Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның елтаңбасы туралы 10 мәлімет

Кез-келген мемлекеттің басты рәміздерінің қатарында елдің елтаңбасы әрдайым маңызды орын алады және тұтастай алғанда ел мен мемлекеттің мемлекеттік саясатын сипаттайтын айрықша белгі болып табылады. Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің маңызы, ондағы символдардың қандай мағына беретінін әр қазақ баласы біледі деп ойлаймыз. Бірақ елтаңбаның тарихы, қалай құрастырылғаны және оған қандай өзгерістер енгізілгені жайлы бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан Stan.kz ақпараттық агенттігі оқырмандарға Қазақстанның елтаңбасы туралы бірқатар танымдық деректер ұсынады.

Қазақстанның елтаңбасы туралы 10 ақиқат

«Елтаңба» терминінің шығу төркіні неміс тілінен бастау алады. Елтаңба немістің «erbe» сөзінен сөзінен шыққан, ол қазақ тілінде мұра деген мағына береді. Ол сол халықтың тарихына тікелей қатысы бар пішіндер мен заттардың айрышқа үйлесімінің мирастық ерекшелікбелгісі.

1. 1991 жылы 2 қазанда Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып, қазақ азаматы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа ұшқан болатын. Сол кезде ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ ғарышкерінің жүрек тұсында елтаңба үлгісінде көк аспандағы жұлдыз бен ай және шаңырақ бейнеленген. Ал ғарышкердің жүрек тұсындағы сол таңбаны белгілі сәулетші, елтаңба авторларының бірі Шот-Аман Уәлиханов құрастырған. Кейіннен сәулетшінің ғарышқа барып қайтқан бұл белгі-таңбасы біраз өзгерістерден өтіп, 1992 жылы болған мемлекеттік елтаңбаның конкурсына ұсынылды.

2. Елтаңбаның алғашқы макеті Өзбекстанда жасалып, жүк көлігіне жасырылып әкелінген.

3. Елтаңбадағы қос қанаттың бейнеленуінің де өзіндік бір тарихы бар. Гректердің аңызы бойынша Жеңіс құдайы саналатын қос қанатты Никаның бейнесі. Сондай-ақ, автор дінде де періштелердің қос қанатты болып сипатталатынына мән берген. Мұхаммед пайғамбарға аян берген төрт періште Жабраил, Мекаил, Израил, Исрафил де қос қанатты. Елтаңбаға қос қанатты пырақты бейнелеудің тағы бір себебі бар. Қазақ жерінен табылған алтын диедемадағы қанатты ат, қанатты адам, қанатты және мүйізді аттар мен таудағы қанатты барыстар да елтаңбаға қос қанатты пырақтың пайда болуына себеп болды. Екінші авторардың бірі Мәлібеков елтаңбадағы жоғарғы үш үлкен қанатты үш жүздің халқы деген мағынада жасаған. Ал оның астындағы үш кішкентай қанат – сол үш жүзден тараған қазіргі ұрпақ.

4. Елтаңбаның төменгі жағындағы «Қазақстан» деген жазудың екі шетіндегі арыстан мен бөрінің бейнесі кейінгі өзгерістер кезінде қосылған.

5. Елтаңба авторлары Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов бірін-бірі білмесе де, көрмесе де олардың жасаған елтаңба үлгісі қатты ұқсаған.

6. Кейбір деректерде елтаңбадағы кескін елтаңба бола алмайды және ол эмблема деп аталуы керек делінген. Бірақ шын мәнінде олай емес. Егер елтаңбаның қалқаны болмаса, онда ол елтаңба болып табылмайды деп қорытынылауға болмайды.

7. Қазақстанның елтаңбасын құрастыруда авторлар 293-тен аса жоба ұсынған.

8. Елтаңба авторы алғашында бесбұрышты жұлдыздың орнына ай мен күнді қоюды ұсынған болатын. Алайда, елтаңбада әрбiр адамның жол нұсқайтын жарық жұлдыз болсын деген нышанмен президент Нұрсұлтан Назарбаев елтаңбаға бесбұрышты жұлдыз енгізуді ұсынды.

9. Қазақстанның елтаңбасына 25 жыл бойы ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ.

10. Әліпбиді біртіндеп латын қарпіне көшіруді қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік рәміздердің бірі елтаңбаға өзгеріс енгізілді. 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап елтаңбадағы «Қазақстан» жазуы латынша “QAZAQSTAN” деп өзгертілді.

Талқылау