Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шоу-бизнестің табыс көзі екенін түсінген журналист әнші болып кетті (фото)

Танымал тележүргізуші Қазбек Қасымды ел соңғы кездері әнші ретінде тани бастады. Ең алғашқы туындысы екі баланы дүниеге әкеген жарына арналды. Көк жәшіктен сирек көрініп, тойдан жиі табылатын Қазбекпен Stan.kz тілшісі тілдесті.

– Қазбек, сәлем. Сіздің журналистикалық шеберлігіңізді бағалаушы көрермен іздеп жүрген сияқты. Неліктен отандық арналардан көп көрінбейсіз? Әлде ұсыныстар мен шақыртулар жоқ па?

– Тағы да сұхбатқа шақырғандарыңызға рахмет. Сіздің сайттың оқырмандары мені іздесе, бұл үлкен бақыт. Шынымды айтсам, тележүргізушілік жұмысым сәл сиреп қалғаны рас. Бірақ, мүлдем көк жәшіктен көрінбей кеттім деп айта алмаймын. Қызыммен бірге балаларға арналған бағдарламаның тізгінін ұстағалы біраз болды. Сирек көрінуімнің себебі – шақыртулардың жоқтығы емес. Менің талғамым мен ой-пікірімнің өскендігін. Бұл менсінбеушілік немесе тәкаппарлық, болмаса жұлдыздық емес. Қате түсініп қалмаңыздар. Қазір жас емеспін. Бұрынғыдай көңіл-күй көтеретін жеңіл бағдарламаларды жүргізуге аса құмар емеспін. Үлкен сараптамалық, халықтың көңілінен шығатын, ой салатын жобаларда төбе көрсеткім келеді. Әзірге өзіме ұнайтын қиялымдағы жобаға ұсыныс түспеді.

– Бәлкім, ойыңыздағы бағдарламаның тізгінін ұстау үшін өзіңіздің жеке продюсерлік орталығыңызды ащып, сол жобаны түсіру керек шығар? Қазір көптеген әріптестеріңіз жеке-жеке орталықтар ашып, телевизиялық жобаларды түсіріп жүр.

– Біздің де продюсерлік орталығымыз бар. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Жұмыстарымыз да халықтың көңілінен шығуда. Ал, телевизиялық жобаға кірісу оңай емес. Үлкен еңбек, қыруар жұмыс, бастысы тың әрі ерекше идея керек. Өзімнің армандап жүрген телевизиялық бағдарламалар бар. Алайда, әлі пісіп –жетілдіру керек.

– Бірақ, жобаңыз телеарналарға өтуі үшін қолдау көрсететін «үлкен ағаларыңыз» болу керек екен. Бұл рас па?

– Мен бұл сөзге аса қосылғым келмейді. Меніңше, сәтсіздікке ұшыраған жандардың ой-пікірі, таратып жүрген өсегі шығар. Егер идеяңыз керемет әрі өзгеше болса, кез-келген арна таласады. Себебі, оларға рейтинг керек. Өз басыма келер болсақ, жаңа істі қолға алмауымның себебі қорқақтық емес. Жай ғана әлі ол бағдарламалардың шикі болуы.

– Соңғы кездері әнші ретінде де байқап жүрміз. Бұл сіздің жаңа хоббиіңіз бе?

– Хобби деп айтуға болады ма, болмайды ма білмеймін. Осыдан бірнеше жыл бұрын музыкалық қабылетімізді сынайтын жобаға қатысып, бас жүлдені жеңіп алған едік. Сол кезде Ақбота екеуміз дуэт жазып, клип түсірсек деп жоспарладық. Бірақ, уақытымыз болмай, ойымыз іске аспай қалды. Керемет кәсіби әнші болмасам да, тойымызға келіп беріңізші дейтін жандар көбейе бастады. Сондықтан, өзімнің жеке авторлық әнімді жазуды жөн көрдім. Халыққа ұнаған сияқты. Жуырда тағы бір ән жаздырдым.

– Енді бейнебаян түсіру ойыңызда бар ма?

– Әрине, бар. Қазір қандай әнге қандай бағытта түсіру туралы ойланып жүрмін. Егер бейнебаян түсіретін болсам, міндетті түрде сізден сүйінші сұраймын.

– Сізді асаба ретінде тойға көп шақырады ма? Әлде әнші ретінде ме?

– Асаба ретінде де шақыратын жандар бар. Алайда, көбінесе ән айтып берсеңіз деп шақырады. Әншілік бұл қосымша табыс көзі. Әр аптада 2-3 рет тойға барып, қуаныштарына ортақтасып, қалтамызды қалыңдатып алсақ керемет емес пе?!

– Ал гонорар мәселесі қандай?

– Менің гонорарым мынадай деп төсімді ұрмаймын. Өйткені, жоғарыда айтқандай сондай керемет әнші емеспін. Одан бөлек той иесінің де қалтасына қарап, адамгершілікпен ойланғанды жөн санаймын. Гонорар туралы ақылдасып шешеміз.

– Қазір өзіңіздің актерлік қабылетіңізді де елге таныта бастадыңыз?

– Негізі, актер, әнші, асаба, тележүргізушілік бір өнер деген қазанның ішіндегі дүниелер ғой. Мысалы, тамақ пісірген кезде пиязды немесе тұзды қоспасаңыз асыңыз дәмді болмайды. Сол секілді өнер адамының бойында актерлік, әншілік, сөзге шеберлік болмаса аса қызықты болмайды. Ән айтатын адамның бойында әнді халыққа жеткізу үшін актерлік қабылет болу керек. Үлкен тойда көпшілікті өзіне қарату үшін сөзге тапқырлық болу керек. Бұл әрине, менің ойым. Бәлкім, біреулер келіспес. Бірақ, мен актерлердің нанын тартып жеп, жұмыссыз қалдыруды жоспарлап жүрген жоқпын. Маған телехикаяға түсу туралы ұсыныс түсті. Кастингке барып, бағымды сынадым. Жұлдызым жанды. Менде қуана кірістім. Көрген жандар жоғары баға беріп жүр. Ризашылықтарын білдіріп ғаламторда да өз пікірлерін жазады. Яғни, образды аша алған шығармын.

– Ендеше, өнеріңізге табыс тілейміз. Тағы да сүйінші жаңалықтарыңыз болса stan.kz оқырмандары алғаш болып қуана күтеді.

– Сіздерге де рахмет. Жақсы жаңалықтармен кездескенше.

Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.

Жіберіп алмаңыз:

Әнші Рүстем Жүгінісов: Екі бағытты қосып, бірге ән салсақ деген ойымыз бар (фото, видео)

Қайрат Нұртастың әйелі ойнаған фильм өз шығынын ақтай алмады

Айгүл Қосанова Бразилияда домбырадан шеберлік сабағын өткізді

Париждегі қазақ бишісі өнерімен Франция жұртын тәнті етіп жүр (фото)

Талқылау