Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көзжұмбайлықпен қарап отырмыз: Майғазиев Абдуллиннің акценттен ұялып жүргенін айтты

Қазақстандағы «I am a singer» жобасына қазылық ететін Сәкен Майғазиев аталмыш шоуда өнер көрсетіп жүрген Нұрболат Абдуллиннің құпиясын ашты. Байқау талабы бойынша қатысушылар әр тілде ән шырқауы тиіс. Бірақ бұл шарттарды Нұрболат орындауға құлықсыз. Себебі өнерпаз жігіт өзге тілде ән салса, өзін жайсыз сезінеді екен. Сондықтан барлық кезеңде тек қазақ тіліндегі туындыларды орындап жүрсе керек. Акцентінен ұялатын Абдуллинге дода ұйымдастырушылары мен әділқазылар алқасы жеңілдік жасауды жөн деп шешеді.

Сәкен Майғазиев - Нұрболат Абдуллин

Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне сұхбат берген Сәкен Майғазиев «I am a singer» сайысының жұртқа беймәлім тұстарын жіпке тізіп берді.

«Талап бойынша қатысушылар әр түрлі тілде айту керек. Жан-жақтылықты көрсету керек. «Мен әншімін» деген сөздің өзі мен мұндалап айтып тұр. Бірақ енді Нұрболаттың өзінің айтуы бойынша орысша әндерді, басқа тілдегі әндерді акцентпен орындайтын болғандықтан көп жерлерде тосылып қалып жатыр. Шет елдік қазақта да шет елдік әндерді алмастыра алатын диапазон жағынан небір әндері бар. Сол орайда Нұрболатқа көзжұмбайлықпен қарап жатырмыз десек те болады. Шет елдің әндеріне қатты талап қоймай, тірелмедік. Оның үстіне Қазақстанда болып жатқандықтан, ол кешірімді деп өз басым ойлаймын», – дейді Сәкен Майғазиев.

Бастапқыда бұл жобаға Қазақстанға танымал әншілердің көбісі қатысқан болатын. Аталмыш байқау ауқымды аудиториясы бар, ел алдында жеке кешін өткізіп үлгерген отандық эстраданың жұлдыздарына қаншалықты қажет? Көпшіліктің көкейіндегі сауалды Сәкен Майғазиевтің өзіне жолдаған едік.

«Бұл «I am a singer» жобасының өзі айтып тұрғандай «Мен әншімін» дейді. Қазіргі киелі сахнада жүрген мүйізі қарағайдай, бірнеше концерт беріп жүрген адамдардың өзі «мен әншімін» деп айта алмайды. Олар орындаушы болуы мүмкін. Әңгіме осында жатыр. Ұлықпан Жолдасов ағамыздың керемет кемеңгерлігі бар. Ол кісі мен әнші емеспін, мен орындаушымын дейді. Ол мойындай білу де ерлік. Вокалист бар, әнші бар, орындаушы бар. Жалпы үшке бөлінеді. Сол орайда танымал әншілердің қатысуы заңдылық. Мысалы, былтырғы «I am a singer-1» жобасында Қайрат Түнтеков 1-ші орынды алды. Димаш Құдайбергеновтің өзі Қытайда өткен «I am a singer» жобасында өзінің әнші екенін сахнада жүріп те, танымал бола тұра, мен нағыз әнші екенімді дәлелдегім келеді деген мақсатпен шықты. Заңдылығы да сол. Ешкім оған сен танымалсың, танымал емессің демейді. Егер «Мен әншімін» деп мықты болсаң, кез-келген адамның дәлелдеуіне болады», – дейді Майғазиев.

Бірақ, бұл байқауда халыққа кеңінен танылған әншілердің барлығына сәттілік серік бола қойған жоқ. Естеріңізге сала кетсек, «I am a singer-2» жобасының алғашқы іріктеуінен әнші Бейбіт Қорған өте алмай қалған еді.

«Бұл жоба танымалдылыққа қатысты емес. Вокалдық шеберлігін көрсету керек. менің ойымша Бейбіт Қорған заманауи әндердің бірін айту керек еді. Ол Өнер академиясында жүрген кездегі музыкалық спектакльден бір үзінді орындады. Сол кезде халық та дұрыс қабылдай алмай қалған сияқты. Сол себепті Бейбіт те, өнер адамдарының бәрі де сынды дұрыс қабылдай біледі деп ойлаймын. Мысалы менің жиен інім, «Меломен» тобының әншісі Ғабитті өткізбей қойған кезде де жұрттар маған таңғалды. Ол қалай деген сияқты. «I am a singer» жобасы сыбайлас жемқорлық емес. Ол жерде көрсететін ештеңе болмады. Керісінше Қытайдан келген қандас қарындасымды қолдағым келді. Әйтпесе, Ғабиттің орындаушылық шеберлігіне ешқандай күмәнім жоқ», – дейді Сәкен.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда ұйымдастырылған «I am a singer» халықаралық додасында Нұрболат Абдуллинмен қатар отандық шоу-бизнеске танымал Ayree атты әнші ару, кезінде «Super Star Kz» жобасының алғашқы маусымында финалға жолдама алған Роман Ким және Қайрат Баекенов басқаратын «Формат» тобының солисті Гүлcім Мырзабекова сынды вокалистер өнер көрсетуде. Жеңімпаз жуырда анықталады. Бас жүлдені еншілеген әншіге 50 миллион теңге табысталмақ.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

Талқылау