Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көше өнерінің қыр-сыры: Граффити мамандары жұмыстарының қиын тұстарымен бөлісті

Күллі әлемде өнердің жаңа, жарқын түрі ретінде танылған граффити туындылары, бүгінгі күні біздің елімізде де, жастар арасында ыстық ықыласқа бөленіп келеді. Қалаға ерекше көрік беріп, оны нұрландыра түскен, қабырғаға шебер салынған суреттерді ұнатпайтын жан кемде-кем. Өкінішке орай, біз осы туындылардың авторларын, туындыларда қандай мағына жатқанын біле бермейміз. Сондықтан Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі көше суретшілерімен байланысып, Қазақстандағы граффитидің ерекшелігін, оның дәрежесін, граффитимен жұмыс барысында қандай қиындықтардың туындайтынын анықтады.

Көше өнерінің қыр-сыры: Граффити мамандары жұмыстарының қиын тұстарымен бөлісті.

Қала көшелері мен ғимарат қабырғаларынан “Тигрохауд Crew” тобы салған Әбілхан Қастеев, Дінмұхамед Қонаев  сынды қайраткерлердің суреттерін байқаған боларсыз. Алматының көркін кіргізіп тұрған бұл туындылар екі дарынды суретшілердің, Танай Ержан мен Али Закир  есімді азаматтардың еңбегі. Колледж қабырғасында білім алып жүріп, өнердің осы саласына ғашық болған Али Закирдің  сөзіне сенсек, Алматы қоғамының граффитиге көзқарасы жақсы. Қабырғамен жұмыс жасап тұрған суретшіні олар басында құрылысшы немесе сырлаушы деп ойласа да, граффити дайын болған кезде, суретшіге жылы лебіздерін білдіреді екен:

“2004 жылы көркемөнер колледжіне оқуға тапсырдым. Сосын 2-3 жылдан соң группаластарыммен бірге “Сникерс Урбания” деп аталатын фестивальге қатысып, сөйтіп граффитимен айналысатын суретшілердің тобын құрастыруды ұйғардық. 2000 жылдардың басында біреу хип-хопқа, ал біз граффитиге қызықтық. Сол кездің өзінде өзімді керемет өнердің бөлшегі сезінген мен, жеке стилімді табуға ұмтылатынмын. Әрине, қиындықтар әр жұмыста бар. Мысалы мансабымыздың басында қытайлық бояулар арзан болса да, біздің бояуларды сатып алуға ақшамыз жетпей қалатын. Негізінен, біз үшін 30-40 градус ыстықта азаннан кешке дейін жұмыс істеу қиын”, — дейді ол.

Көше өнерінің қыр-сыры: Граффити мамандары жұмыстарының қиын тұстарымен бөлісті.

Али Закирмен бірге жұмыс істейтін Танай Ержан да граффитиге колледжде оқып жүргенде қызыға бастаған. Ол 2006-2007 жылдан бастап граффитиге байланысты өтетін шараларға қатысып, бүгінгі күні өнердің осы түрінде өз орнын тапқан. Суретшінің, жалпы өнерге жақын адамдардың мансабында үлкен қиындықтар кездесетінін жақсы білеміз. Танай да осыған байланысты өз ойымен бөлісті:

“Жұмысымыздың жақсы да, қиын да тұстары бар. Мысалы, кейбір адамдар суретшіге жұмыс тапсырып, ақырында оған ақша да төлемей, оны алдап кетеді. “Аузы күйген үрлеп ішеді” дейді ғой, сондықтан біз осындай жағдайларға тап болмау үшін адамдармен жұмыс істегенде барлығын барынша қағаз жүзінде бекітуге тырысамыз. Кейде компания, фирмалармен жұмыс істеу барысында түсініспеушіліктер туындайды. Нақтырақ айтқанда, біз әлемдік тенденциядан қалыспай, ненің әдемі әрі сәнді екенін білген соң, фасадтардан өзіміздің шығармашылық жұмысымызды көргіміз келеді. Алайда ол жерге әкімшіліктің немесе фирманың тапсыры бойынша берілген жобаны жүзеге асыруымызға тура келеді. Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімшілігімен жұмыс істегенде, олармен эскиз жайында бірдей келісімге келу қиын. Ол жерде отырған бір адам жұмысыңды өзі түсінбесе, қоғам да түсінбейді деп бір шетке ысырып тастауы мүмкін. Біздің жұмыстарымыз этникалық туындылардың қатарына кіреді. Біз оларда құрақ көрпе, текемет сынды қазақ елінде ертеде пайда болған өнерді қолдану арқылы салт дәстүріміз жанданса екен дейміз. Дегенмен әлемнен қалыспай, заманауи болуға да тырысамыз”,- дейді суретші.

Көше өнерінің қыр-сыры: Граффити мамандары жұмыстарының қиын тұстарымен бөлісті.

Өнердің осы саласын меңгергісі келетін жастардың саны басым. Біз Repas шеберханасынының негізін қалаған , 15 жыл көше өнерімен айналысатын Андрей Repas есімді суретшіден граффитиді қайдан үйренуге болатындығын сұрастырдық:

“Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматы қаласында граффити мектебі жұмыс істеген болатын. Біз осы өнерді білгісі келетін адамдарды жинап, оларға граффитиді үйрететінбіз. Бірақ қазір әрқайсымыздың жеке жобаларымыз бар болған соң, жұмыс пен сабақты қатар алып жүру біз үшін қиын. Сондықтан бүгінгі күні мектеп жұмыс істемейді. Бірақ біз граффитиге қызығатын адамдарға суретшілердің еңбегін көрсету үшін тегін мастер-класстар өткізіп тұрамыз. Туындыларымызға келсек, олардың барлығы әртүрлі. Өйткені тобымызда жұмыс істейтін әр суретшінің өз стилі бар. Кейбіреуі граффитиден бөлек татуировка жасаумен, каллиграфия арқылы киімдер шығарумен айналысады. Шетелмен жұмысқа тоқталатын болсақ, бізді көршілес жатқан Ресей мемлекетіне көп шақырады. Осыдан бірнеше жыл бұрын Екатеринбург қаласында стенографияға байланысты жұмыс істеген болатынбыз. Жаңасібір, Новокузнецк қаласында өткен фестивальдарға да қатысқанбыз. Сонымен қатар, өзім де Еуропаны көп аралаймын. Жақында еуропалық көрмелерге қатысып, Орта Азияның суретшілері қалай жұмыс істейтінін көрсету жоспарда бар”— дейді ол.

Көше өнерінің қыр-сыры: Граффити мамандары жұмыстарының қиын тұстарымен бөлісті.

Көше өнерінің қыр-сыры: Граффити мамандары жұмыстарының қиын тұстарымен бөлісті.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады!

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

 

 

 

 

Талқылау