботакөз Асылбекова.

Жадыра Махмудова ұл-қыздары мектепке бармайтынын  айтты. Әйелдің сөзінше, барлығы қосылып әкесінің малын бағады екен. Балаларына білім орнына қой бағуды жөн көрген күйеуі үйлеріне сырттан жан кіргізбейді екен. Ал Жадыраның күйеуі Амангелді Махмудов бұл әңгіменің бәрі өтірік екенін жеткізіп, өзіне әйелінің жала жауып жатқанын айтты.

«Әйелім мас болып, істеген нәрсесін білмейді. Оның әпкелері бар, сондай жолмен жала жауып жатыр. Учаскелік полиция бар жанымда, бәрі бар. Мәмілеге келмейді, ұрыс неден шыққанын анықтайық десем, әпкелері алып кетті. Қазір балаларым бәрі мектепте. Қалмайды сабақтан. Директордан сұраңыздар, қызым балабақшада. Өзім апарып, өзім әкелемін. Ол 14 жылдан бері арақ ішіп келеді. Өзінің не істегенін білмейді. Наркологиядан қағазы бар», – дейді Жадыра Махмудованың күйеуі Амангелді Махмудов.

Қос тарап арасындағы даудың қалай аяқталары белгісіз. Осы уақытқа дейін полицияға шағым түсірмеген Жадыра әрі қарай шымамым таусылды деп отыр. Сондықтан құзырлы органдардан көмек болса дейді. Ал ешқандай қол көтергенім жоқ деген жолдасы Амангелді Махмудов бұл жанжалға қатысты өз дәлелдері барын айтады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау