Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада есектердің терісін сыпырып кету тыйылмай тұр

Қызылорда облысына қарасты бірнеше ауданның тұрғындары қораларында тұрған есектердің қолды болып жатқаны жайлы айтады. Тіпті кей жағдайда ұрылар  есектің қызыл етін тастап, терісін сыпырып кетеді екен. Бұл туралы STAN.KZ  сайтының өңірдегі тілшісі анықтап көрген еді.

есек

Мал ретінде құны болмай келген есек соңғы кездері кей ауылдарда қалмай баражатыр екен. Тіпті тұрғындар оны қолды еткендер орталықтағы асханаларда қолданбасына кім кепіл деп отыр.

Жуырда Жалағаш ауданына қарасты Мақпалкөл ауылында жұртшылықтың жағасын ұстатқан жағдай орын алды.  Түн мезгілінде белгісіз біреулер ауылдағы 14 есекті гаражға қамап, терісін сылып кетіпті.  Барымташыларды іздегеннен еш нәтиже болмаған. Айдың – күннің амандығында малдарынан айырылған шаруалар кімге барып шағымданарын білмей отыр.

есек3

Сурет әлеуметтік желіден алынды.

Осыған ұқсас жағдай Жаңақорған ауданы Келінтөбе ауылында да тіркелді. Жергілікті тұрғындар алма бақтың ішінен терісі сыпырылған екі есектің денесін тапқан.

Қазір Қызылорда ауылдарында есек тапшы. Әсіресе, Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарында мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Шаруасына қажетті малды бір-бірінен сұрап, тіпті ақылы түрде жалдап жүргендердің қатары көбейіпті.

«Есек арам мал. Бірақ шаруаға тигізер пайдасы зор еді. Балаларымызды мінгізіп, шөпке, жыңғыл жинауға жіберетін едік. Қазір ауылда мүлдем қалмады. Бұл мәселе күннен-күнге өзекті болып барады. Есегімізді ұрлап кетпес үшін енді түнімен мал қораның қасынан шықпайтын шығармыз», – дейді Жаңақорған ауданының тұрғыны Қайыркелді Сәттаев.

есек2

Есектерінен айырылғандардың сөзіне қарағанда қазір жануардың  терісі қымбаттап кетіпті. Ұзынқұлақтан келген ақпаратқа сенсек, бір есектің терісі 30 мыңгеден жоғары бағаланатын көрінеді. Бір айта кетерлігі, теріні қабылдайтындар тек өзіне сенімді адамдардан ғана тауарды алатын көрінеді. Оңай олжаға кенелгісі келетіндер малды ұрлап, терісін көрші Шымкент қаласына өткізеді екен. Ауылдағылардың пікірінше, ондағы кәсіпкерлер өңдеп, Қытайға жолдап жатыр.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл мәселе қатаң бақылауда екенін айтады.

«Жыл басынан облыс көлемінде есек жануарын ұрлаудың 8 оқиға тіркеліп, оның 5 дерегі ашылды. Қазір сотқа дейінгі тексеру-тергеу шаралары жүргізілуде», – деп хабарлайды Қызылорда облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы.

Құзырлы органның берген мәліметінше тіркелген қылмыстардың 3 дерегі есек малының терісін пайдаға асыру үшін сойса, қалған бесеуі қорадан ұрланған екен.

ІІД қызметкерлері қазірге облыс бойынша есек етін саудалау немесе тамақтарына  тұтыну бойынша ешқандай шағым  келіп түспеген. Егерде  санитарлық эпидемиологиялык сала мамандарынан шағым түсіп, осындай факті табылар болса біріге жұмыс істеуге әзір екендіктерін айтып отыр.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Талқылау