Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасын қаншада құру керек: қазақстандықтар ең ыңғайлы жасты атады

Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі осы сұрақтың жауабын оңтүстік астананың тұрғындары мен қала қонақтарынан іздестіріп көрді.

“Қыз бала үшін күйеуге тиюге арналған жас маңызды емес деп санаймын. 25, 30 немесе 40 жас болсын, онда тұрған ешнәрсе жоқ. Әр бойжеткен бұл қадамға қашан баратынын өзі біледі. Жеке басым бірінші кезекте аяғыма нық тұрып алғым келеді. Сосын менімен деңгейі бірдей болатын өз жартымды кездестірсем деймін”,— дейді Айлин Балтабекова.

Ерте тұрмыс құрғанның пайдасы туралы осыған дейін де бірнеше мақалаларда жазылған. Алайда қазіргі уақытта мектеп бітіре сала жанұя құруға ұмтылған жастардың некелері кей жағдайларда ажырасумен аяқталатынын ескерген жөн.

“Қыз бала күйеуге жиырма жасында тисе, жігіт 28-30 жасында үйленсе жақсы. Өзім некеге тұрғанда 22-де едім. Ерте шаңырақ көтердім деп санаймын. Бірінші әйеліммен ажырасып, екінші рет 30-ға толғанда үйлендім. Еркектер дәл осы жасқа келгенде жанұяға үлкен жауапкершілікпен қарай бастайды ”, — дейді Дмитрий Журавлев.

Отыздан асқан соң күйеуге шығу ақылға қонымсыз деп санайтын жандар да жоқ емес.

“Кейбір адамдар отызға дейін де жетілмейді. Бірақ биологиялық сағат деген ұғым бар. Сондықтан қыз да, жігіт те 30 жасқа толғанға дейін отбасын құруы керек ”, — дейді аудармашы Ардақ Қанатова.

Қазақта “Болар бала он бесінде баспын дер, болмас бала отызында жаспын дер” деп бекерден-бекерге айтылмаған. Ерте үйленген Шыңғыс Асқаров есімді азамат алғашқы кезде жанұя құрғанда бірнеше қиындықтардың болғанын жасырмайды. Бірақ ол мойымай, әйелімен бірге барлығын жеңіп шыққанын айтты.

“Мен жиырма үштемін. Өзімнен үш жас кіші әйелім бар. Әрине, басында жанұя құруға әлі жаспыз, некеге отыратындай жасқа жеткен жоқпыз деген ойлар болған. Бірақ біз бәрін жеңіп шықтық. Қазір жұбайым екеуміз барлығын өзіміз жасауға тырысамыз. Ата-анамыздан көбінесе қаржылық емес, моральды тұрғыдан көмек алуға ұмтыламыз”, — дейді Алматы қаласының тұрғыны.

Қазақ менталитетінде қыз бала отызға дейін өз бақытын табуы керек деген түсінік бар. Испанияда отыздан асып барып неке құрған қалыпты жағдай саналады екен.

“Әр адамның жеке шешімі ғой. Испанияда жігіт те, қыз да 32 немесе 33-ке келгенде үйленулері тиіс деп саналады. Ал оған дейін жастар бар уақытын білім алуға, жұмыс істеуге арнайды ”, — дейді Испаниядан Алматыдағы KIMEP университетіне білім алуға келген Мария Адан.

XXI ғасырда әйелдер тек үйде отырып, бала бағумен айналысулары керек деген пікір артта қалып барады. Бүгінгі күні табысты кәсіпті басқарып жүрген ерлердің қатарында нәзік жандылар да бар. Әйтсе де, Алматыда 30 жылға жуық өмір сүретін Леонид Васильев қыз бала бәрінен бұрын ертерек үйленіп, ана атануы тиіс деп санайды.

“Әйелдерге ертерек тұрмыс құру қажет. Шамамен, 23 пен 27 жас аралығында. Себебі, әр бойжеткен бірінші кезекте ана бақытын танып, дүниеге кем дегенде бір перзентті алып келуі керек. Қазіргі уақытта әйелдер мансап қуып уақыттың қалай зымырап өткенін түсінбей қалады. Бала босануға шамасы жетпейді. Ал ер адамдарға отызда, отыздан аса үйленген жарасады”, — дейді Леонид Васильев.

“Үйлену оңай, үй болу қиын” демекші сауалнамаға қатысқан қала тұрғындары жанұя құрмай тұрып, сан мәрте ойлануға, асықпай дұрыс шешім қабылдауға бірауыздан кеңес береді.

 

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

 

Талқылау