Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қымбат тағамдарды немен алмастыруға болады?

Тағамға жұмсайтын ақшаңызды үнемдей отырып, үйлестірілген тағам үлесін сақтап қалуға мән бергеніңіз жөн. Сондықтан қымбат тағамдардың баламасын ақылмен таңдауға тырысыңыз.

IZOSOFT'S image Disk IZ084

Ет. Дұрыс ас мәзірінен міндетті түрде жануар негізіндегі ақуыздар табылуы тиіс. Себебі олар бұлшықеттеріміз бен сүйектеріміздің құрылысшысы іспетті. Оған қоса оларсыз күшті иммунитет те қалыптаспайды. Ал ет өнімдері – ақуыздардың негізгі көзі ретінде белгілі. Сондықтан олардан бас тартпауға тырысқаныңыз абзал. Алайда балғын етті қалтаңыз көтермесе, арзандау баламасын іздеп көруге болады.

Кеңес

Жаншылған ет, эскалоптардың орнына рагу әзірлеп көріңіз. Біріншіден, етті ұзақ пісірудің нәтижесінде ерекше жұмсақ болады. Екіншіден, егер етті көкөністермен бірге әзірлесе, тағам тойымды болып, ет те аз жұмсалады.

Тауық. Ондағы ақуыздар мөлшері сиыр етіндегіден кем түспейді әрі бағасы да айтарлықтай төмен. Оған қоса тауықтың бөліктерін алғаннан гөрі, тұтас тауық әлдеқайда арзан түседі. Көпшілік тауық санына және басқа бөліктеріне қарағанда кеудесі пайдалырақ деп біледі. Әйтсе де ол пікірдің дұрыстығын қуаттай алмаймыз. Тауық кеудесінде май мен калория аз, сондықтан ол – емдәм ұстанушылар үшін таптырмас ас. Бірақ тауық саны мен аяқтарында А дәрумені мен темір көбірек.

Малдың ішкі ағзалары. Олар да еттің үнемді баламасы бола алады. Сонымен қатар ішек-қарынның құндылығы ет тілімінен де асып түседі. Сиыр бауырында етпен салыстырғанда А дәрумені көбірек. Ал мал өкпесінің құрамындағы дәрумендер сиыр етіндегіден кем түспейді, оған қоса майлылығы мен калориясы әлдеқайда төмен. Ал бүйректің бір порциясы В дәруменінің ересек адамның тәуліктік қажеттілігінен көбірек мөлшерін бере алады. Сиыр жүрегі тұтас ақуыздан тұрады. Оның калориясы мен майлылығы төмен әрі темірге бай.

Балық . Балықтың ең басты құндылығы – құрамындағы пайдалы май қышқылдарының көптігінде. Соның нәтижесінде балықты сүйіп жейтін адамдардың көзі көруі жақсы, жүйкесі тың, ағзадағы зиянды холестерин мөлшері аз әрі жүрегі сау болады.  Десе де май қышқылдары жылумен өңдеуге шыдамайтындықтан, олардың жеткілікті мөлшерін тек тұздалған балықтан ғана алуға болатынын білгейсіз. Сонымен қатар таңдауды тек алабалық, ақсерке, кета балықтарына ғана тоқтатудың керегі жоқ. Кәдімгі майшабақ құрамындағы май қышқылдары олардан кем түспейді. Ал майшабақ қабыршағының астындағы пайдалы микроэлементтерді санап болмайсыз. Олардың қатарында тісіңіздің саулығына ықпал ететін фосфор мен фтор, артериялық қысымды қалыпқа келтіретін калий және иммунитетіңізді нығайтатын селен бар. Оған қоса майшабақ – йодтың көзі.

Кеңес

Мұздатылған балық алғанда құрғақ қатырумен мұздатылған балыққа басымдылық берген жөн. Мұндай балық өзгелерінен сәл қымбатырақ болғанымен, онда мұз жоқ. Сондықтан ерігеннен кейін қаптама ішіндегісінің көп бөлігі суға айналады деп қорықпауыңызға болады.

Өсімдік майы. Біздің санамызда зәйтүн майы ең пайдалы май деген пікір қалыптасқан. Ал шын мәнісінде оның құрамындағы дәрумендер мен микроэлементтер өзге де майлардан табылады. Оған қоса, егер майды қуыру мақсатында қолданбақ болсаңыз, зәйтүн майын алудың қажеті де жоқ. Себебі қуыру барысында ондағы дәрумендер мен микроэлементтер жойылады.

Кеңес

Кез-келген жағдай үшін екі түрлі өсімдік майын алыңыз. Бірі –  салаттарға қосуға арналған тазартылмаған май.  Мұндай майда дәрумендер өте көп әрі тазартылған сұрпына қарағанда хош иісті, дәмдірек. Ал екіншісі – қуыруға арналған. О үшін кез-келген майды алуыңызға болады, тіпті ең арзанын да. Бірақ қолданылған майды табада қалдыру арқылы үнемдеуге тырыспағайсыз. Майда қайта қыздыру барысында канцероген деп аталатын зиянды заттар түзіледі.

Күнбағыс майЗәйтүн майындағындай оның да құрамында ерте әжім түсуден, жүрек ауруларынан және түрлі ісіктерден қорғайтын Е дәрумені көп. Күнбағыс майын әмбебап деуге болады. Ол қуырылған тағам, салаттар мен тәтті нандар әзірлеуге жарайды.

Жүгері майы. Иіссіз май – кондитерлік өнімдер әзірлеуге, ет пен балық қуыруға жарамды. Жүгері майы – В тобы дәрумендеріне бай. Сондықтан жүйке жүйесіне, тері мен шаштарға жақсы әсер етеді.

Тамақтан қалай үнемдеу керек?

  1. Жартылай дайын өнімдерден бас тартыңыз. Олар үйде дайындалған тағамнан қымбат тұрады. Ал дүкендегі котлеттер сапасын үйде әзірленгенімен салыстыруға да келмейді.
  2. Еттің үлкен кесегін алыңыз. Сүйегімен де алуға болады. Оның бір бөлігінен сорпа, бір бөлігінен котлет, бір бөлігінен гуляш дайындай аласыз.
  3. Маусымдық жемістер мен көкөністерді таңдаңыз. Демалыс күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкеден қалмаңыз. Және жәрмеңкеге жексенбінің кешінде барғаныңыз жөн. Себебі сатушылар сөреде қалған жемістер мен көкөністерді үлкен жеңілдікпен сатады.
  4. Қысқа алдын-ала қамданыңыз. Жазда жемістер мен көкөністерді арзан бағада алып, қыс бойы нәрсу ішіп, көкөніс консервілерін жей аласыз.

 

Талқылау