Қазақстандықтардың 80%-ы жалақысын алған кезінде жаратып жібереді
Қазақстандықтардың төрттен үш бөлігі өзінің материалдық жағдайына орташа және орташадан жоғары деп баға береді екен. Осындай әлеуметтік сауалнаманың нәтижесін әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Ілеуова жария етті.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Өткен жылы Қазақстанда халықтың материалдық жағдайын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізілген.
“Адамдардың басым бөлігінің айлық жалақысы ұзақ уақыттан бері өзгермеген. Ресми статистикаға сүйенсек, жыл сайын ең төменгі жалақы көрсеткіші артып келеді. Бұл мәліметтерді әсіресе жүргізіліп отырған саясаттың тиімділігін көрсету мақсатында мемлекеттік орган қызметкерлері жиі пайдаланады. Дегенмен, әлеуметтік сауалнама нәтижесіне сүйенсек, 2017 жылы төрт адамнан тұратын отбасында орташа кіріс 136 мың теңгені құрағанын анықтадық», – дейді әлеуметтанушы.
Сауалнамаға қатысқан респонденттерге өздерінің материалдық жағдайын: жақсы, орташадан жоғары, орташа және нашар деп бағалау ұсынылған.
«Көбінесе адамдар «орташа» деген жауапты таңдайды. «Орташа материалдық жағдай» деген не дегенді бағамдайтын болсақ, ол айлық кіріс 136 мың теңге екен. Мен осындай табыс туралы сөз етсем, әр аймақтағы адамдар: «100 мың теңге деген айлықты қайдан көрдің?» – деп шамданады. Өзім ұяламын, бірақ сауалнама нәтижесі осындай. Депутаттың мақаласын оқыдым, ол жақсы көрсеткіштер келтірді. Өткен жылы орташа әл-ауқат 4441 долларды құрады, бірақ медиана – 334 доллар. Яғни екеуінің арасы 13 есеге дейін», – дейді Ілеуова.
Сондай-ақ, респонденттерден ақшаны қалай жарататындары жайлы сұралды.
“14,5%-ы артық ақша қалдыратындарын, 40% бірден барлық жалақысын жарататындарын, ал 43%-ы үнемдей алған жағдайда, артылған ақшаны жинайтындарын айтты. Жалпы алғанда қазақстандықтардың 80%-ы жалақыны бірден жаратып жібереді екен. Халықтың 31%-ы ешқандай ақша жинамаған. Ал 42% жұмыссыз қалғанда, күн көру үшін ақша жинаған», – дейді спикер.
Сондай-ақ, әлеуметтанушылар материалдық жағдайдың төмендеп кетуі бойынша тұрғындардың пікірін сұрады. Айтуларынша, тауарлар мен коммуналдық төлемдердің артуы, жұмысқа тұрудың қиыншылығы, қосымша шығындардың пайда болуы, оның ішінде балалы болу салдарынан материалдық жағдай нашарлап кетуі мүмкін. Халық бағаның қымбаттап бара жатқанына, жұмыссыздыққа, кірістің аздығына немесе жоқтығына шағымдануда.
«Салыстырмалы түрде алғанда қазақстандықтардың басым бөлігі, яғни төрттен үш бөлігі материалдық жағдайын «орташа» немесе «орташадан жоғары» деп бағалап отыр. Алайда халық ішінде қаржылық қиындықтарға тап болған және ұзақ уақыттан бері көтеріле алмай жатқан адамдардың көптігін байқаймыз. Адамдар несие алу туралы жиі ойланады. Мәселен, тұрмыстық техниканы екінің бірі несиеге ала алмайды. Бірақ ескісін жөндеу үшін банктен қарыз алып жататындар бар», – дейді маман.
Тағы оқыңыз:
БЖЗҚ қорын басқаруды шетелдіктерге беру қарастырылуда
“Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша берілетін жеңілдетілген ипотека тоқтатылады
Теңгенің әлсіреуі автокөлік құнына қалай әсер етеді
Тазалық сақтау үшін қойларға жөргекқап кигізген иесі желі қолданушыларын күлдірді (видео)