Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құрылыс кодексі төңірегіндегі дау: 382,5 млн теңге қайда жұмсалды

Бүгін мәжіліс кулуарында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев құрылыс кодексін дайындауға бөлінген 382,5 млн теңге нақты қайда жұмсалғанын айта алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Журналистер министрден "Құрылыс кодексіне арналған ақша қайда жұмсалды?" деп сұрады. 

"Құрылыс кодексін дайындау дегеніміз – тұтас құжатты әзірлеу. Оның шеңберінде өзге елдердің заң саясатына көптеген талдау жүргізілді. Сонымен қатар қарама-қайшы нормалар алынып тасталынып, мемлекет бақылауы күшейгенін байқаған шығарсыздар. Жұмыс ақысы төленбеуі керек деп есептесеңіздер, дұрыс емес деп ойлаймын. Оны (Құрылыс кодексі – ред.) біреу жасайтын болса, оған ақылға қонымды ақы төленуі керек", - деді Қанат Шарлапаев.

Оның сөзінше, заң жобасын жасауға бөлінген қаржыдан 3-4 есе көп ақша жұмсалған. 

"Бізде министрліктің заң мекемелеріне, "Атамекен" ҰКП-на жүгінгені бойынша нақты деректер бар. Қажет болса, сіздермен бөлісе аламыз. Бұдан басқа сарапшылар топтарының баға ұсынымы мемлекет жұмсаған қаржыға қарағанда 3-4 есе көп болғанын баса айтқым келеді. Құжатты оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілсе, оған ақы төлену керек", – деп жауап берді министр.

Ал депутат Бақытжан Базарбек бұл заң жобасы сын көтермейтінін, оны қайтару керек екенін айтты. 

“Заң жобасы шикі. Онда құрылыс компанияларының мүддесін қорғайтын тұстар айқын көрініп тұр. Мұндай заң жобасына 382,5 млн теңгенің бөлінуі – ақшаға олардың қарым-қатынасын айқындап тұр. Оны мәжіліс аппаратының қызметкерлері де тегін жазып бере алады. Менде осындай заң жобалары арқылы бюджет қаржысы жымқырылып жатқан жоқ па деген сұрақ туындайды”, – дейді депутат. 

Журналист “салық кодексі тегін жазылды, шикі болып шықты, ешкімнің көңілі толмады ғой” деп сұрады. 

“Құрылыс кодексі оңып тұр ма? Бұл жобаны мен 2 апта ішінде жақсырақ нұсқасын, тегін жазып берер едім. Ал мұнда 382 млн жұмсалып отыр. Ол ақшаға 20 мектепті компьютер сыныбымен қамтамасыз етуге болар еді”, – деп ашуланды Базарбек. 

Тілшілер “сіз жемқорлыққа қарсы агенттікке арызданасыз ба” деп нақтылап сұрақ қойды. 

“Мен бюджет қаржысы қалай жұмсалғанын тексерумен, тергеумен жеке өзім айналысамын. Мұны бұлай қалдырмаймыз. Бұл – бюджетті ұрлау. Біз барлық депутат бірігіп бұл заңды өткізбейміз”, – деп сөзін түйіндеді мәжіліс депутаты. 

Талқылау