Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құжаттарыңыз жоғалса…

Өмірде түрлі жағдай болады. Арамызда аңғалдығының кесірінен құжаттарын жоғалтатындар, алаяқтардың арбауына түсіп ұрлатып алатындар да бар. Осы ретте жеке куәлігі мен жүргізуші куәлігін, дипломын, үйдің құжаттарын жоғалтып алған азаматтарға көмек бергіміз бар. Ендеше, біле жүріңіз…

Сурет: zara-bug.by

Бұл туралы Оtyrar.kz басылымы жазды.

Куәлік ұрланса… Жеке куәлікті ұрлатып алған жағдайда көп ұзамай тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық ішкі істер бөлімшесіне арыз жазу керек. Тергеуші өз кезегінде құжаттың ұрланғаны туралы анықтама береді.
Сөйтіп:
1) АІІД бөлімшесінің құжаттың ұрланғаны туралы берген анықтамасын;
2) жеке куәліктің жоғалған жағдайын баяндайтын жазбаша өтінішті;
3) ұрланған жеке куәліктің көшірмесін (бар болған жағдайда);
4) 0,2 АЕК (370 теңге) көлемінде мемлекеттік баж алымын төлегендігін растайтын түбіртекті;
5) төлқұжатты (бар болса тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
6) мекенжай анықтамасын (тексеру үшін);
7) 3,5 x 4,5 см. өлшемді 2 фотосуретті тіркелу орны бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек.

Жоғалған жағдайда…
Жеке куәлік жоғалған жағдайда, тіркелу орны бойынша ХҚКО-ға төмендегідей құжаттарды тапсыру керек:
1) жеке куәліктің жоғалған жағдайларын баяндайтын жазбаша өтініш;
2) 0,2 АЕК мемлекеттік баж алымын төлегендігін растайтын түбіртек;
3) жоғалған жеке куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда);
4) төлқұжат (бар болса);
5) мекенжай анықтамасы
6) 3,5 x 4,5 см. өлшемді 2 фотосурет.

Жаңа куәлік дайын болғанша азаматтарға 3 айға жарамды уақытша куәлік беріледі. Онда: азаматтың тегі, аты, әкесінің есімі, туған күні және жері, ұлты, тұрғылықты мекенжайымен қатар куәлік берілген күн, қолдану мерзімі, берген мекеменің атауы жазылады. Сондай-ақ, куәлік иесінің қолы қойылады.

Жеке куәліктің жоғалуы немесе ұрлануы жағдайларын болдырмас үшін мамандар көбіне нотариалды расталған жеке куәліктің көшірмесін пайдалануға кеңес береді. Алайда, жеке куәліктің нотариалды көшірмесі банк операцияларын, нотариалдық әрекеттерді, аттестат, диплом алу, бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыру, сондай-ақ некені рәсімдеуге қауқарсыз екенін естен шығармаған жөн.

Естеріңізде болсын, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 377 бабы 1 тармақшасы бойынша бір жылдың ішінде құжатын бірнеше рет жоғалтқан азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, оларға 5 АЕК () көлемінде айыппұл салынады.

Айыппұл демекші, ҚР азаматының жеке куәлігі болмаса немесе оның жарамдылық мерзімі өтіп кеткен, тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелмеген болса, оған түсіндірме қағазы беріледі. Оған да құлақ аспағандар 7 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Айта кетейік, жаңа жеке куәлікті дайындау 30 жұмыс күні ішінде іске асырылады. Дегенмен, белгілі бір себептерге байланысты мерзімді 7,10,15 жұмыс күніне дейін қысқартуға болады. Ол үшін:

7 жұмыс күні — 1989 теңге
10 жұмыс күні — 904 теңге
15 жұмыс күні — 563 теңге көлемінде мемлекеттік баж алымын төлесеңіз болғаны.

Жүргізуші куәлігі жоғалса ше? Егер жүргізуші куәлігі ұрланса, полицияға жүгіну керек, онда тиісті анықтама беріледі. Бұл куәлікті қалпына келтіру үшін қажет болады. Сонымен, жүргізуші куәлігін қалпына келтіру үшін мамандандырылған ХҚКО-ға немесе әкімшілік полицияның емтихан-тіркеу бөліміне жүгіну керек.

Онда төмендегідей құжаттарды ала барыңыз:

1) өтініш (Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында ол қажет емес, өйткені оны МХҚКО қызметкері автоматты түрде толтырады);
2) жеке басты куәландыратын құжат;
3) мекенжай анықтамасы (МХҚКО-да ол да қажет емес, өйткені сұрау салу автоматты түрде өңделеді);
4) 083/у медициналық анықтамасы, жүйке жүйесі аурулары ауруханасынан және наркологиялық диспансерден анықтама;
5) фотосурет;
6) жүргізуші карточкасы;
7) мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат (түбіртек, қазіргі уақытта ЖК беру үшін төленетін мемлекеттік баж сомасы 2836 теңгені құрайды);
8) АІІД бөлімшесі берген анықтама (ұрланған жағдайда);

Құжаттарды тапсырғаннан кейін, сізге уақытша жеке куәлік беріледі, ол берілген күнінен бастап бір ай ішінде жарамды болады. Көрсетілген мерзім аяқталған соң, «Жоғалғанның орнына» деген белгісі бар жаңа жүргізуші куәлігі беріледі.

 

Талқылау